Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» таланттарды бір мекенге тоғыстырды

06.03.2026, 21:00 69

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астанадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейде «Екі жұлдыз» атты аудандық ән байқауы өтті. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Тәуелсіздік пен отаншылдық» құндылықтарын дәріптеу, «Шабыт» әлеуметтік жобасы аясында мұғалім мен шәкірт үндестігі көрініс тапқан іс-шара биыл төртінші рет өткізілді.

Биылғы бір өзгешелік – дәстүрлі байқаудың ауқымы кеңейіп, өнер сайысына алғаш рет Сарыарқа ауданындағы мектеп мұғалімдері мен оқушылары бір сахнада бақ сынады. 9 мектептен іріктелген өнерпаздар Ана тақырыбындағы әндерді шырқап, киелі сахнаны дүбірге бөледі. Қатысушыларға төрт түрлі талап қойылды: әнді жанды дауыспен орындау, әртістік қабілет, артикуляция, сахна образына ену.

Сөйтіп, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11мектеп-лицей, №15 мектеп-лицей, Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицей, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей, Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-лицей, Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназия, Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназия, Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназия, №106 жайлы-орта мектептен келген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан әнші жұптар (бір мұғалім мен бір оқушы) өнер мерекесінің көрігін қыздырды.

Олардың өнеріне Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің «Жеңіл өнеркәсіп техникасы және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, жаңашыл дизайнер Гүлбаян Мұқибек, «Абай» телеарнасының бас режиссері Мұрагер Бекетов, «Жылдың үздік психологы» номинациясының иегері, педагогика ғылымдарының магистрі, «Бақытты ұстаз» жобасының дәріскері Айгүл Жаппашева, дәстүрлі әнші, театр және кино актері, «Жамбыл» фильмінде басты рөлді сомдаған Әйтіш Асылбек құрамына кірген әділ қазылар алқасы төрелік етті.

Сондай-ақ, байқауға мектеп әкімшілігінің арнайы шақырумен келген қонақтарға да ұйымдастырушылар тарапынан ерекше ілтипат көрсетілді. Олардың қатарында Шәкәрім мектебінің іргетасы қаланып, алғашқы оқушыларды қабылдаған жылдары басшылық етіп, 15 жыл директорлық қызмет атқарған, білім ордамыздың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлға Жұмағазы Әлпішев, Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев, Сарыарқа аудандық әлеуметтік сала бөлімінің жетекшісі Айнұр Нұржанова және осы жолдардың авторы болды. Думанды кешті Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейдің оқушылары Альмира мен Жұлдыз, музыка пәнінің мұғалімі Мақсат Отан мен тарих пәнінің мұғалімі Дәуірхан Құрманбайұлы өте жоғары кәсіби жүргізушілердің деңгейінде жүргізді.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейінің директоры Анаргүл Оспанова «Екі жұлдыз» жобасы жай ғана концерт емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір екеніне тоқталды. «Бұл өнер арқылы ұстаз бен шәкірті бірігіп, жаңа қырынан танылып, ортақ жеңіске ұмтылатын бірегей жоба. 2022 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың маңызы зор. Мұндай жобалар мұғалім мен оқушының арасындағы сенімді нығайтады, жас ұрпақтың өнерге деген құштарлығын арттырады» деді мектеп басшысы.
Ана — өміріміздің өзегі, тірлігіміздің тамыры. Ана тақырыбында сахнада ән шырқаған әншілердің ә дегеннен-ақ қайсысы жүйрік, қайсысы шабан екені аңғарылып тұрды. Сөйтсе де, олар Құдай берген талантының деңгейінде өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шығуға жанын салды. Әділ қазылар алқасына бағы мен бабы қатар шапқан кіл мықтыларды анықтау оңайға түспеді. Алайда дауыстарына сәйкес репертуарын дұрыс таңдаған, екі әншінің дауысы үйлесіп, тамаша дуэт құра білген жұптар өзгелерден оз бойы озып, алға шықты. Қазылар алқасы түпкілікті шешім шығару үшін бөлек бөлмеде мәжіліс өткізді. Осы үзілісте ән мерекесіне арнайы келген Астанадағы №2 өнер мектебінің оқушысы Жахангер Батырхан әсем әндерін қалықтатып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Шәкәрім мектебінің қыздардан құралған бишілер тобы да өнер көрсетіп, мерекелік жиынның ажарын кіргізді.

Сөйтіп, көп күттірмей әділ қазылар алқасы бұл жолғы байқау жеңімпаздарының есімдерін салтанатты түрде жария етті. «Екі жұлдыздың» аспанында жаңа жұлдыздар жарқырап жанды! Өнер додасында М. Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназияның мұражайының жетекшісі Маулет Ташкен мен 8-інші сынып оқушысы Ақнұр Сұлтанбек бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі 1-інші орын С. Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназияның мұғалімі Алдияр Қабдырай мен шәкірті Байғазы Мұхитовқа бұйырды. 2-інші орынды №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Құралай Қадырғалиева мен мектеп оқушысы Ника Сюваткина жеңіп алды. Ә. Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейдің атынан бақ сынаған Шынар Кәдірбек пен Мансұр Азатқали және І. Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназияның география пәнінің мұғалімі Айнұр Жұмаева мен 10-ыншы сынып оқушысы Жансая Түсүпбек 3-інші орынды иеленді. Байқау соңында «Екі жұлдызды» ұйымдастырушылар Маруся Аширова мен Мирахан Берікбай эстафетаны басқа мұғалімдерге табыс етті. Одан кейін қатысушылар мен көрермендер бірігіп, «Екі жұлдыз» әнін әуелетті.

Төлен ТІЛЕУБАЙ
Суреттерді түсірген: Оңалхан ӨНЕРХАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: