Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баспана берудегі бәсеке немесе үй кезегіндегілердің үні

02.04.2026, 9:00 58

Қызылордада баспана жайы қашанда жұрт назарынан тыс қалған емес. Қай кезеңде де ел арасында ең көп айтылатын мәселенің бірі – осы. Себебі шаңырақ көтеру, бала-шағаны кең қонысқа жеткізу, жылдар бойы кезекте тұрып, ақыры бір күні кілтке қол жеткізу – қарапайым жұрт үшін сағына қауышатын сәт. Бұл арман-тілек ақталса, билікке деген сенім де бекиді. Дәуірлеудің де қиындығы сол, инфрақұрылымды ілгерілетіп, халықтың құтты қонысы мәселесін түгел шешу ұзақ уақытқа созылады. Бірақ аз уақытта ағайынның біразы баспаналы болғанын естіп, жан жадырап, көңіл шат болғанын тілге тиек еткеніміз жөн. Қызылордалықтардың қазіргі жанайқайы баспанадан басқа бағытқа өзгеруге сәл қалған секілді. Себебі, өңірде үй берудің үлгісі үздіксіз іске асып келеді. Десе де, жыл сайынғы санға қарап, статистиканы «қолдан тоқтатып отыр» деп жорамалдайтындар да бар. Сонымен, сырбойылықтар  соңғы  үш  жылда  қанша  тұрғын  үйдің  кілтін алды?  Шолу  жасап  көрейік.

Бірден статистикадан бастасақ. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылдан кейінгі кезең­де өңірде тұрғын үй беру қарқыны бұрынғыдан едәуір үдей түскен. Облыс әкімдігі 2022-2024 жылдары кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер берілгенін, кейін бұл көрсеткіш 5148 пәтерге жеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ 2023 жылдан бері барлық аудан­да  жаңа  тұрғын  үйлер  салынып,  сол  жылы  – 430, 2024 жылы – 1015, 2025  жылы  332  пәтер  пайдалануға  берілгені  жарияланды.

Алайда әлеуметтік желідегі пікірлерге мән берсек, бір тарап өңірде құрылыс көбейге­нін  алға  тартса, екінші тарап «кезек неге баяу жылжиды?», «пәтер нақты кімдерге  беріліп  жатыр?», «жылда жаңа үйлер тапсырылады, бірақ талай жылдан бергі кезек неге қысқармайды?» деген сауал қояды. Мұның өзі мәселенің жалғыз ғана  құрылыс  қарқынымен  өлшенбейтінін  аңғартады. Сол  үшін  оқырманның сауалына сәйкес,  аймақта  қарқын алған құрылыстың қазіргі беталысы мен бұған  дейінгі  тұрғын  үй  табыстаудың  айналасында  ақпарат  бере  өтейік.

Тұрғын  үй  кілтін табыстау рәсімі тек облыс орталығында емес, аудандарда да тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Тіпті, әкімдік үй беруде үнемі несиемен ғана емес, арнайы әлеуметтік осал топтардың да талап-тілегіне назар  аударады. Тұрғын үй табыстаудың бірнеше арнасы бар. Біріншісі – аудан  орталықтарынан  және  Қызылорда  қаласынан дайын пәтерлер сатып алып, әлеуметтік осал топтарға беру. Екіншісі – жаңа көпқабатты үйлер салу. Үшіншісі – өңірлік бағдарламалар мен салалық қызметтік баспаналар. Мәселен, әкімдік мәліметіне сәйкес, 2023 жылы жергілікті бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлініп, аудан орталықтарынан 429 пәтер  сатып  алынып,  халыққа табыс­талған. 2024 жылы бұл бағыт күшейіп, 14,7 млрд теңгеге 1015 жаңа пәтер сатып алынған. Ал 2025 жылға тұрғын үй сатып алуға 43,8 млрд теңге қаралып, 2598 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның  ішінде  әлеуметтік  осал топтарға арналған 1988 пәтердің бір бөлігі Қызылорда қаласына, қалғаны Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған және Қармақшы  аудан­дарына  бөлінбек  болған.

