Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ананың алғысын алған – Алланың разылығын алар

25.06.2026, 6:20 74

Марал – әжесінің Құдайдан мың, адамнан бір тілеп алған жалғыз ұлынан қалған аманат немересі. Әжесі Арыстанбабқа түнеп, Қожа Ахмет Яссауиге, Оқшы атаға, Қорасан атаға, Қошқар атаға қой сойып, зиярат етіп, қазақ елінде әулие қалдырмай аралап, басын тауға да, тасқа да соғып ұлынан ұрпақ қалғанын Құдайдан тілеген. Тепсе темір үзетін қылшылдаған жиырма бес жастағы ұлы көлік апатынан соң, қол-аяғы бүтін, сөзі дұрыс, ешкімге зияны жоқ, шеге де қағатын, аяқ машинамен тігін де тігетін, палау да басатын, тек бір ғана кінәраты түнде ұйықтамайтын дертке ұшыраған еді. Әжесінің ауруханада ұлының басында жылап отырғаны, үйде баласын адыраспанмен аластап жүретіні әлі көз алдында. Ұлы қырықтың қырқасынан асқанда әжесінің түсінде әулие Қошқар ата аян беріп, бір қолымен перзент беріп, екінші қолымен әжесінің көзінің жасын сүрткен соң, Марал дүниеге келген екен. Әжесі «Әулиенің екі қолымен перзент берсе, қошқардай ұл туар ма еді-ау…» деп жоритын.

Жетпіс жасында Жаратқанға жалбарынып жеткен сәби немересінің жұпар иісіне еміренгенде жалғанның жаңа парақтары ашылған. Перзентханадан «Волга» көлігімен Қызылорданы аралап, қырық күннен соң үш қой, бір баспақ сойып, шілдехана жасаған. Қырықты қармалаған қара баласы аппақ, ақ моншақтай бөпені бесікке тербетіп, қырық жылғы кеселдің қарымтасын қайтарғандай. Маралдың үстінен құс ұшырмай, шыбын қондырмай, ақ ұлпадай, сап-cары алтындай немересінің бетін қақпай, мәпелеп өсіріп, көрпе-төсегін құрап, ыдыс-табақтарын жинап, майлығына дейін тігіп, алтын жимаса да, өз әлінше жасауын жинап дайындаған болатын. Әжесі көп сөйлемейтін, дауыс көтермейтін, өте сабырлы, мінезі жайлы, жібектей биязы, өте мейірімді, шақшасынан насыбайын атып ұрып, ұршығын иіріп, жіп жасап, шұлық тоқитын. Пәтері бірінші қабатта болған соң, есіктері айқара ашық, келім-кетім қазақ, орыс, өзбек, кәріс, грек апалар үйден шықпайтын. Даладағы терезенің астындағы тапшанға самаурынды селкілдетіп қайнатып, дастарқанды жайып жіберіп, көршілермен тәтті шай ішетін. Қырық үй көрші кілтін, балаларын сеніп тастап кететін, елдің бәрі «мама» атайтын.

Он алты жастағы тәтесі Гүлнардың еңбегі орасан зор. Маралға «Малыш» деген сүтті пісіріп, кітапқа қарап, грамын өлшеп, бөтелкеге құйып беріп, қол-аяғын балғадай ғып бағып-қағып, адам болуына аналық мейірімін аямаған аса қадірлі жан. Маралды балабақшаға да, мектепке де қуыршақтай ғып киіндіріп, шашына ақ бантик тағып, жетектеп барып, алып қайтатын.

Марал анасының уыз сүтін ұртына алмай, шешесі шейіт болады, ал әкесі сегіз жасында қайтыс болған. Әжесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, жетім деген сөзді естіртпей: «Мара­лым бір жасқа толғанша, тірі жүрсем, одан соң мектепке барса, ертең өлсем арманым жоқ, тағы да Маралым мектеп бітіргенін көрсем, сол күні өлсем де, арманым жоқ» деген тілегі еселеп қабыл болды. Марал жоғары оқу орнына өз білімімен түсіп, тұрмыс құрып, дүниеге торсықтай ұл әкеліп, әжесіне шөбересінің қолынан су ішкізу бақытына да жеткізген болатын. Әжесі Маралға: «Жеті атадан қалған жалғыз қызсың, ешкімге ренжіме, көңілің қалса, қарғап-сілеме, қарғысың қатты болады, бір Құдайға тапсыр!» дейтін. Әжесінің емшегін арда емген, етегінде еркін еркелеген Марал біреуді қарғамақ түгіл, ренжуді білмейтін. Ақжарқын, жайдары, көпшіл, мектепте үздік, белсенді, үріп ауызға салғандай, көз де, көңіл де тоятын Марал өскенде жасық болмады, жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат көргенде: «Адамның көзі ала болмасын, Алланың көзі түзу болсын! Жеті атам мені жыламасын деп жер бетіне қалдырған!» деп көзінен тамшы жас шығармайтын қайсар еді. Қабағы ашылмайтындарды жақтырмай, бүріскен мысыққа бүрге үйір болатынын мәтелдеп айтатын. Алайда бала­лық шақтан қалған көңілінде бір кірбің болатын. Анам­ның суретін көрсем деген жүрегіндегі аласұрған арман алауы дамыл бермейтін. Анасы мен Маралды бір тылсым күш байланыстырып тұрғандай сезілетін. Мектеп бітіргенше әжесімен бірге ұйықтайтын Марал әжесінен абайлап сұрап еді: «Нағашыларыңа бауыр бассаң, сенен айыры­лып қалатындай қорықтым» деген соң, көңілі жарым кейуананың жүрегін жараламайын деген оймен ары қарай қазбаламайтын. Бірақ о дүние­де жүрген анасының суретінен жүзін көрсем, анамды жер бетіне шығарғандай қуанармын деген үнсіз үміті бар еді. Анасы туралы қайта-қайта сұрауға батылы жетпейтін, олай жасаса, бағып-қаққан, мәпелеп өсірген әжесіне сатқындық жасаға­ндай, өзін кінәлі сезінетін. «Әжемнің түйе қарап кеткеніне жиырма жылдан асса да, әлі де сол  сезімім  жоғалмады»  дейтін  Марал.

Әр адамның өзінің жүріп өткен өмір жолы, сан соқпағы, бұралаң бұрылыстары болады. Марал­дың өмірде болған әңгімесін өз сөзімен баяндайын.

«Жиырма екі жасқа толып, қатарға қосылып, бір кісідей жұмыс істеп, еңбек демалысына шыққан соң, сол балалықтан қалған жүрегімнің түбінде сақталған арманымды орындауға бел будым. Сәрсенбінің сәтті күнінде анамның суретін тапқан адамға беретін «Сүйіншім» деп арнап атаған ақшамды қалтама салып, жүрегім дүрсілдеген күйі мың үміт, бір күдікпен бісмілләмді айтып үйден шықтым. Сөйтіп АХАЖ-ға барып, қызметкерге ойымды айтайын десем, тілім күрмеліп, әріптерім адасып, аузымдағы сөздерім құралмай, қалай айтамын, не деп бастаймын, кібіртіктеп, кісі өлтіргендей кінәлі күй кештім. Ақыры оқталып, тоғыз ай көтеріп, мені туған анамды білуіме хақым бар, анамның миссиясы мені дүниеге әкелу болған шығар, бұл дүниеде рақат  көрмеген бейбақтың ең болмаса суретін тауып, аруағын разы қылайын деген оймен өзімді қайрап, қызметкерге тура қарап, әжемнің қызы болғанымды, анамның суреті сақталмай, қайтыс болған адамның паспортынан суретін көрсем деп, анамның туу туралы және қайтыс болғаны туралы куәліктерін көрсеттім. Қызметкер менің сөзімді тыңдап болған соң, маған күдікті, күмәнді көзімен бастан-аяқ шолып қарады да, қатыңқы қабақпен: «Қайтыс болған адамның паспорты бізде сақталмайды, қайда сақтала­тынын білмеймін!» деді. Бұл сөз соттың бал­ғасы тарс ұрған үкіміндей құлағымда қайта-қайта жаңғырып естілді. Қанша жылғы арманым көкке ұшқандай, кеудемдегі жылт еткен үміт сәулесі жалп етіп өшіп қалып, түтіні тұманға айналып, алдым­нан әлемнің бар есігі тарс жабылғандай, кеудем­нен  біреу кувалдамен ұрғандай еңсем сылқ түсті. Жүріп келемін, жүрегім аузымнан шығып жатқандай, анамның өлімін жаңа естігендей, дауы­сым шықпайды, өксігім жоқ, бірақ көзімнен жас парлап, жаңбырша жауып келеді. Сондағы ойым: «О, Алла, барша ғаламды, адамзатты жаратуға құдіретің жеткенде, бір жапырақ анамның  суретін  қимағаның  қалай? Қандай  жазығым бар еді?» деген сияқты сан түрлі ой маза­лап  жатқан еді.

Бір кезде көшеде кетіп бара жатқан орыс кем­пір бұрылып: «Девушка, вам плохо?» дегенін естіп есімді жидым. Көзімнің жасы таусылар емес, дүкенге барып су алдым да, екпінімді басып, бүгін жолым болмады, анама арнап жеті күлше таратып, бұйырған күні іздеп шығармын деген оймен таксиге отырдым. Таңертеңгі белсенді қарқыным мүлдем су сепкендей басылып қалды. Үйге келіп есікті ашайын десем, үйдің кілті жоқ, бағана дел-сал күй кешкенімде, дүкенде ұмытқаным есіме түсті. Кілтімді ұмыт қалдырғанымды Алланың маған берген белгісі деп түсіндім. «Анаңды бастап, іздедің бе, аяғына дейін ізде!» деп періштелер құлағыма сыбыр­лады. Сағы сынған бойымды тіктеп, еңсемді көтеріп, жылдам таксиге отырдым да, манағы дүкеннен үйдің кілтін алып, архивке бет бұрдым. Бірақ бұрынғыдан да өзіме сенімді едім, еш кідірмедім, архив қызметкеріне басынан бастап автоматтың атқан оқтарындай тоқтамастан толық түсіндіріп бердім. Ол да менің бас-аяғыма бір шолып қарады да, бірақ жылы шыраймен: «Қайтыс болған адамның паспорты бізде сақталмайды, паспортный столда болуы мүмкін» деді. «Мүмкін» деген сөз мұншалықты мейірімді, жаныма жағымды естілген соң, жүгіріп шығып, таксиге отырып, жалаудай желбіреген көңілімнің желкені зымырай жөнеліп, жақсылықтың хабары жақындағандай, арманым алдамайтындай «паспортный столға» жетіп келдім. Бұл ғимарат басқалардай емес, ғаламат зәулім, қызметкер де қасы-көзі қиылған керім сұлу сияқты, аспай-­саспай бәрін түсіндірдім. Ол да басымнан аяғыма дейін шолып қарады да, басын изеп, анам­ның туу туралы куәлігі мен қайтыс болғаны туралы куәлігін қолына алып: «Мен де әжемнің қызы болғанмын. Жағдайыңды адамгершілікпен түсініп тұрмын. Анаңның паспортынан суретін алып берейін, бірақ жарты сағаттың ішінде қайтаратын бол, әйтпесе, менің басым кетеді!» деді. Мұндай хабардан соң, алыстағы арманым алдым­нан қол бұлғағандай, санаулы секундтан соң, анам алдым­нан тіріліп келетіндей, сенер-сенбесімді білмей, қол-аяғым дірілдеп, дүкенге жүгір­дім, екі қолыма екі дорбамды торт, шай-пай, коньяк, тәттілермен толтырып, ентігіп қайтып келдім. Жаңағы қызметкер қолыма ұсынған кішкентай суретте беті домаланған, көзі бақырайған сары келіншек тұр. Қызметкер «Осы сурет пе?» деп сұрады. «Егер мен берген құжаттағы адам осы болса, дәл өзі!» дедім де, таңертең анамның «Сүйіншісі» деп атап алып шыққан пұлымды, тәттілеріммен қосып ұсындым. Ол кісі бас тартса да: «О дүниелік анамды жарық дүниеге шығардыңыз, Сізге разылығым шексіз!» деп бетінен сүйіп, рақметімді айттым. Өзім таксиге отырып, суретті сан түрлі қылып үлкейтіп, қызметкерге басым  жерге  тигенше  иіліп, мың алғысымды айтып  қайтардым.

Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Өлгенім тірілгендей, өшкенім лапылдап жанғандай, жауды жеңген жауынгердей қаһарман батырмын. Жарық дүниеге әкелген алақанымдағы анамның суретіне  қарай  берем, қарай берем…

Ұқсастық көрсем де, әжемнен аса алмаймын, маған қараған көзінің ішінде бір жұмбақ сыр бар сияқты… Анамның жанары бейкүнә, періште бала­ның көзіндей. Сыртқа шықсам, мас адамдай басым айналып, маған кең құшағын айқара ашқан табиғат түрлі-түсті кинодағыдай құлпыр­ған әлем әлдеқайда  әдемі  көрінді. Құстардың өзі маған арнап ән салғандай, ағаштар билеп, жапырақ­тары маған қол шапалақтағандай, самал желдің өзі маңдайымнан сипағандай, жер-жаһандағы бақытты адам болып үйге оралдым. Бағана АХАЖ-дан шыққанда, Құ­дайға неше түрлі күпірлік сөздерді ашумен айтқанмын. Көз жасымды көрген Аллаға асылық айтқаным үшін мың қайта кешірім сұрап, тәубе еттім. Қуанышым қойныма сыймай дереу енеме бәрін бүге-шіге­сіне де­йін баяндап бердім. «Сен қасқырсың ғой, жердің астында жатқан адамды тірілтетін шығарсың!» деп күлді. Бұл сөзіне еш ренжігем де жоқ, қайта бір үлкен ауыр жүк арқамнан түсіп, анам тіріліп кеп қауышқандай, іздегені табыл­ған адамның жан рақатына бөленген кү­йін кештім. Әкеммен бірге туған апаларымды шақыртып, «Мынау анамның суреті» деп көрсеткенімде, олар да соны растады. «Аруағы  бір аунап түскен шығар!» деп, анама Құран бағыштап, жеті күлшемді таратып, бір перзент­тік  парызымды  орындағандай  болдым».

Мұхаммед пайғамбардың өзі алты жасын­да анасынан  айырылып, алпыс жыл көрмеген анасын сағынып жылаған екен. Өзге ұлттарда қартайған ата-анасын тауға, ит-құсқа жем болсын деп, апарып тастайтын дәстүрі бар екенін білгенімде, денем түршігіп шошынды. Әлемде тек Шешенстан елінде ғана, қарттар үйі мен бала­лар үйі мүлдем жоқ екенін оқыған болатынмын. Көшеде қайыр сұраған ақ жаулықты ана көрсем, жүрегім елжіреп «асырап алсам ба?» деген ойға да келемін. Қазақ елі: «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ!» дейді. «Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келер!» дейтіні рас емес пе? Біреу жылдар бойы анасының бейнесін ең болмаса бір көзімен көруге зәру болса, басқасы біреудің арзан сөзіне еріп, анасына ала көзбен қарағанының өзі жүрегіне қанжар сұққаны емес пе? Біреу «ширк» дегенге еріп төрде тұрған ата-анасының порт­ретін шегесімен суырып алып сарайға лақтырып тастаған шірік ұл да шімірікпей жер басып жүр-ау… Анасына арамдық жасаған адасқан пенденің дөңгеленген дүниенің айналып келерін біле ме екен? Аналарымызды тірі кезінде қас­терлеп, қадірлегенге не жетсін, шіркін?! Жел бесіктен жер бесікке дейін пенденің пешенесіне жазылған тағдырдың қандай болатынын кім білсін? Ананың алғысын алмаған – Алланың  разылығын  қайдан  алсын?!

Анар ҚАРАЖАНОВА

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: