Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесті. Басқосуда өңірлік су ынтымақтастығын нығайту, қор жұмысының тиімділігін арттыру және 22 сәуірде Астанада өтетін ХАҚҚ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері талқыланды.
Жиынға Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары, Су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Жээналиев, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, сондай-ақ Қазақстанның салалық министрліктері мен ведомство басшылары қатысты.
Кездесуде Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығы биыл аяқталатыны да айтылды. Осы кезеңде жинақталған тәжірибе мен бастамаларды жалғастырудың маңызына ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды сақтау мен трансшекаралық су ресурстарын ұтымды басқару мәселесін басым бағыттардың бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, отыз жылдан астам уақыттан бері Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азия елдерінің су, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы өзара ықпалдастығын қамтамасыз етіп келе жатқан негізгі өңірлік алаң саналады.
Жиында су саласын цифрландыру мәселесі кеңінен қозғалды. Әңгіме Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлуді қамтитын бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу жайында өрбіді. Үкімет басшысы цифрландыру мен нақты есеп су пайдаланудағы ашықтықты арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ сенімді дерек пен бірлескен мониторинг мемлекеттер арасындағы өзара сенімді күшейтіп, су ресурстарын басқару сапасын көтеруге жол ашатынын айтты.
Бұдан бөлек, қазіргі заман талабына сай шарттық-құқықтық базаны жаңарту жайы сөз болды. Қазақстан Орталық Азия елдерінің су ресурстарын пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенцияны пысықтауды қолдайтынын білдірді. Бұл құжат су қорын ұтымды пайдалану, трансшекаралық залалдың алдын алу және гидрологиялық ақпарат алмасуды дамытуға арналған ортақ қағидаттарды бекітуге тиіс.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына да назар аударылды. Бұл ұсыныс жаһандық су проблемаларын шешуге халықаралық күш-жігерді жұмылдыруға, қосымша қаржы мен ресурстар тартуға, соның ішінде өңірлік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Сонымен қатар тараптар Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіру, оның институттары арасындағы үйлестіруді күшейту және қабылданған шешімдердің орындалу тетігін нақтылау мәселелерін талқылады. Ал алдағы құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында негізгі мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастырудың өзектілігі де атап өтілді.
Кездесу қорытындысында қатысушы тараптар сындарлы диалогті жалғастыруға, су дипломатиясын дамытуға, өңірдің су ресурстарын тұрақты басқаруға және Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ортақ шешімдерді бірлесіп іздеуге мүдделі екенін растады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!