Тұрғын үй салу жөніндегі соңғы 3 жылдағы статистикаға шолу

КөрсеткішСанКезең / жылЕскертпе
Кезекте тұрған азаматтарға табысталған пәтер51482022 жылдан кейінгі кезеңОблыс әкімдігі материалдарында көрсетілген
Жаңадан салынған және берілген пәтер4302023Соңғы 3 жыл ішіндегі көрсеткіш
10152024Соңғы 3 жыл ішіндегі көрсеткіш
3322025Соңғы 3 жыл ішіндегі көрсеткіш
Жаңадан салынған және берілген пәтер жиынтығы17772023–20253 жылдық жалпы көлем
Пайдалануға беру межеленген тұрғын үй869,3 мың ш.м2024Жалпы тұрғын үй көлемі
Мемлекеттік бюджеттен қаралған қаржы34,1 млрд тг2024Тұрғын үй бағытына
Жоспарланған пәтер2,5 мыңнан астам2024Мемлекеттік бюджет есебінен
Қоныстойын тойлаған отбасы750-ден астам2024Жыл басынан бергі көрсеткіш
Салынуы жоспарланған тұрғын үй2477 пәтер2025Құрылыс көлемі
Қаралған қаржы36 млрд тг20252477 пәтерлік құрылысқа
Табыстау жоспарланған пәтер24002026Кезекте тұрған азаматтарға
Жоспарланған қаржы55,6 млрд тг20262400 пәтерге

2022 жыл: қала және аудандар бойынша тұрғын үй табыстау статистикасы

ӨңірТабысталған тұрғын үй / пәтер саны
Қызылорда қаласы100 отбасы
Арал ауданы 
Қазалы ауданы 
Қармақшы ауданы 
Жалағаш ауданы 
Сырдария ауданы 
Шиелі ауданы 
Жаңақорған ауданы 

2023 жыл: қала және аудандар бойынша тұрғын үй табыстау статистикасы

ӨңірТабысталған тұрғын үй / пәтер саны
Облыс бойынша жиынтық430 пәтер
Қызылорда қаласы
Арал ауданы50 отбасы
Қазалы ауданы 
Қармақшы ауданы 
Жалағаш ауданы 
Сырдария ауданы 
Шиелі ауданы 
Жаңақорған ауданы 

2024 жыл: қала және аудандар бойынша тұрғын үй табыстау статистикасы

ӨңірТабысталған тұрғын үй / пәтер саны
Облыс бойынша жиынтық1015 пәтер
Облыс бойынша жалпы табыстау2500-ден астам пәтер
Қызылорда қаласы150 отбасы
Арал ауданы 
Қазалы ауданы 
Қармақшы ауданы 
Жалағаш ауданы 
Сырдария ауданы 
Шиелі ауданы 
Жаңақорған ауданы 

2025 жыл: қала және аудандар бойынша тұрғын үй табыстау статистикасы

ӨңірТабысталған тұрғын үй / пәтер саны
Облыс бойынша жиынтық332 пәтер
Қызылорда қаласы100 пәтер
Арал ауданы150 пәтер / 75 тұрғын үй
Қазалы ауданы80 пәтер / 40 тұрғын үй
Қармақшы ауданы50 пәтер / 25 тұрғын үй
Жалағаш ауданы111 пәтер / 56 тұрғын үй
Сырдария ауданыАшық ресми жария дерек табылмады
Шиелі ауданы22 пәтер / 11 тұрғын үй
Жаңақорған ауданы124 пәтер / 62 тұрғын үй

Қызылорда облысындағы тұрғын үй саясатының соңғы жылдардағы беталысын бағалау үшін құрылыс санына ғана емес, сол жұмыстың жыл сайын қалай ұлғайғанына, қай тұста қарқын алғанына, қай бағытта кеңейгеніне де мән берген жөн. Осы жағынан келгенде, өңірдегі баспана саясатының ауқымы артқанын ашық айтуымыз керек. Мәселен, 2024 жылы 869,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межеленгені айтылды. Әрі соңғы екі жылдың өзінде ақпарат беттерінде 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесі шешілгені айтылды. Оның үстіне мемлекеттік бюджет есебінен 34,1 млрд теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер беру жоспарланғаны, ал жыл басынан бері 750-ден астам отбасы­ның  қоныстойын  тойлап  үлгергені  де  жарияланды.

