Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аманөткелден  шыққан  ғалым

26.02.2026, 14:00 58

HALYQLINE.KZ

Бақдәулет Кенжәліұлы – Арал мен Қазалыға ортақ азамат. Арал ауданындағы Ақшатау елді мекенінде дүниеге келген. Аманөткел ауылындағы сегізжылдық мектепте оқыған. Қазалы ауданы, Жаңақазалы поселкесіндегі (қазіргі Әйтеке би кентіндегі) Ыбырай Алтынсарин атындағы №421 қазақ орта мектебінің түлегі.

Қазір Бақдәулет Кенжәлиев – біздің мектептің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы, шетелдегі әріптестері мойындаған ғалым-металлург. «Металлургия және кен байытуы институты» акционерлік қоғамының бас директоры, техника ғылымының докторы, профессор, ғылым мен техника саласы бойынша Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты (1981 жыл), сол сала бойынша СССР ВДНХ-ның екі рет қола медаль иегері, «Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан еңбегі үшін» төс һбелгісімен (2016ж), «Парасат» орденімен марапатталған (2023ж), 2024 жылғы ғылым мен техника саласы бойынша тағайындалған стипендия иесі. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер (2016ж), ғылым мен техника саласы бойынша екі дүркін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2019ж), (2025ж).

Мектепте бір класта оқыдық. Мектепте оқып жүргенде химия пәнін бас алмай оқитын. Оның бағына біздің класқа химия пәнінен Білмәнов ағайымыз сабақ берді. Кейін Қызылорданың пединститутына оқытушы болып кетті деп естідім.

Бақдәулет химия пәні болса, аузы тыным таппайтын. Сұрамайтын сұрағы жоқ. Ағайымызбен жағаласып отырады десем, артық айтқаным емес. Қашан ағай дәлелдеп айтып мойындатқанша сұрақ қоюды қоймайтын. Бірде сондай бір сәтте ағай тақтаға шығарды да (қазгі оқулықта бар ма, жоқ па білмеймін) оқулықтың бір бетін алып жатқан формуланы (реакция) ауызша жатқа айтып шығасың деп, қолына бор да берместен тұрғызып қойды. Біз жабылып кітапты ашып қойып айтылғанды кітаптағымен салыстырып қарап отырмыз. Класс тып-тыныш. Ағайдың сол тапсырмасын жаңылыспай мүлтіксіз орындап шығып, бес алды. Қоңырау кезінде «ананың бәрін қалай жаттадың?» десек, «оны жаттай алмайсың ғой, ойша реакция жасап шықтым» деген еді.

Ақыры химияның ізіне түсті. ҚазМУ-дың химия факультетін бітіріп, ғылым жолын таңдады. «Білманов ағайға алғысым шексіз» деп осы кезге дейін мектепті, класты жиі есіне алып отырады. Көп жылдан кейін мектепті іздеп келіп, орнындағы жаңа мектепті көріп, «Санамда сақталған ғимаратты көре алмай, далаға келгендей болып тұрғаным» деп мұңайған еді.

Бұл жазбаны жазуға себеп жақында сол мектепті бітірген жорналшы, ғылым жолында жүрген ағаларымыздың сол мектеп түлектерінен шыққан, мектеп мақтанышы болған азаматтар туралы мәлімет жинақтаулары себеп болды.

Аманөткелден шығып, Қазалыдағы орта мектепте мұғалімі Білмановтан дәріс алып, химия іліміне ден қойған ауылдың қарапайым қара баласы Бақдәулет Кенжәліұлының білім жолындағы, ешкімнің желеп-жебеуінсіз, өзінің тиянақты білімі мен ізденімпаз қайсарлығы, ғылым жолындағы талапшылдығы мен жеткен жетістіктері кейінгі іні-қарындастарына үлгі боларлықтай екенін айтқым келді.

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: