Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланың кітап оқу мәдениетін қалай көтереміз?

12.03.2026, 8:20 50

Жасыратыны жоқ, ойын-сауық технологиялары мен әлеуметтік желілер жан дүниемізді жаулаған заманда баланы кітап оқуға қызықтыру, жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін көтеру деген мәселе күн тәртібінен түспейді. Қазіргі балалар осыдан 30-40 жыл бұрынғы балалармен салыстырғанда, айтарлықтай кітапты аз оқиды. Бұл құбылыстың себебі көп. Ең алдымен, әр баланың ой-санасын бірден жаулап алатын ойын-сауық техникасы мен гаджеттер шамадан тыс көбейді. Соның әсерінен альфа буын виртуалды әлемде «өмір сүреді»: сол жерде ойын ойнайды, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Кітап оқуға құлығы да, мұршасы да жоқ. Екінші бір себеп, қазір тез шаршап қалатын балаларды ата-аналары сабақтан соң қосымшаға, секцияға, үйірмеге апарады. Күні бойы стреспен жүретін баланың кітап бетін ашуға мүлдем уақыты жоқ. Үшінші бір себеп, үйде әке-шешесі кітап жинамайтын, оқымайтын баланың да кітапқа қызығушылығы болмайды. Үлкендер әр бөлмеде бір-бір смартфонына үңіліп отырса, балалар да гаджетке кіндігімен байланады. Тағы бір себеп, қазір кітап көбейсе де, баланың ой-өрісіне сәйкес келетін көркем-әдеби кітап аз. Әр бала оқыған шығармадан бас кейіпкер ретінде өзін көргісі келеді. Баланың жасына, талғамына қарай оқысы келетін көркем әдебиет тапшылығы мәселені ушықтыратыны анық. Біз айта бермейтін тағы бір себеп, кітап оқу құндылығын баланың санасының деңгейінде түсіндірудің жетіспеушілігі. Осы тақырыпты тереңірек талдауға тырысып көрейік.

Жоғарыда тізбелеген себептердің ішінен бала­ның ой-өрісіне, қабылдауына сәйкес келе­тін кітап аз дегенге тоқталайық. Премьер-Министр­дің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қызылордадағы Ұлттық құрылтай аясында өткен әлеуметтік-даму секциясының жиынында: «Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп қайта-қайта шығара бере­ді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгей­де жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуы­мыз керек» деп бар шындықты жайып салды. Бір автордың кітабы 1000 рет шыққан! Бұл сөзді өзге емес, сол кітаптарды шығаратын, сүзгіден өткізетін құзырлы министр­ліктің басшысының өзі айтты. Әрине, бір автордың кітабы мемлекеттік тапсырыспен қайта-қайта шыға беретін болса, балалар өзі ізде­ген кітабын қайдан табады?!. Ал біз болсақ: «Неге қазақ балалар әдебиетін дамытуға дұрыс көңіл  бөлінбейді?»  дейміз.

Қазақ балалар әдебиетінің елеусіз қалғаны рас. Қазір бұл салаға жыл сайын қомақты қара­жат бөлінуде. Балаларға  арналған кітаптар шығып жатыр. Бірақ аздаған данамен шығатын кітаптар барлық балаға жетпейді. Қазір елімізде 20 мил­лионнан асатын халық тұрады, соның ішінде 7 миллионға жуығы – 18 жасқа дейінгі балалар. Өзіңіз ойлаңыз­шы, 7 млн балаға 1-2 мың дана кітап деген жете ме? Мысалы, өркениетті елдерде қаражатты ең алдымен балалардың білім алуына, рухани жағынан өсуіне,  балалар  әдебиетіне  салады.

Біздегі балалар әдебиетінің елеусіз, нем­құрайды қалған сала екеніне нақты мысал келтірейін. Авторды қолдау дегенді біз жасан­ды байқау өткізу деп түсінеміз. Құзырлы министр­лік балалар шығармаларына арналған байқау өткізіп, жеңімпаздарды марапаттайды, олардың шығармалары бір-екі газет-журналға шығады. Сонымен іс бітті. Ал бұл үрдіс тоқтамау керек. Байқауға қаты­са алмаған қаншама автор бар. Олардың кітаптарын кім шығарады? Дүкендерге  кім  апара­ды?  Насихат жұмысы қалай жүргізіледі? Маркетинг жоқ жерде, автор­ды қолдау деген сөз де – жай  ғана  қанатбелгі  үшін  жасалған  іс.

Мысалы, әр өңірден балалар тақырыбына жаза­тын авторларды жинап алып, соларға тапсырыс беру керек. Прозалық, поэзиялық шығармалар жазсын. Өйткені, балаларға қазір бәрі керек. Сондықтан құзырлы министрлік алдағы уақытта балалар әдебиетін шынайы қолдайтын бағдар­лама жасап, оны ашық, әділ түрде жүзеге асырса, жағдай өзгереді. Авторларды ынталандыру деген мәселе бар. Жас жазушыларға шабыт, ынта, ықылас беретін қолай­лы жағдай туғызсақ, құба-­құп. Қазір бала­лар тақырыбына жазып жүрген ақындар да, жазушылар да бар. Сол таланттардың шығармашылық жағынан дамып-жетілуіне дұрыс­тап көңіл бөлсек, әңгіме басқа. Шынайы көңіл,  жанашырлық  болған  кезде балалар әдебиеті  дамиды.  Мысалы, 1 мың данамен  шыққан кітап бір ғана облысқа таралып кете­ді. Бірақ  1 мың  кітаптың  (оны демеушінің немесе өз ақшаңа шығарсаң) өзін сату, тарату оңай емес. Көбіне орыс, өзге тілдерден аударылған, мазмұны жас балаға түсініксіз кітаптар нарықты жаулап жатыр. Бір жағынан бизнес қой. Бірақ қазақ автордың өзі жазған көркем шығармаларды көп тиражбен шығаруға ең алды­мен  көңіл  бөлінсе  құба-құп.

Әлеуметтік желілер күн сайын жарқ-жұрқ еткен дүниелермен баланың назарын өзіне аударып жатқан заманда қандай қызықты шығарма жазылуы керек? Қазіргі балалар әдебиетін­дегі өзекті мәселенің бірі – балаларға арналған жаңа, қызықты, заманауи көркем шығармалар жеткіліксіз. Балаларға жазылған көркем шығарма қызықты, шағын, ұнамды болса ғана әр баланың көңілінен шығады. Бұл үдеден шығатын шығарма жазу оңай емес. Ал қиын деп қол қусырып отыра беретін болсақ, қазақ балаларын  басқа тілдегі авторлар қызық­тырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым болып тұр. Сонда  қандай  шығармалар  жазылуы  керек?

Ең алдымен, шағын әңгімелер, шағын ертегі­лер, қызықты өлең-жырлар, заманауи комикстер көптеп шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, ұлттық комикстерді дамыту­ды жапондардан үйренуге болады. Жапон  балалары 300 беттік мангаларды бас көтер­мей оқиды. Себебі, ол – балаға өте қызық­ты шығарма. Суретпен және мәтінмен берілген хикаялар әр жапон баласының жүрегінен орын алған. Ұлттық комикс дегеніміз – осы. Ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңірудің ең оңай, ең тиімді жолы. Ұлттық құн­дылықтар мен заманауи трендтердің арасындағы байланыс­ты сақтаймыз десек, әр бала оқырманның ұлттық дүниетанымын қалыптастыратын шығармалар көптеп шығарылса ұтарымыз  анық. Комикстердің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес, құзыр­лы комиссия жоқ. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыс­тап көңіл бөлетін уақыт келді. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың  мазмұны  шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға Бэтмэн, Өрмекші адамды емес, заман­ауи ұлттық қаһармандарымызды  бейнеле­сек,  ұтамыз.

Мәселен, орыстың «Маша мен аю», мысық­тар туралы мульттоптамасын қазақ балалары неге тапжылмай отырып тамашалайды? Онда ізгілік, мейірім, адамгершілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың мейірімге сусаған жүрегінің шөлін басады. Ол өнімнің қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты, балаға бір көрген кезде шынайы ізгіліктің дәнін себетін, аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, бала­лар да бірден қызы­ғады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар. Жасандылық көзге ұрып тұрады. Әрине, бізге Логикомикс сияқ­ты өнім жасау қиынға соғады. Бірақ ниет етсек, бәрін де  іске  асыруға  болады.

Бала күн сайын не оқыса, не көрсе, соған еліктейді. Психикасы солай. Мысалы, теле­өнімдерді алайық.  «Balapan»-дағы «Тоқты мен Серке»,  «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқ­ты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көріп жүр. Олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қояды. Кішкентай көрермендер де қайталап көре береді. Біраз уақыттан кейін одан жалығып, басқа тілдегі телеарналарға ауысады. Мысалы, шетел тілінен аударылған «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызық­ты. Себебі, баланың психикасына қарай жалықтырмайтын, өзіне тартып алатын оқиғалардан құралған. Яғни, балалар аудиториясының сұранысына нағыз келетін дүниені әлемдік нарық­қа шығарған. Кітап өнімдерін де осылай сұранысқа  сай  шығаратын  кез  келді.

Біз көбіне салыстырғанды ұнатамыз. Кітап оқуға баланы қызықтырудағы Оңтүстік Корея­ның озық тәжірибесіне үңіліп көрейікші. Бала­лар әдебиеті бұл елде креативті экономи­каның өнімі болып саналады. Балаларға арнал­ған шығармалар авторлары мен балалар кітапханаларын қол­дау, балалардың кітап оқу мәдениетін көтеру арқылы әлемдегі алдыңғы орынға шықты. Соның дәлелі: оңтүстіккорея­лық балалар жазушылары мен иллюстраторлары Андерсен сыйлығы, Астрид Линд­грен сыйлығы, Opera Prima, Bologna Childrens Book Fair, Bologna Ragazzi Award сияқты халық­аралық ең беделді сый-марапаттарды иеленіп жүр. 2024  жылы  әдебиетті  дамытуға  қосқан  үлесі үшін  кәріс  жазушысы  Нобель  сыйлығын  алды.

Енді бұл елде балалар кітабын шығару, насихат­тау қалай дұрыс жолға қойылды дегенге ке­лейік. ХХ ғасырдың ортасынан бастап білім беруге, әдебиетті өркендетуге бет бұрған Оңтүстік Корея ең алдымен оқитын ұлтқа ай­налу үшін бала­лар кітапханаларын дамытты. 2003 жылы елдегі MBC телеарнасы «Ғажайып кітапхана» деген бағдарлама жасап, эфирге шығарды. Осы жоба  аясында тек балаларға  арнал­ған  кітапханалар ашылды. Оның бірыңғай басқару жүйесі мен қаржылық моде­лі жасалды. Негізінен, бұл жобаға жекелеген ауқатты адамдар қаржы бөлді. Іле-шала Мәдениет, спорт және туризм министрлігі «Кітап­хана жүйесін дамытудың кешенді жоспарын» әзірлеп, соның аясында жұртшылыққа кез келген уақытта ашық тұратын кітапханалар желісін құрды. Әсіресе, өңірлердегі балалар кітап­ханалары желісі тез дамыды. 2006 жылы Сеул­де кітапхана ісі және ақпараты жөніндегі ең ірі халықаралық конгресс өтіп, Оңтүстік Корея үкіметіне бұл сала­ны жетілдіруге керемет ықпалын тигізді. Көп ұзамай елдегі ұлттық кітапханалар туралы заң қайта қара­лып, кітап оқуға жәрдемдесу туралы жаңа заң қабыл­данды. Бұған қоса, тікелей ел президентіне бағынатын кітапханалық ақпараттық комитет құрылды. Одан әрі кітап оқу мәдениеті туралы, мектепке дейінгі ұйымдар және мектеп кітап­ханаларын дамыту туралы заңдар шықты. Мыса­лы, күн сайын мектептерде «10 минуттық кітап оқу» деген жоба үздіксіз іске асырылып келе­ді. Онда балалар қызықты суреттері бар, шағын кітапшаларды жарысып оқиды. Кәріс кітапханашылары ата-аналармен, қоғаммен тығыз, жылы қарым-қатынас орнатқан. Олар күн сайын бір радио, телеарнаға тікелей эфирге шығып, балаларға арналған шығармаларды талдайды. Кореяда кітап оқыған балаларды ынталандыру, қызықтыру деген нәрсеге Үкімет, әкімдік, мектеп, ата-аналар болып мұқият көңіл бөледі. Балаларға арналған көркем шығармаларды насихаттайтын көптеген қауымдастықтар, кітап клубтары бар. Үкімет жүргізетін саясаттың бірі – әлеуметтік ахуалы төмен, мүгедектігі бар, қартайған жандарға арналған бөлек бағдарлама. Елдегі 90-нан астам бұқаралық кітапхана осы салаға барлық күш-жігерін жұмсап, кітап  оқу  мәдениетін  көтеруге  үлес  қосады.

Бізге үлгі болатын тәжірибенің бірі – кітап­ханашылар мен арнайы шақырылған инструк­торлар жергілікті жерлердегі балалар орталық­тарына, мектептерге арнайы барып, балаларға кітап оқу мәдениеті туралы дәріс өткізеді. Осы бағдарламаға Оңтүстік Корея Үкіметі әр кітап­хана үшін  3500 АҚШ доллары көлемінде тұрақты ақша  бөледі. Бұл қаражаттың көп бөлігі жаңадан шыққан кітаптарды сатып алуға, инструкторлар­дың еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Балалар мен жастарға арнал­ған ұлттық кітапхана жыл сайын оқырман сыныптары мен кітап оқу бағдарламаларын табыспен бітірген балаларды, жасөспірімдерді марапаттайды. Бұқаралық кітапханаларда қысқы, көктемгі, жазғы каникул кездерінде «BookStart», «Оқиғаны әңгімелеу», «Кітапты ойнату», «Кітап клубтары», «Кітап оқу сабағы» сияқты  бағдарламалар  жүзеге  асырылады.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Инфографиканы жасаған Венера Кабиева

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: