Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Digital Qazaqstan Battle: жартылай финал жеңімпазы анықталды

12.03.2026, 11:45 66

HALYQLINE.KZ

2026 жылғы 11 наурызда Қызылорда қаласында Kyzylorda Hub алаңында ұлттық технологиялық форум Digital Qazaqstan аясында ұйымдастырылатын Digital Qazaqstan Battle стартап-жобалар байқауының өңірлік жартылай финалы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – елімізде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, перспективалы стартаптарды анықтау және олардың әрі қарай дамуына қолдау көрсету.

Жүлде қоры 19 млн теңгені құрайтын Digital Qazaqstan Battle байқауы Қазақстанның түрлі өңіріндегі инновациялық жобаларды біріктіретін маңызды алаң саналады. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен жобалар ұйымдастыру комитеті мен сарапшылар комиссиясының іріктеуінен өтеді, кейін өңірлік жартылай финалдарда үздік стартаптар анықталып, финалға жолдама алады. Байқаудың финалдық кезеңі 2026 жылғы 27 наурызда Шымкент қаласында Digital Qazaqstan ұлттық технологиялық форумы аясында өтеді.

Қызылордадағы жартылай финалға әртүрлі бағыттағы 12 инновациялық стартап-жоба қатысты. Қатысушылар өз жобаларын қазылар алқасына ұсынып, олардың тиімділігі, инновациялық әлеуеті және нарықтағы даму мүмкіндіктері бойынша бағаланды.

Жартылай финалға қатысқан жобалар қатарында:

FoodLink – қоғамдық тамақтану орындарын толық цифрландыруға арналған SaaS-платформа;

Cortex AI – рентген суреттеріндегі патология белгілерін анықтайтын жасанды интеллект жүйесі;

Zhailau AI – мал шаруашылығын басқаруға арналған аппараттық және бағдарламалық жасақтаманы біріктіретін платформа;

Sheber.kz – тұтынушыларды тұрмыстық қызмет көрсететін шеберлермен байланыстыратын онлайн-платформа;

EPICfolio – студенттердің оқу бағдарламасынан тыс жетістіктерін автоматты бағалауға арналған AI-платформа;

PhishGuard – фишинг және алаяқтық сайттардан қорғайтын жасанды интеллект негізіндегі жүйе;

PrepAI – IELTS емтиханына дайындалуға арналған онлайн-платформа;

AgriX – ауыл шаруашылығына арналған AI-платформа, ол жер жағдайына сәйкес егін егу және тыңайтқыш қолдану бойынша нақты ұсыныстар береді;

MediaHub – медиакреаторларға арналған цифрлық экожүйе;

Kutim.kz – тері жағдайын фотосурет арқылы талдап, күтім бойынша ұсыныстар беретін AI-платформа;

EcoQogam – жастардың экологиялық белсенділігін арттыруға бағытталған геймификацияланған мобильді қосымша;

ProjectZero AI – идеяларды веб-қосымшаларға айналдыруға мүмкіндік беретін low-code/no-code интеллектуалды платформасы.

Жартылай финалдың қазылар алқасы құрамында Сабит Ибадулла (Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы), Ғани Ерназаров («JSOFT» ЖШС директоры) және Антон Баев («Grand Technology» басшысы) болды. Бағалау барысында қазылар алқасы жобалардың масштабталу әлеуетіне, инновациялық тартымдылығына, даму көрсеткіштеріне және команда құрамына ерекше назар аударды.

«Digital Qazaqstan Battle жартылай финалына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өз жобамды сарапшылар алдында таныстырып, олардың ұсыныстары мен бағасын алу – маңызды қадам. Енді финалда өңіріміздің атынан лайықты өнер көрсетуге тырысамын», — деді жеңімпаз атанған Cortex AI жобасының авторы Асылжан Абдуллаев.

Бағалау нәтижесінде үздік жоба анықталып, ол Қызылорда өңірінің атынан 27 наурызда Шымкент қаласында өтетін Digital Qazaqstan Battle финалында бақ сынайды.

«Digital Qazaqstan Battle – өңірлердегі талантты IT-командаларды анықтап, олардың жобаларын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін алаң. Қызылордадағы жартылай финалда ұсынылған жобалардың деңгейі жоғары болды, бұл өңірде технологиялық стартаптарға қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді», — деп атап өтті Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаев.

Digital Qazaqstan Battle байқауы – еліміздегі технологиялық стартаптарды қолдауға және инновациялық экожүйені дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Мұндай алаңдар жас кәсіпкерлерге өз идеяларын таныстырып, сарапшылардан кері байланыс алуға және жобаларын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: