Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жантүршігерлік жол апатынан кейін полиция басшылары қызметінен босатылды

27.03.2026, 10:35 73

Алматының Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін бірнеше полиция шенеунігі қызметінен алынды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше, ведомство басшысының бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшылары лауазымынан босатылған. 

Министр бұл істің алғашқы күннен бастап ерекше бақылауға алынғанын айтып, оқиғаға байланысты барлық мән-жайға құқықтық баға берілетінін жеткізді. Сонымен бірге, көлікке мемлекеттік нөмір белгісінің заңсыз берілуі мүмкін деген күдікпен ішкі қауіпсіздік құрылымдары қылмыстық іс қозғаған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, күзетке алынған. Жағдайы тұрақталған соң оны уақытша ұстау изоляторына қамау жоспарланған. 

Қазір аталған іс қоғамның жіті назарында тұр. Құзырлы органдар апаттың нақты себеп-салдарын, сондай-ақ оған қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаның жауапкершілігін анықтап жатыр. ІІМ мәліметінше, ешкім заң алдында жауапкершіліктен жалтара алмайды. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: