САТИРА
Бес қабатты зәулім үй. Терезеден күн сәулесі тұп-тура төсекте аунап жатқан ауданның алдыңғы қатарындағы кәсіпкер Бекертуғанның сүйіп қосылған әйелі Қамысгүлдің май бөксесіне түсіп тұр. Қамысгүл Антальяда теңіз жағасында қыздырынып жатқандай шалқасынан жатыр. Жаман түс көрді ме, әйтеуір бүгін шошып оянды.
— Зоя, Зоя… — деп айғайлады…
Бұл бес қабатты, отыз екі бөлмелі үйде тек өзі, күйеуі және үй күтушісі Зоя тұрады. Жалғыз ұлы бар еді. Оны шетелге оқуға жіберді. Ата-енесін қаланың ауасы лас деп, ауылға апарып тастады. Кейбір бөлмесіне адамның аяқ баспағанына бес жыл болды.
Үйді елес жайлағандай, кейде қорқыныш туғызады. Бекертуған таң атпай офисіне кеткен еді.
— Қамысгүл, асүйде шай дайын тұр, жүріңіз, — деді Зоя.
Екеуі шай ішіп отыр. Үнсіздік. Қамысгүл қара уылдырықты майға араластырып, қою қара шайды жұтып отыр. Қолына абайсызда байқамай аудандық газетті ұстап алды. Бадырақ әдемі көзі амалсыздан газеттің бетіндегі мақалаға түсті.
«Кеше бір үй тоналды. Алтын-күміс бұйымдары қолды болды». «Теміржолдың арғы бетінде тіс салушы дәрігердің үйіне ұры түсті». «Екі зейнеткерді тонап кетіпті»…
Қамысгүлдің қабағы түйіліп кетті. Дереу теледидарды қосты. «Қайырлы таң құрметті көрермендер, бүгін түнде қалада көп үйді ұрылар жайлады. Аудандық Ішкі істер бөлімінің мәліметіне жүгінсек, ауданда ұрлық жасау күрт өсіпті. Қазіргі уақытта жүзге жуық үйге ұры түсті. Оның қатарында аудан әкімі мен прокурордың үйі де бар»…
Мына сөзді естіген Қамысгүл қызғаныштан жынданып кете жаздады. Ұялы телефонын алып Бекертуғанға қоңырау соқты.
— Сен қайдасың, үйге тез келші…
— Жай ма? Бір жерің ауырып қалды ма?
— Бол, тез жет…
Бекертуған шошып кетті. Қамысгүлдің кейде ұстап қалатын талмасы бар еді. Машинамен үлгере алмайтынын сезіп, ол ұшаққа мініп, жылдам ұшып келді.
— Қалайсың жаным, не болып қалды?
— Біз қашан тоналамыз? — деді де, Қамысгүлдің тілі күрмеліп талып қалды.
Үстіне бір шелек мұздай су құйып, әрең есін жидырды.
— Түсінсем бұйырмасын, не айтып тұрсың? — деп сасқалақтады Бекертуған.
— Жұрттың үйіне ұры түсіп, тым жақсы тоналып жатыр. Бізге ұрылар қашан келеді? — деп бақырып жіберді.
Бекертуған бір түрлі болды.
— Не мелшиіп тұрсың? Мына біз, күнде-күнде тоналып жатқандардан қай жеріміз кем? Үйде ақша жоқ па? Доллар жоқ па? Әлде алтын жоқ па?
— Шүкір, бәрі бар ғой.
— Ендеше неге тонамайды?..
Қамысгүл бәсекеден іші күйіп барады. Ертең бір отырмақта тоналған байлардың қатындары мақтанып, «біздің үйден анау ұрланды, мынау жоғалды» дегенде, Қамысгүл намыстан, кедейліктен өліп кетеді ғой. Әйелінің бір ауыз сөзін жерге тастамайтын Бекертуған облыстағы Қылмыскерлер Одағының төрағасы Баскесер Қалтақағаровқа дереу телефон шалды.
— Әлеу, Басеке, амансыз ба?
— Иә, иә, бұл кім екен?
— Ааа, бұл ауданда ауқатты бай адамдардың қатарында жүрген ініңіз Бекертуған ғой.
— Жақсы, тыңдап тұрмын.
— Бір кішкене шаруа бар еді, біздің үйге де бір ұры-қары жіберсеңіз.
— Ммм, енді оған кезекке тұрмасаң, қазір өзің білесің, бай көп. Күн сайын саны өсіп жатыр. Қылмыскерлер Одағы тонап үлгере алмай жатырмыз. Мекенжайыңыз бен жиған-тергеніңіз туралы біздің одаққа жазып жіберіңіз. Өтінішіңіз он бес күн ішінде қаралады.
— Жарайды, рақмет көп, көп…
Өтініш жазылды. Арада он күн өтті. Ақыры Бекертуғанның үйіне ұрылар түсті. Су жаңа «Мерседес» автокөлігі қолды болды. Сейфте тұрған қымбат брилианттар да ұрланды. Қысқасы, Қылмыскерлер Одағы тақырға отырғызып кетті. Бекертуған жүрегі ұстап ауруханаға түсті.
Ал, әйелі Қамысгүл болса риза, ұрланған заттарын айтуға асығып, ішіне сыймай жарылып барады…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: static9.depositphotos.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!