Қаладан 60 шақырым жерде «Ешкімүйіз» деген шағын ауыл бар. Сол ауылда аты шыққан Бұқабай деген таксист тұрады. Әйелі Меңтай азын-аулақ сауда жасайды. Үлкен ұлы Тәмпіш – студент. Жұмыс жоқ болса да, әр отбасы қалада бір-бір бала оқытып жатыр. Ауылдағы күнделікті жаттанды тірлік. Ел-жұрт кешкілік қорадағы малын жайлап, дастарқан басына жайғасатын кез. Бұл кезде ошақтың үстінде көмірдің шоғына пысылдап пұшық шәйнек қайнап жатады. Шай ішуге уақыт жоқ. Ауылдың бәрі көгілдір экран алдында көсіліп отыр. Түріктің кезекті телесериалы бітпей, ешкім ешқайда қозғалмайды.
— Қалада оқып жатқан балаңыздан телеграмма келді, — деп, есіктен айғайлаған пошташы қыз Шәпаштың жағымсыз дауысынан Меңтай елең ете қалды.
— Жүгірмек аман ба екен? — деді, Бұқабай.
Оқыс дыбыстан шошып кетті. Өйткені, қазір қалада жастар арасында қылмыс белең алып отыр. Өрімдей жеткіншектер бірін-бірі аямайды. Қолдарында бір-бір пышақ. Мал соятын қасапшылар сияқты.
— Бері әкелші, — деп, Меңтай Шәпаштың қолынан телеграмманы жұлып алып оқи бастады.
«Әке, апа, қалдерің қалай? Менің жағдайым өте қиын. 2010 жылдың 22 желтоқсан күні, таңертеңмен мұғалімдер қауымы ешқандай ескертусіз аяқ астынан күзгі сессияны бастап жіберді. Шегінерге шек жоқ. Ақша-қаражат таусылды. Күн суық. Сіздерден көмек керек».
Пештің түбінде алаңсыз аунап жатқан, тоқсан тоғызға келген Бұқабайдың шешесі Меңдібике әже телеграммаға құлағын түріп:
— Япырмай, Герман соғысы қайта басталды ма? Қорқып кеттім ғой… – деді.
— Әже, немістер емес, мұғалімдер студенттерге қарсы соғыс ашып жатыр, — деп, Меңтай Бұқабайға қарады. Бұқабай:
— Қорадағы қара қойды соямыз…
Сол-ақ екен «мен құрыдым» дегендей, қорадағы қара қой маңырап қоя берді.
Көже-қатыққа емес, студенттің сессиясына арнап сойылған қой бұтарланып ала сөмкеге салынды. Ертемен етті базарға апарып сатып, пұл қылып, баласының емтиханнан сүрінбей өтуіне жеткізу керек. Сары «Жигули» қалаға қарай жүйткіп келеді. Орта жолдан ала таяқ ұстаған жол сақшысы шыға келді:
— Жолдас азамат, құжаттарыңызды беріңіз. Машинаның жүк салғышын ашыңыз…
Соғымның кезі. МАИ қызметкерлерінің де ет жегісі келіп, тісі қышиды. Машинада қаны ағып, бір дорба ет жатқанын алты шақырымнан сезіп тұр. Олар өте иісшіл ғой. Бұқабай базарға бармас бұрын ауыл әкімінен қойдың сойылғаны туралы анықтама қағаз алуы керек еді. Оған уақыт таппады.
— Рас айтамын, қой менікі…
— Етіңді тәркілейміз, құжаттары жоқ, — деп, кіші сержант тамсанып таңдайын қағып тұр.
— Жарайды, Жаңа жыл келе жатыр екен, қойдың бір сан етін ала ғой. МАИ қызметкерінің де күтіп тұрғаны осы еді. Дорбада үш аяқты қойдың еті қалды. «Жигули» базарға қарай бет алды. Бұқабай базарға келе сала етті сатуға шығарды.
— Қойдың етін алыңыздар, жаңа сойылған ет, келіңіздер, алыңыздар.
Алдына екі аяғын әрең басып, түйенің жарты етіндей ақ халатты толықша келген әйел келді. Бұл қайдан келген пәле дегендей Бұқабайды сығырайған көзімен бір сүзіп қарап алды да:
— Еркек қойдың еті ме, әлде саулық қойдың еті ме?
— Әрине, саулық ту қойдың еті, қанша аласыз?
— Қалалық тазалық сақтау бөлімінің базардан ет сатып алғанын қай заманда көрдің, а? — деп, әлгі әйел қатты жекіріп тастады.
— Сонда қарызға алғыңыз келе ме?
Базарға бірінші рет ет сатып тұрған Бұқабай ештеңе түсініп болмады. Ақ халатты әйел белін таянып:
— Сойылған қойдың қағазы бар ма?
— Қандай қағаз?
— Ол – жай қағаз емес, анықтама қағазы. Яғни, бұрын қойыңыз қозы кезінде жұқпалы аурумен ауырды ма? Болмаса, ауру қошқармен ойнап қойған жоқ па? Еті арам ба әлде адал ма? Сол туралы анықтама керек. Енді ұқтың ба?
Бұқабай тағы бір ет жегіштің тап болғанын енді түсінді.
Дереу төсқалтасына қолын сұғып:
— Ойбай, ондай қағазым бар, ауылдан мал дәрігері Қоңқыштан алғанмын. Мінеки, қойымның есі түзеу, еті жеуге жарамды делінген. Бірақ, ауылда қандай қошқармен қыдырғанын білмедім.
— Жоқ, жоқ, бұл ауылдың анықтамасы қалаға жарамайды. Біз өзіміз тексеруіміз керек.
— Нені тексересіз?
— Етті тексереміз.
— Айналайын, анда-мында шапқылап жүргенде етім шіріп кетер, тексеретін етіңді осы арадан кесіп алып тексер. Мен бұл етті тезірек түске дейін сатуым керек, — деп, Бұқабай сасқалақтады.
Қалалық тазалық сақтау бөлімінің маманы етке ұзақ қарады да:
— Жарайды, бүгінге бір аяғы да жетеді, — деп, қойдың артқы сан етін пакетіне салып алды.
Бұқабай қойдың екінші аяғынан айырылды. Баласының сессиясына деп арнаған еті көрінгеннің дорбасына кетіп жатыр. Енді қойдың екі аяғы қалды. Ентігіп тағы біреу келді:
— Етің қалай семіз бе? — деді тамсанып.
— Әрине семіз, алыңыз, өзім қолдан семірттім.
— Қалай жақсы өтіп жатыр ма?
— Әлі сатып алушылар келмей жатыр.
— Ет өтеді. Өзі аз қалыпты ғой. Мен базарда салық алушымын, сатып тұрған жеріңізге ақша төлеңіз.
— Қанша?
— 3000 теңге.
— Шырағым-ай, етім әлі өткен жоқ, қалай төлеймін?
— Білмеймін аға, маған сатып тұрған жердің ақшасын төлеңіз, болмаса базардан тайып тұрыңыз, бол, бол, уақыт жоқ, кетіңіз, — деп, Бұқабайды жұлқи бастады.
— Құдай-ау, енді қайттім, бір амалы жоқ па, мүмкін кейінірек ет өткесін бір соғарсыз?
— Жоқ, болмайды, ендеше сол 3000 теңгенің орнына қойдың бір сан етін беріңіз.
— Жарайды, мә, алыңыз…
Одан кейін қойдың соңғы аяғын базардың қожайыны арқалап алып кетті. Қойдың жалғыз қу басы қалды. Бұқабай іштен тұнық ойға кетті: «Басты кімге сатам? Әлде, ұлыма апарып берсем бе екен, ең болмаса құйқаның ыстық сорпасын ішіп мәз болады. Әттеген-ай, баламның сессиясына деп атаған қойым көрінгеннің қолында кетті-ау. Енді ауылдағы қатыныма не бетімді айтамын?». Ойын базар күзетшісі бөліп жіберді:
— Ағасы, не қалғып отырсыз? Жұмыс бітті, базар жабылып жатыр. Тез шығыңыз, – деді.
Кеш батты. Басты арқалап, базардың бұрышындағы талдың түбіне барып отырды.
Бір кезде қу басқа тіл бітті:
— Қожайын, дат! — деді.
Бұқабай шошып кетті.
— Датың болса, айт, — деді.
Қойдың қу басы:
— Бәрі кеш. Бүгін ертерек үйге қайтыңыз. Етімнің бәрі босқа кетті деп, ренжіме. Сабырлық таныт. Бәрінен бұрын басыңның амандығын тіле. Қазір біреудің ақысын біреу жеп, байып кететін заман. Ал, сенім артып жүрген Тәмпіш деген ұлыңыз ол сабаққа бармайды. Көше қыдырады. Кешкілік қыздармен отырмаққа барады Ол ақыры емтиханнан мұрттай ұшты…
Біреу иығынан түртті. Бұқабай жалт қарады. Желкесінен жол полицясының қызметкері төніп тұр:
— Жолдас азамат, машина сіздікі ме?
— Иә, менің көлігім…
— Олай болса, 5000 теңге айыппұл төлейсіз.
— Не үшін?..
Бұқабай тағы шошып кетті.
— Көлігіңізді рұқсат етілмеген жерге қойып қойыпсыз, — деді жол сақшысы ала таяғын айналдырып.
Қармағына шортан болмаса да, сазан ілініп тұр. Байғұс Бұқабайдың қалтасында көк тиын жоқ. Ауылға жететін жағармайы бар, әйтеуір. Басына бір амал сап ете қалды:
— Айналайын, мына үйтілген қойдың басын алыңыз.
— Неге?..
— Айыппұлдың орнына, басқа ештеңенің ыңғайы болмай тұр, — деп, Бұқабай жалынды.
Жол сақшысы қарсы сұрақ қоймады. Қойдың басын қойнына қыстыра салды.
Бір қойдың етінен айырылған Бұқабай көлігімен ауылына қарай тартты.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Мәдениет қайраткері
Фото: media.baamboozle.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!