2025 жылдың басында жарияланған ақпаратта өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2,5 мыңнан астам пәтер табысталғаны айтылды. Ал 2026 жылғы наурыздағы дерекке қарағанда, 2025 жылы 2477 пәтерлік тұрғын үй салуға 36 млрд теңге қаралған. Бұл қарқын келесі жылға да жалғасып, 2026 жылы кезекте тұрған азаматтарға 2400 пәтер табыстау үшін 55,6 млрд теңге жоспарланғаны хабарланды.

Мұндай қозғалыс облыс орталығымен ғана шектелмей, аудан­дарда да іске асып жатқанын байқаймыз. Арал ауданында 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік осал  топтарға  арналған 150 пәтерлік 75 тұрғын үй табысталды. Жыл соңына қарай сол ауданда тағы 60 пәтерлік 30 тұрғын үй берілді. Қазалы ауданында 2024 жылы 148 пәтерлік 74 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2025 жылдың соңында оған 80 пәтерлік 40 тұрғын үй қосылды. Жалағаш ауданында 111 пәтерлік 56 тұрғын үйдің кілті тапсырылды. Жаңақорған ауданында өткен жылдың басында 124 пәтер­лік  62  тұрғын  үй ел игілігіне берілді. Бұған қоса, сол ауданға қатыс­ты ресми мәліметте 2023-2024 жылдары 174 пәтерлік 87 тұрғын үйдің  жерлестерге табысталғаны да көрсетілді. Қармақшы  ауда­нында  2023-2024 жылдары 207 пәтерлік 103 тұрғын  үй сатып алынып берілгені айтылса, кейін  оған  тағы 50 пәтерлік 25 жаңа үй қосылды. Шиеліде 2024 жылдың желтоқсанында  22 пәтерлік 11 тұрғын үй тапсырылып, артынша 30 пәтерлік 15  тұрғын  үйдің  ел игілігіне  берілгені  хабарланды.

Қызылорда қаласының өзінде де соңғы жылдары құрылыс шоғырланып, жаңа ықшамаудандар мен көпқабатты үй легі көбейді. 2024 жылғы тамызда Жаппасбай батыр көшесіндегі үйлер­ден 150 пәтер әлеуметтік осал топтарға тапсырылды. 2025 жылдың  қаңтарында  «Сыр  жастары»  өңірлік  бағдарламасы  аясында   100 жас отбасы  100   пәтерлік  екі  үйден  баспана  алды.  Сол  жылдың  желтоқсанында сол жағалаудағы 9  қабатты екі үйден 240 пәтердің кілті берілді. Жыл басында Титов шағын ауда­нындағы 135 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сол жағалаудағы 400 пәтерлік 10 тұрғын үйдің  кілті табысталды. Осымен бірге, мәдениет саласы қызметкерлеріне 40 қызметтік пәтер, денсаулық сақтау саласы маман­дарына  арнал­ған 100 пәтерлік тұрғын үй салу шешімі айтыл­ды.

Статистика өскен сайын күмәннің де қоса өсуі алғаш қара­ғанда түсініксіз көрінуі мүмкін. Қағаз жүзінде мыңдаған пәтер беріліп жатыр, аудандарда кілт табыстау рәсімдері көбейді, қала­да жаңа көпқабатты үйлер бой көтерді. Бірақ ел ішіндегі әңгімені тыңдасаңыз, жұрттың бағасы басқа өлшеммен бағамдалып жүргенін байқадық. Шынын айтқанда, тұрғындар облыс бойынша қанша пәтер тапсырылғанын санап отыр­майды. Ол өзінен бұрын кезекте тұрған кімнің үй алғанын, өз нөмірінің қанша жыл бойы тапжылмай тұрғанын, кеше берілген баспананың бүгін кімнің еншісіне тигенін білгісі келеді. Мемлекеттік есеп үшін мыңдаған пәтер үлкен көрсеткіш болуы мүмкін. Ал баспанаға мұқтаж отбасы үшін мәселе «менің кезегім қай жерге жетті?» деген сауалдың айналасында ғана.

