23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Қызылорда облысының Полиция департаментінде елге адал қызмет еткен, ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен, ІІО құрметті ардагері, полиция полковнигі Тұңғышбаев Серікбол Қуатбайұлын еске алуға арналған тағылымды кеш және «Сырдың саңлақ Серікболы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, жеке құрамы, марқұмның туған-туыстары, достары мен әріптестері қатысты.
Іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы ашып, қатысушыларға ізгі лебізін білдірді. Өз сөзінде ол Серікбол Қуатбайұлының ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы жемісті қызметіне тоқталып, оның кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы мен адами қасиеттері әріптестері арасында әрдайым жоғары бағаланғанын атап өтті.
Кеш барысында Серікбол Қуатбайұлының өмір жолы мен қызметін арқау еткен бейнебаян көрсетіліп, арнайы дайындалған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Жиналған қауым ардагердің құқық қорғау саласына сіңірген еңбегін еске алып, оның жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмыры жайында естеліктерімен бөлісті.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі «Сырдың саңлақ Серікболы» кітабының тұсаукесері болды. Кітапта Серікбол Қуатбайұлы Тұңғышбаевтың өмірі мен қызмет жолы, әріптестері мен замандастарының естеліктері, сондай-ақ ел игілігі жолындағы еңбегі туралы құнды деректер жинақталған.
Іс-шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетов сөз сөйлеп, Серікбол Қуатбайұлы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Ол марқұмның қызметіне адалдығын, азаматтық болмысын және әріптестері арасындағы зор беделін ерекше атап өтті. Сонымен қатар іс-шара барысында ішкі істер органдары ардагерлер қозғалысының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала ардагері марапатталды.
Өз естеліктерімен бөліскен әріптестері мен замандастары Серікбол Қуатбайұлының адамгершілік қасиеттеріне, кәсіби шеберлігіне және жастарға көрсеткен қамқорлығына тоқталып, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Кеш барысында марқұмның өмірлік серігі Гүлнұр Тұңғышбаева сөз сөйлеп, жұбайының өнегелі өмір жолы, отбасыға деген қамқорлығы мен қызметтегі жауапкершілігі туралы тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар кітаптың жарық көруіне атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Тағылымды іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық және рухани мазмұндағы әндер орындалды.
Іс-шара соңында қатысушылар Тұңғышбаев Серікбол Қуатбайұлының ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы адал еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретінін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!