(Әзіл әңгіме)
Қазақтың әдет-ғұрпын зерттеп, орынды пайдалана білетін клуб меңгерушісі Малтон жаңа ырымдар ойлап тапты. Былайша айтқанда ол – ауылдың мәдениет министрі. Халқы еркелетіп солай атайды. Той-домалақ бола қалса, шерте-шерте шегірткей болып қалған ескі домбырасын арқалап елден бірінші жетеді.
Біз білмейтін құлақ естімеген ырым-жорымның сан түрін біледі. Қазақ бұрын төріне жын-шайтан жоламасын деп, сегіз өрім қамшы ілді. Ал, Малтон оны өзгертті. Үйіне қонақ жиі-жиі келсін деп, арақтан босаған бос шөлмектерді сылдырлатып қақ төріне шифонердің ішіне салып қойды. Ырымы қабыл бола қойды. Қонағы арылмайтын, көрпе-төсегі жиналмайтын болды.
Бірақ, бейшара әйеліне обал-ақ, ауылдың еркек біткені осы үйде таң атқаннан кеш батқанға дейін карта ойнайды. Ақша салмайды. Жұмыс жоқ, ақша қайдан болсын? Тыр жалаңаш шешінуге бәстеседі. Ұтылсаң, анадан туғандай күй кешесің. Ойбай-ай, кезінде ауылда түкірігі жерге түспей дүркіреп тұрған небір азаматың қазір картадан ұтылып, үйлеріне жалаңбұт кетіп бара жатыр.
Сол себептен ауылдың мәдениет министрі Малтонның ауласын сығалаушы көп. Клубта ештеңе болмаса да, үйінен қызық арылмайды. Аулада отырып-ақ мәдениетті көтеруге өз үлесін қосып жатыр. Ауылдың қаңғыбас иттері де осы үйді ториды.
Бүгін таң атпай әйел біткеннің бас атаманы Қиғаш жеңгей аяқ астынан жынданып ашу шақырды. Шыдамның да шегі бар ғой, оның байы Көбесбай картадан ұтылып, дамбалы сыпырылып үйіне күнде-күнде жалаңбұт қайтады.
Еркегінің әбірейі елге аян болды. Бұған Қиғаш қалай жынданбайды?
Япыр-ай, дегенмен де Көбесбайдың күнделікті бұл ұтылысы ауылдағы кейбір бойдақ келіншектерге ұнап жатыр. Келіншек демекші, өткенде Сораңбайдың семіз қатыны Шәпаш қалада стриптиз-кафеге барыпты. Таң қалыпты. Жылтырақ темірге жыланша жабысқан тыр жалаңаш қыздар би билегенде еркектер орнынан тұрып кетіпті.
Шәпаш осы көргенін ауылға әкелмек ойы бар. Өйткені, әйелі стриптиз билейтіндерің еркегі басқа әйелге көз салмайтын көрінеді. Ауыл үшін үлкен жаңалық. Қаңғыбас еркектердің әйелдері тізімге жазылып әлек. Бәріне сорайған труба керек. Мектепті күрделі жөндеуге жабады дегенді естіген биші жеңгелеріміз, жылу жүйесіне тартылған трубаларды кесіп-кесіп алып кетіпті. Қырсық қылғанда Көбесбайдың Қиғашына бір метр труба бұйырмапты. Ылғи қызықтан құр қалып жүреді.
Қаны басына шауып, зыр жүгіріп Малтонның үйіне келді. Масқара, тап осы сәтте мектеп директоры Құдабай картадан ұтылып, екі қолымен борбайын жауып тұр. Обалы жоқ, өзіне де сол керек. Мектептің мүлкі талан-таражыға түсіп жатқанда мұның карта ойнағаны несі? Көбесбайды қойшы, ол жұмыста жоқ адам. Дырдай директор ертең елдің бетіне қалай қарайды? Үйі ауылдың шетінде тұр. Екі шақырым жүру керек. Шартты орындамасаң, бір сиырдан қағыласың. Бұзауы жетім қалады. Ауылда жетім бұзаулар көбейіп кетті.
Ар қымбат па, әлде мал қымбат па? Мектеп директоры көп ойланбады. Басын нар тәуекелге тіккен Құдекең құйрығын жарқ еткізіп, үйіне қарай шаңды бұрқ еткізді.
Күн тимеген аппақ көтені айнадай жалтырап барады. Аққан жұлдыз секілді. Байғұстың басқа амалы жоқ. Сауып отырған жалғыз сиырынан айырылса, қызықтың көкесі сонда болады. Жаздың ыстығында қабағынан қар жауатын әйелі Қанзира Құдабайға бұл маңда бұтына шалбар кигізбесі айдан анық. Қиғаш бұл көріністі біраз қызықтап тұрды да:
— Әй, Малтон, картадан басқа ештеңе ойлап таппадың ба, клубқа неге артистер шақырмайсың, әлде қазақтың артистері шетел асып кетіпті ме? Ай сайын құр босқа айлық алуға ұялмайсың ба? — деп, Қиғаш бетіне айтып салды.
Малтонның мыжырайған қара қатынына мына сөздер жүрегіне қанжардай боп қадалды. Шаштаса кетейін десе, өзіне-өзі сенбей тұр. Қиғаштың ашуы жаман, алдына келгенді тістейді, артына келгенді тебеді. Төбелестен жеңілмейді. Талай адамды жер жастандырды. Оған сот жоқ. Бір жапырақ «справкасы» бар.
— Немене, байың картадан ұтылса, біз кінәліміз бе, мә алыңыз, — деп, Көбесбайдың жеңіліп, шешіп кеткен ішкиімдерін бетіне лақтырды.
Дер кезінде ортаға Малтон түспегенде қырғын төбелес басталып кететін еді. Жалынып-жалбарынып көзі қызара бастаған Қиғаш жеңгемізді әрең дегенде тоқтатты. Жасыратыны жоқ, ауылда әйелдердің төбелесі жиі-жиі болып тұрады.
Қиғаштың айғайы Малтонға оңай тимеді. Түнімен көз ілмеді. Жаңа ырымдар ойлады.
Ауылға артист шақырудың жолдарын қарастырды. Ойға батып жатып түс көрді. Түсінде ауыл көркі адам танымастай өзгеріпті. Қи теретін қазақ газ жағып отыр. Әншейінде машина түгілі адам жүре алмайтын көшеге асфальт төселіпті. Клубтың іші жап-жарық. Сахнада бір әнші домбырамен терме айтып отыр. Облыстық әкімшіліктен арнайы келген адамдар Малтонның омырауына жарқыратып орден тағып жатыр екен. Қуанғаннан айғайлап жіберді. Танауы таңқиып төсекте жатқан әйелі шошып кетті.
— Әй, жеті қараңғы түнде айғайлап жын қақты ма?
— Түс.
— Қайда түсем, әлде үстіңе біреу мініп алды ма?
— Түс көрдім, керемет түс.
— Рас па, ішінде мен бармын ба? — деді әйелі қуанып.
— Жоқсың.
— Әне, мені өңің түгілі түсіңде де көргің келмейді, — деп, ол ренжіп теріс қарап жатып алды.
Таңертең түнде көрген түсін ауыл әкімі Малшыбекке жеткізді.
— Үлкен жаңалық, өте керемет түс. Ауыл көркейеді екен. Бұйырса, клубқа артист келеді, — деп, әкім түсті жорыды.
Қолдау білдіріп, Малтонның арқасынан қақты. Болашақта ылғи жақсы түстер көруіне шын жүректен тілек білдіріп, алғыс хат беретінін айтты. Барлық ауыл тұрғындарын жаман ойдан аулақ болып, оңтайлы түстер көруге шақырды. Тіпті жақсы түс көретін адамдарға үй беретінін жасырмады. Ертеңіне қырдың басынан шаң көрінді. Шаң ауылға қарай жақындай түсті. Қас қағым сәтте бір автобус сау етіп клубтың алдына тоқтай қалды. Бала-шаға концерт көреміз деп мәз. Олар қазақша концерттің не екенін де білмейді. Анда-санда мектептің акт залына жын қаққан маймыл мен үлкендігі мысықтай ауру арыстаны бар цирктер келіп тұрады. Ал концерттің жөні бір бөлек қой. Малтонның түсі дәл келді. Дәу автобустың ішінен жасы ұлғайып қалған, қолында домбырасы бар бір кісі секіріп түсті. Басқа жан жоқ. Ауыл тұрғындары аң-таң. Біреулер, «баяғыда бір автобус әртістер келетін еді» деп жатыр.
— Айналайын, қарақтарым, амансыңдар ма? Бары осы ма, халық аз ғой. Менің концертімнің ұзақтығы көрермендердің санына байланысты, — деді, әлгі артист. Шамалы жөтеліп қояды.
— Аға, халық қазір жиналады, оған дейін мына сізге арналған ақ дастарқаннан дәм татыңыз, — деп, Малтон бір шөлмектің мойнын қиды. Сәлден кейін екіншісі, үшіншісі кетті. Бір кезде қызып қалған артист ағамыз домбырасын бұрады.
— Сіздерге арнап, «Ағайын» деген әнімді айтып берейін.
Жетпей жатқан жеріңді жеткізетін ағайын,
Өтпей жатқан билетті өткізетін ағайын,
Әртіс келді деп ауылға мал соятын ағайын,
Ағайыннан ажырап қайда концерт қояйын-ай…
— Ой, мың жаса, бәрекелді, адамның жүрегін елжіретіп езіп жібердің ғой, — деп Тұқаш шал көзіне жас алды.
Ол өзі он бес жыл болды, Қарақалпақ елінен көшіп келген еді. Сонда қалып кеткен ағайындарын сағынса керек. Бірақ, арыстай азаматтың жылайтындай реті бар. Тұқаш көші-қон басқармасы беретін квотаны әлі ала алмай жүр. «Елім, жерім» деп келгенде балалары екі қолына бір күрек таба алмай жұмыссыз, аш қасқырдай ұлып аспанға қарап отыр.
Аралдың ысталған қара балығындай күнге әбден қақталған, аузында жалғыз тісі бар тоқсанға келген әжеміз тұрып:
— Әй, әртіс бала, жыр айтып берсеңші, жыр тыңдамғалы қай заман, жыр тыңдайық…
— Мен жыртыңдайтын, жылтыңдайтын бала емеспін, не айтып тұрсыз, әже.
— Ал сен бала не айтып тұрсың, мен жыр, терме тыңдайық деймін.
— Ааа, әже, енді түсіндім, сіз үшін таң атқанша жырлаймын. Алпамыс жырынан үзінді. Кәне, ду қол соғамыз, — деп әншінің арқасы қоза бастады.
Басындағы бөркімен терін бір сүртті де:
— Жетпей жатқан жеріңді жеткізетін Алпамыс,
Өтпей жатқан билетті өткізетін Алпамыс,
Әртіс келді деп ауылға қой соятын Алпамыс
Алпамыстан ажырап қайда концерт қояйын-ай…
— Ой, әртісім-ай, әндерің бір-біріне ұқсас екен, мұндай өлеңді мен де айта аламын, — деп жас кезінде ауылды уысында ұстаған Малзия апамыз әдетінше шап ете қалды.
Әдемі көйлегін киіп тым жақсы концерт көріп отырған Кәметкен жеңгей атып тұрды.
— Әй, Малзия, атаңның басы айтасың, сен де дауыс та, кескін де жоқ…
Бұл екі апамыз осы ауылға келін болып түскелі, басы піспей, әлі төбелесіп келеді. Әп-сәтте қырғын төбелес басталып кетті. Көрермендер екіге бөлінді. Бірі жыр тыңдап жатса, екіншісі төбелесті тамашалап мәз. Ауылдың нағыз концерті, міне, осы. Учаскелік полиция келмегенде екі апамыздың қоятын түрі жоқ. Долы Малзия Кәметкеннің бір уыс шашын жұлып алыпты. Әйтеуір, уақытында концерт те, төбелес те бітті.
— Бүгін ауылда жақсы концерт көрдік. Мен өте ризамын. Халықтың атынан әнші ағамызға ат мінгізіп, шапан жауып, ауылдың бір көшесінің атын бергім келіп отыр, — деді Малшыбек әкім қисық көзілдіргін қолымен жоғары көтеріп.
Иә, қазір кім көрінгенге көше беретін болды ғой.
Алыстан келген әншінің көңілі тоқ. Өнеріме халқым риза дегендей қуанып тұр.
Ауық-ауық шиқылдап жөтеліп қояды. Денесіне суық жабысқанға ұқсайды. Арақтың буымен әрең тұр.
Сол-ақ екен клуб меңгерушісі Малтон баяғы ырымна көшті.
— Халайық, ауылға келген әртіске ырымдап үйдегі жүгірмектердің аузына түкірітіп алыңдар, атақты әнші болады. Бірақ бұрынғыдай босқа емес, ақылы, 500 теңге.
Малтон тегін концерттің есесін осылай шығарып алмақ ойы бар.
Былтыр ауыл тұрғындары сайлауға түсіп дауыс жинауға келген депутатқа түкіртеміз деп, таласып қалған еді. Бір түкірікке он дауыстан жинаған депутат сүрінбей өтіп кетті.
Қазір түк білмегендей парламентте отыр. Сол кезде түкірігі таусылған депутат таңдайы кеуіп, тамағы жабысып, ауруханадан бір-ақ шығып еді.
Мына сөзді естіген тұрғындар дереу түкіртуге кезекке тұрды. Тап сол күні шал-кемпір зейнетақы алған еді. Малтон ақшаға көміліп қалды. Түскен табыстың он пайызын өзіне, он бес пайызын селолық округке, қалған ақшаны артистің қалтасына салып берді. Кеш көңілді өтті. Әртіс келесі ауылға зытты…
Қызықтың көкесі ертеңіне басталды. Қиғаш жеңгеміз бастаған ауылдың барлық қатыны бір қолымен баласын жетектеп, бір қолына оқтау, күрек алып ауылдың мәдениет министрі Малтонның үйіне келді. Тура жұмыссыздықтан ереуілге шыққан адамдар сияқты. Зәресі кеткен Малтон қақпадан басын шығарып:
— Жайшылық па, не болып қалды?
— Оңбаған ауылға неге ауру әртіс шақырасың? Аузына түкірген балалар бәрі қызуы көтеріліп, мұрындарынан су ағып тұмауратып жатыр. Сол үшін басыңмен жауап бересің? — деді Қиғаш жеңгей көзін алартып.
Артында аяқ-табақпен қаруланған қырық қатын тұр.
— Апа, мен сендерді түкіртуге зорлаған жоқпын ғой. Тұмау тисе, дәріханадан дәрі алыңыздар, — дей бергенде, Малзия жеңгей қиқулап келіп Малтонды маңдайынан оқтаумен бір ұрды.
Ол талып қалды. Ауыл әкіміне шағым түсірді. Малшыбек заңсыз ереуілге шықты деген айыппен ауылдың біраз қатынын тәртіпке салды. Қиғаш жеңгемізді ереуілдің қолбасшысы, бүлікшіл деп, ауданға он бес күнге түрмеге қамады.
Міне, «қазақ ырым етеді, ырымы кейде қырын кетеді» деген осы болды.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: azbyka.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!