Түйіннің тарқамай тұрғаны да осыда көрінеді. Әкімдіктер немесе мемлекеттік мекемелер көбіне облысқа ортақ жинақ­талған санды сөйлетеді. Бір есепте 5 мыңнан астам пәтер айтылады, кейін 5148 деген нақтыланған көрсеткіш беріледі, тағы бір жерде 1777 жаңа пәтердің пайдалануға берілгені көрсетіледі. Ал анығында, мұның бәрі – өңір бойынша айтылған көрсеткіш. Жұрт үшін жалпы саннан гөрі бөлудің тәртібі, тізімнің ашықтығы, өз өтінішінің қозғалысы әлдеқайда маңызды. Сол себепті ресми есеп  жұртты  толық  иландыра алмай жатқан тұс та – осы.

Өткен жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азамат­тарды есепке қою мен бөлу жүйесі Отбасы банк платформасына көшірілді. Былай қарағанда бұл адам уақытын үнемдеу секілді көрінеді. Сол үшін де, мұндай өзгерістің жұрт арасында жаңа күдік туғызуы да заңды. «Ескі кезек қалай сақталады, бұрын тіркелгендер мен кейін қосылғандардың арасы қалай ажыратылады, жаңа жүйеде қай санатқа қандай басымдық беріледі?» деген сауал дәл осы кезеңде жиі қойыла бастайды. Демек, халықтың әлеуметтік желідегі пікірін жалаң наразылық ретінде бағалау шындыққа сыймайды. Сол үшін салада­ғы  сынға  ашықтық  әрекетін  қосса  дейміз.

Иә, баспанаға қатысты күмән мен күдік мұнда бұрыннан бар. Жыл сайын кілт табысталғанда жұрттың қуанышымен бірге салыстыруы да қатар жүреді. «Кім алды, қандай санатпен алды, қанша жылдан бері кезекте тұрды, неге біреудің кезегі ілгері, енді біреудікі баяу?» деген сұрақтар содан туады. Өткен апта соңында облыс әкімінің жеке қабылдауында да осы мәселе сөз болды. Сол күні көтерілген мәселелердің ішінде тұрғын үйдің алдыңғы қатарда тұруы, баспана жайы өңір үшін әлі де ең ауыр әлеуметтік сұраныстың бірі екенін анық айқындап тұр.

Тағы бір айта кететіні, баспана алған соң, да шаруа шаш ­етек­тен. Көпшілік оның сапасына да қарайды. «Қабырғасы қалай қаланды, инженерлік желісі дұрыс па, ауласы абаттандырылған ба, қыс түскенде жылу жеткілікті ме, мердігер ертең анықталған кемшілікті түзете ме?» деген сауалдар болатынын қоса өтсек дұрыс шығар. Мұндай бақылаудың бекер емес екенін жыл басында жаңадан салынған тұрғын үйлер мен әлеу­меттік нысандардың жай-күйі арнайы қаралып, пайдалануға берілген ғимараттарды қайта зерделеу жөнінде тапсырма берілгенінен көруге  болады.

Бір жағынан, 2022 жылдан бергі аралықта құрылыс көлемі де, пәтер тапсыру қарқыны да анық өсті. Мұны 2022 мен 2024 жылдары берілген 5 мыңнан астам пәтер, кейін нақтыланған 5148 пәтер, 2023 пен 2025 жылдары пайдалануға берілген 1777 жаңа пәтер және кейінгі кезеңдерге жоспарланған ірі қаржы көлемі аңғартады. Екінші жағынан, осы қозғалыстың өзі қоғамдағы сенімді толық орнықтырып үлгерген жоқ. Өйткені халық үшін баспана саясатының шын бағасы салынған үйдің санымен емес, сол үйдің кімге, қандай тәртіппен, қандай сапам­ен жеткенімен өлшенетіні түсінікті емес пе?! Қарапайым тілмен айтқанда, Қызылордада үй салынып, кілт табысталып жатыр. Бірақ халықтың көкейіндегі әңгіме – әділдік жайында. Салмақ сатылаған сайын арта беретінін түсінген қоғам оны жеңілдету үшін, мәселемен күреседі. Мәселені қозғаушы қауым­мен емес. Ол үшін яки сатыдан түсу керек, яки белге жеңіл шоқпарды байлап алған жөн. Мұндағы шоқпардың салма­ғын  жеңілдететін  әрекет – ашықтық  пен  әділдік.

Ал баспана базарындағы баға туралы кейінірек тағы шолу жасап  көрерміз.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: