Ол кезде мен «райкомның» үйі аталған төрт пәтерлік екі қабатты үйде тұратынмын. Есігіміз қарама-қарсы пәтерде Күлжамаш апа, Күлжамаш апаның төменінде (төменгі қабатта) Райып аға, менің төменімде Әмит тұратын.
Әмит қонақшыл, әсіресе әнші-жыршыларға, байыпты әңгіме тыңдауға үйір, өзі де әңгімені жақсы айтатын. Сондықтан болар екеуміздің әңгімеміз жарасып, шаңырағына қонақ келсе, жайған дастарқанынан қалдырмай шақырып, «төбемнен жай беріп отырған ағайым» деп таныстыратын.
Әмиттің шаңырағында талай әңгімешіл жандар мен әнші-жыршылармен дастарқандас, пікірлес болдым. Ал, белгілі жырау Алмас Алматов Қазалыға келсе, Әмиттің үйіне соқпай кетпейтін. Алмастың келуі – көршілер үшін мереке. Халидаға (Әмиттің зайыбы) дастарқан жайғызған шаңырақ иесі көрші аға-апаларын сол кездің өзінде «Қазақтың Алмасы» болған Алмаспен дидарласып, дәмдес болуға өзі ауызба-ауыз шақыратын.
Бірде сондай дастарқанға жиналдық. Салқын күз болатын. Жылу беретін орталықтың жұмысы маңдымай, пәтер салқындау. Бір кезде Алмас келді. Алып келген үй иесі «Алеке, үй салқындау» деп ескертіп жатса, «Қожеке, оқасы жоқ. Үйің мұздай болса, әйелің қыздай болады» деп, сырт киімін шешіп, төргі бөлмеде отырған бізді көріп:
— О… о… Әмит, мені отырған жерімнен «қыз алып қашқандай» сіздерді күтіп қалды деп ала қашып еді, өзім жақсы көретін аға-апаларым екен ғой… Күйлі, қуатты барсыздар ма?! — деп орнына жайғасып, домбырасын да жанына алды.
Сәлден кейін-ақ дастарқан үстін Алмастың әңгімесі мен әндері думан қыла бастады. Бір кезде мен сол уақыттары жиі айтылып жүрген «Ақсақ киікті» айтуын өтініп едім, домбырасын қолына алды да:
— Аға, әр әннің өзінің тыңдаушысы, айтушысы болады. Сіз сол әннің жақсы көретін тыңдаушысы болуыңыз керек. Ал, айтушы Әлмырза ғой. Мен айтармын ғой. Бірақ сізге Әлмырзадай жеткізе алмауым мүмкін. Сондықтан әнге де, Әлмырзаға да қиянат жасамайық, — деп Тұрмағамбеттен бір-екі өсиет терме орындады.
— Өнер адамдарының арасында «Батысқа барып, күйшімін деме, Арқаға барып, әншімін деме» деген сөз бар. Жаңа айттым ғой әннің тыңдаушысы болады деп. Бірде Қарағандыда (Қаланың атынан жаңылыссам, кешірім сұраймын. Оған да жиырма-отыз жыл болып қалды-ау) өнерге байланысты жиын болды. Соған Алматыдан мен, Қаламқас Орашова, Қаламқастың жұбайы үшеуміз бардық. Алқалы жиыннан кейін әр тұстан келген жыршы-әншілер қатысқан үлкен концерт болды. Сарыарқалықтар өзінің кең дауысты керемет әндерін орындады. Қаламқастың жұбайы ән орындады. Кезек Қаламқасқа келгенде, термелеткен оған көңіл дұрыс бөлінбеді. Тыңдаушылар қозғалақтап, қобырлап кетті. Соны сезген Қаламқас көңілі пәс болып, тездетіп аяқтай салды. Мен де қысқа қайырдым.
Келген қонақтарға Сарыарқаның самалы ескен жайлаулы жеріне киіз үй тігіп қонақасы берілді. Бізге бөлінген киіз үйге барып дастарқандағы наннан ауыз тиген Қаламқас кәделі тамаққа дейін «дем алайын» деп жатып қалды. Отырған қонақтардың сұрауымен домбырамды қолға алып, Сыр туралы, Сырдың сүлейлері туралы әңгімелеп, Тұрмағамбеттің өсиет термелерінің шығу тарихын жеткізе отырып, термелете бастадым. Киіз үйдегілер құлақ түре бастады. Сыртта жүрген жеті-сегіз адам кіріп орын алды. Дауыстап көтермелеушілер де болды. Сол кезде көзім дем аламын деп жатып қалған Қаламқасқа түсіп кетіп еді, жанары жарқырап, томағасын алған сұңқардай түлеп отыр екен, домбыраны қолына ұстата салдым. Бір-екі терменің басын қайырып алып, «Нарқызға» басты. Көтермелеген дауыстар жиіледі. Киіз үйдің ішінде отырарға орын болмай қалды. Бір-екі айтқызып барып кәделі тамаққа отырдық.
Содан не керек, екі-үш күнге деп барған біз, шақырып жырлатушылардың көңілін қимай бір жеті, он күндей кідірдік. Алматыға табанымыз тию бойына шаңырағына әкелген Қаламқас жұбайы мен екеуміздің терсіңді болған бар киімімізді сыпырып кір жуатын машинаға тоғытып, сырдай қылып екеумізге екі халат беріп қойды. Жұбайы үйренген, маған бір түрлі. Амал жоқ, шай ішкен болып отырмын. Бір кезде қол жуғызып кәделі тамақ әкелуге ыңғайлана бастағанда: «Қаламқас, маған бір дұрыс киім қарастырмасаң, мына кескініммен «қоңырауым сылдырлап» тамаққа отыра алмайтын сияқтымын» дедім. Шындығында ыңғайсыз. Диванда отырған жұбайы күлкіден арыла алмай қисая кетті. Қаламқас жүр күлкіден езуін жия алмай, «қоңырауым сылдырлап» дейді де, « ой… Алеке… айтпайтының жоқ…» деп күлкісін тия алмай…
Алмасты тыңдап отырған біз де еріксіз күліп алдық. Өзі күлмейді. Тағы бір келісті термені термелетіп, домбырасының құлағын реттей бастағасын Райып ағамыз сыртқа шыққысы келді ме, орнынан жылдам тұра бастады да, Алмастың жаңа бір термені бастай бергенін көріп жүре берерін, не қайта отырарын білмей абдырап қалды. Сол кезде домбыра ойнауын доғара салған Алмас:
— Ертеректе ханның бұйрығымен дарға асылғалы жатқан күнәһар мойнына арқан салып жатқан жендеттің қолын қағып жіберіп, жаза орнынан кетіп бара жатыр дейді. Жендет шап беріп ұстап алып, «ханның кәріне ұшыраған пенде, тоқта» десе, «қоя тұр, ханның кәрі күшті ме, қуықтың зәрі күшті ме, дәрет сындырып алайын» деген екен. Аға, бара беріңіз, — деп бір күлдіріп алды.
Ағасы келгесін айтылып кеткен жырды орайын келтіріп, өзіне арнап қайта орындап берді. Айтылатын әр жырдың алдындағы осындай әңгімелер тыңдаушыны жалықтырмай, езуімізге күлкі үйіріп отырды.
Сол кеште ұмытылмастай болып есімде қалғаны – балаларға ат қою туралы болған әңгіме. Бір әннен кейін:
— Сонымен ұлды болдым. Тойлап жатырмыз. Кезек балаға ат қоюға келді. Жолдастар небір керемет атауларды атап жатыр. Бір кезде «өзің не дейсің?» деді. «Маған салсаңдар, Арман деген атты да, Айбар деген атты да мақұл көріп отырғаным жоқ. Себебі, баланы өмірге әкелгенмен, мінезіне, өскенде кім болатынына көзің жетпейді ғой. Ертең кім біледі босалаңдау болып, ішіп алып шалшықта жатса, «ой… мынау Алмастың Арманы ма, Айбары ма?» дейсіңдер ғой. Сондықтан Дәулет болғанын қалап отырмын. Жоғарыдағыдай жағдай болса, « Паһ, шіркін, шалқып жатқан Алмастың дәулеті ғой» дейсіңдер ғой» дедім. Көпшілік мақұлдады.
Енді бір қызығы бар. Бір жақсы көретін досым бар. Ол балаға ат қою тойыма қатыса алмады. Кейін келді. Тойды әңгімелеп отырмыз. Әңгіме арасында елеусіз ғана «баланың атын кім қойдың?» деп қояды. Неге батып сұрай алмай отырғанын білемін. Екеумізде де тілімізде сәл-пәл ақау бар. Бір әріпке келгенде «холостой» кетеміз. Дәулетте ол әріптер жоқ. Сөздің реті келгенде «Уайымдама, баланың атында сенікі де, менікі де жоқ» дедім.. Қатты риза болып, қолымды қайта-қайта қысып жатыр, — деп бізді тағы бір күлдіріп алды…
Соңғы кезде фейсбукте Алмас Нұрмаханұлы деп бөлісіп жүрген ғибратты әңгімелері мен жырларын оқыған сайын сол күндер еріксіз ойыма оралған соң, Алмас інімнің жоталы 70 жасында ғұмырлы болуын, Алланың берген жасын абыроймен жасай беруіне тілекші бола отырып, сол кешті өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім.
Артық кеткен, қате айтылған жерлері болса, алдын ала Алмастан да, оқырмандардан да кешірім сұраймын.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!