Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заң мен ниет қайшылығы

01.05.2026, 11:18 86

Жуырда Жетісулық блогер осыдан төрт жыл бұрын қоқыс арасынан тауып алған Мемлекеттік Елтаңбаны тазалап, үйіне іліп қойғаны үшін айыппұл (50 АЕК) арқалады. Бұл жағдай қоғамда бірқатар сұрақ тудырып, халықтың өкпе-ренішіне әкелді. Көпшілігі, неге киелі белгімізді қоқыстан құтқарған адам жазаланады, ал оны сонда тастағандар жауапсыз қалады?, деп реніштерін білдіріп жатты.

Заң не дейді және утилизация жолы қандай?

Мемлекеттік рәміз ол үйдегі ескірген жиһаз емес. Оны жоюдың (утилизациялаудың) өз тәртібі бар (ҚР СТ 989-2014 стандарты). Яғни, мемлекеттік мекеме рәмізді есептен шығару үшін комиссия құруы тиіс. Елтаңбаны шредермен ұсақтау, өртеу немесе балқыту арқылы, элементтері мүлдем танылмайтын күйге жеткізіп барып қана жоюға болады. Егер бұл процесс сақталмай, Герб қоқысқа тасталса онда бұл заң бұзушылық.

Неге үйдің төріне ілуге болмайды?

Ниет түзу болғанымен, заңның аты — заң. Елтаңба билік пен егемендіктің белгісі. Оның орны ресми ғимараттар мен мемлекеттік кеңістік. Үйдің төрінде тұруы «мемлекеттік символдың статусына сай емес» деп танылуы мүмкін.

Мәселені қалай шешеміз? (Конструктивті жол)

Құрмет қорқыныштан емес, ішкі сенімнен тууы керек. Сондықтан бастысы заңды жетілдіру қажет.

  1. Нөмірлеу жүйесі
    Әрбір форматтағы Елтаңбаны тіркеп, нөмірлеу керек. Сонда оны қоқысқа кім тастағанын оңай табуға болады.
  2. Өткізу міндеті
    Қоқыстан тапқан рәмізді ресми органға тапсыру тетігін жасап, оны тапсырған адамды жазаламай, керісінше марапаттау қажет.
  3. Әділдік
    Рәмізді қоқысқа тастау ауыр жаза, ал оны құтқару ниеті жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылуы тиіс. Елтаңбаны қоқысқа тастау тарихың мен арыңды қоқысқа тастаумен тең. Бізге айыппұлдан бұрын, «ұлттық код» пен «рәміздік тәрбие» көбірек қажет сияқты.

Сіз қалай ойлайсыз? Заңды қалай өзгерткен дұрыс?


Нұрбек Дәуренбеков,

Қызылорда облысының қоғамдық кеңесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: