Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірдің туристік әлеуетін арттыру жобалары қаралды

10.06.2026, 0:23 38

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр өңіріне арнайы келген танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымды қабылдады.


Кездесуде аймақ басшысы өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тарихи-мәдени мұраларды әлемге таныстырудың маңызын атап өтті.


– Ең алдымен, тарихы терең, бірлігі бекем Сыр өңіріне қош келдіңіз! Қызылорда облысы – ежелгі өркениеттердің ізі сақталған киелі мекен. Сыр бойындағы көне қалалар, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары Ұлы Жібек жолының мыңжылдық тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, біздің өңір табиғи ерекшеліктерімен де саяхатшылар үшін ерекше тартымды екені белгілі.
Бүгінде еліміздің туристік картасына «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Сығанақ» қалашығы және «Geopark Aral» жобасы енгізілген. Ал өңірлік деңгейдегі туристік нысандар қатарына «Ханқожа» көлі, Қорқыт ата мемориалдық кешені, «Қамыстыбас» көлінің курорттық аймағы, Жаңақорғанның балшық курорттары, «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтер, «Жанкент» қалашығы, «Ақтас» мешіті, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал ишан кесенелері кіреді. Осы тарихи орындарға ерекше қызығушылық танытып, әлем назарына ұсынғаныңыз үшін Сізге ерекше алғысымды білдіремін! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.


Өз кезегінде Дастан Мұхамедрахым Сыр жұртшылығының қонақжайлығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта отандық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.


Кездесу соңында аймақ басшысы құрметті қонаққа қазақы дәстүрге сай сый-сияпат табыстады.
Еске салсақ, жақында әлемге танымал тревел-блогерлер Қызылорда қаласына арнайы келіп, қайта жаңғыртылған Президент саябағын аралаған болатын. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенімен танысып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында түсірілім жүргізді.


Айта кетейік, бүгінде өңір туризмін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Өткен жылы облысқа 212,3 мың турист келген, оның 199,8 мыңы – ішкі турист, 12,5 мыңы – сыртқы турист. Салаға 54,4 млрд теңге инвестиция тартылған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: