Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан инновация рейтингінде 8 саты көтерілді

30.09.2026, 9:30 31

Қазақстан Жаһандық инновациялық индексте бір жылда 8 саты жоғарылап, әлемнің 139 экономикасы арасында 73-орынға шықты. Бұл – елдің соңғы он жылдағы ең жоғары нәтижесі.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы әзірлейтін Global Innovation Index рейтингінде Қазақстан бұған дейін 81-орында тұрған. Биыл ел Орталық Азияда 1-орынды иеленсе, Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында 2-орынға жайғасты.

Табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің ішінде Қазақстан 17-орында тұр.

Ең үлкен өзгеріс инновацияның нақты нәтижелерін бағалайтын көрсеткіште байқалған. Innovation Outputs субиндексі бойынша Қазақстан бірден 11 саты көтеріліп, 84-орыннан 73-орынға шықты. Ал инновациялық ресурстар көрсеткіші 75-орыннан 73-орынға жақсарған.

2026 жылғы рейтинг нәтижелері Женевадағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының штаб-пәтерінде таныстырылды.

Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігі биыл рейтингте қолданылатын деректерге жеке назар аударып, ДЗМҰ сарапшыларымен тікелей жұмыс жүргізген. Арнайы консультация барысында Қазақстанға қатысты статистиканың ескірген немесе жетіспейтін тұстары, дереккөздер мен жекелеген индикаторларды есептеу тәсілдері қаралған.

Дегенмен Қазақстанның әлсіз тұстары да сақталып отыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаржы, университеттер мен бизнестің байланысы, венчурлік қаржыландыру, инновациялық кластерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету және ғылыми-техникалық жарияланымдар бойынша өсетін мүмкіндік бар.

Ендігі міндет – 73-орынды бекітіп, инновацияны бағалайтын негізгі көрсеткіштерді одан әрі жақсарту.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: