Асқарбек ЕСЖАНОВ,
Қызылорда облысының
білім басқармасының басшысы:
Биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы күн қалды. Облыс көлемінде қанша бала ҰБТ тапсырады? Оқушылардың білім сапасы қандай? «Алтын белгіге» үміткер түлектердің саны қанша? Бұл көп көкейіндегі мың сауалдың бірі парасы ғана.
Білім саласы ең өзекті сала саналады. Мұнда түйткілді дүние де, тұрлаулы мәселе де жетіп артылады. Өңірдің білім сапасына емес, салаға айтылған сын да, тағылған айып та аз емес. Ол да орынсыз емес, әрине. Мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік жағдай. Жеке мектептердің жай-күйі. Педагог мамандардың рөлі мен мәртебесі. Осы және өзге де сауалдар төңірегінде аймақтың бас ұстазы Асқарбек Темірбекұлымен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Асқарбек Темірбекұлы, оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Білім саласының биылғы жетістігі қандай? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкіметтің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ерекше қолдауы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен өңірде білім сапасын арттыру және оқушыларды ғылымға бағыттау, қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аймақта үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ. Біз бұл мәселені 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен шештік. 2024 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестор есебінен жалпы құны 31,8 млрд теңгені құрайтын 17 білім беру ұйымының құрылысы жүргізілді. Бүгінде 4 млрд 158 млн теңгеге 960 орындық 6 мектеп, 2,8 млрд теңгеге 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2,5 млрд теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы және 800 млн теңгеге Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі ел игілігіне табысталды. Құны 11 млрд теңгені құрайтын «Сыр жұлдыздары» инновациялық шығармашылық академиясының құрылысы кеше ғана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 8 млрд 400 млн теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жақын күндері ашылады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд 800 млн теңгеге жаңа музыкалық колледж салынуда. Жақын күндері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Шиелі ауданында 1 млрд теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда. Бұдан бөлек «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданы, Жалаңаш елді мекеніндегі 150 орындық мектеп құрылысын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеуден өтетін мектептерде материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Өткен жылы 8 мектеп ғимаратына 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 110,3 млн теңгеге жабдықтары жаңартылды. Биылғы жылы облыс бойынша 5,2 млрд теңгеге 9 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 438,8 млн теңгеге материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде 2026 жылы 19 мектеп, ал 2027 жылы 23 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылады.
Өткен оқу жылында мектептердің негізгі бағыттары бойынша арнайы рейтинг жасалды. Рейтингте білім сапасы, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың пәндік олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстардағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтердің кәсіби байқаулар мен сайыстардағы жетістіктері сарапталды. Бұл рейтинг дәстүрлі түрде жыл сайын қалыптастырылатын болады. Бұдан бөлек, жаңа бастама ретінде 7 міндет 45 тармақтан тұратын әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталды. Сонымен бірге, мектептердің даму бағдарламалары әзірленді. Профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жалғасуда. Ағымдағы жылы жаңадан «Тіл білімі мектебі», «Инженерлік мектеп», «Робототехника», «3Д модельдеу», «СТЕМ», «БИО-ГУМ» табиғи тыңайтқыштарды әзірлеу» жобалары жүзеге асырылуда. Ауылдық елді мекендерде білім сапасын, ұйымдар арасындағы байланысты арттыру мақсатында аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласында 8 білім округі құрылды. Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласында орналасқан 5 мектепті дамыту бағытында «Космоград «Байқоңыр» жобасы әзірленуде. Жоба аясында 5 мектепті интерактивті құралдармен жабдықтау, обсерваториясына қажетті зертханалар ашу, физика пәнін тереңдетіп оқыту бағытындағы жұмыстар жоспарлануда.
2024 жылы алғаш рет республика бойынша баламасы жоқ мектеп директорлары арасында «Бір мектеп – бір жоба» облыстық байқауы ұйымдастырылып, оған барлық кезең бойынша 224 мектеп директоры қатысты. Бұл жоба биылғы жылы да өз жалғасын тауып, қалалық және аудандық кезеңі аяқталды. Қорытынды облыстық кезеңі жақын күндері өтетін болады. Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 6 252 түлектің 4 752-сі немесе 76,1%-ы мемлекеттік грант иеленді. Өңіріміз соңғы төрт жылда ҰБТ-ның орта балл көрсеткішімен республикада алғашқы үштікте болса, 2024 жылы жиырма өңірдің ішінен оза шауып, бірінші орынға шықты. Биылғы жылы да аймағымыз үздіктер қатарынан көрінеді деп күтілуде. Аймағымыз өткен жылғы пәндік олимпиада қорытындысымен республикада жаратылыстану-математикалық бағытында «Ең үздік командалық ІІ орын», қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша ІІІ орынды иеленді. 2024 жылы алғаш рет өткізілген Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін командалық есепте «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясы берілсе, 2024-2025 оқу жылында 71 оқушы қатысып, 39 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Қызылорда облысы жаратылыстану-математикалық бағытта І орынды, ал, қоғамдық-гуманитарлық бағытта ІІІ орынды иеленді. Педагог қызметкерлеріміз де республикалық деңгейде биіктерден көрінуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі «Үздік педагог» республикалық конкурсында 2023 жылы – 5 педагог, 2024 жылы – 6 педагог «Үздік педагог» атағының иегері атанып, әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленді.
Биылғы жылдың өзінде облыс педагогтері «Математикалық регата» байқауының республикалық кезеңінен бас жүлде, «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» сайысынан командалық ІІІ орын алса, «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауынан 5 педагог жеңімпаз атанды. Ерте жастан экологиялық білім беруді дамыту бағытында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен жыл сайын өткізілетін «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» Ұлттық конкурсынан 2024 жылы республика мектептерімен қатар «Сыр бөбегі» бөбекжай-бақшасы жүлделі ІІІ орын иеленді. Педагог мәртебесін жоғарылату және оларды әлеуметтік қолдаумен қатар, тәжірибелі педагогтердің қоғам алдындағы беделін арттыру, тәжірибесін тарату бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Республикалық, облыстық сайыстарда, кәсіби байқауларда жеңімпаз атанған үздік педагогтердің тәжірибесін тарату және аймақтағы басқа мұғалімдердің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары коледжі базасында «Үздік педагогтер клубы» құрылды. Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсы ұйымдастырылып, қорытындысымен жеңімпаз ұйымға облыстық бюджеттен ең төменгі жалақының сегіз жүз еселенген мөлшерінде грант табыстау дәстүрге айналған. 2024 жылдан бастап педагогтер арасындағы кәсіби байқаулардың республикалық кезеңінен жеңімпаз атанған ұстаздарға еліміздің шипажайларына жолдама беріле бастады. Биылғы жылы балалардың бос уақытын ұйымдастырудағы бір ерекшелік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «2025 жыл – жұмысшы мамандықтары жылына» орай «Жас Sкills» жобасы жүзеге асырылады. Қосымша білім беру ұйымдарында шығармашылық өнер үйірмелерінен бөлек, оқушыларымыз қазіргі заман талабына сай инженерлік бағыттағы «Робототехника», «Жасанды интеллект», «Ақпараттық технология», «Дрон және бағдарламалау» секілді үйірмелермен қамтылады. Жазғы демалыс кезінде осы мекемелерде «Дрон фестиваль», «Робототехника», «Бағдарламалау» бағыттары бойынша сайыстар өткізіледі. Бұдан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында этножоба «Ауылым – алтын қазығым», «Ауыл лайф», «Сыр камп», «Дәстүрлі қоржын», «Жас қазақ», «Киелі Қазақстан» жобалары ұйымдастырылады. Оқушыларды спортқа баулу, зияткерлік қызығушылығын арттыру бағытында «Сыр лигасы» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Бұл жоба 150 мыңға жуық оқушыны қамтып, үлкен футбол, отбасылық волейбол, жайдарман, дебат, жігіттер сұлтаны, ана тілі аруы, жас мобилографтар секілді 7 сайыс түрінен өтуде. Жазғы демалыс кезінде де оқушылар арасындағы аталған сайыс түрлері өз жалғасын табатын болады. 2024 – 2025 оқу жылында облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 8 381 мүмкіндігі шектеулі бала есепке алынса, оның 90,5%-ы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды. Тең жағдай жасау және кедергісіз қол жеткізу бойынша облыстағы мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 90%-да, мектептердің 97%-да, колледждердің 94%-да инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Осыған орай, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта «Цифрлық түзету» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. «IT арнайы мектеп» бағыты бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 31 млн теңгеге арнайы оқу құралдары, жиһаз, техникалық құралдар алынды. Жаңа технологияларды енгізу арқылы оқу үдерісі жеңілдетіліп, тиімділігі артты.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің жайы қалай? Бұл мектептің қолданыстағы білім ошақтарынан айырмашылығы неде?
– Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2025 жылға дейін 800 мың баланы оқыту үшін сапалы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. «Жайлы мектеп» – Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба. Бұл бастама қазіргі қолданыстағы мектептермен салыстырғанда бірқатар маңызды артықшылықтарға ие. Жобаның басты міндеті – білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі үш ауысымды және апатты мектептердің проблемаларын түбегейлі шешу. Аймағымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 000 орындық 6 мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектептің құрылысы жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарлануда. Мектептер бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, әмбебап акт залы, екі спорт зал мен арнайы би залы, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификация кабинеттермен толық жабдықталған. «Жайлы мектеп» жобасы – білім беру сапасын арттыру, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздікті жою бағытында маңызды қадам. Бұл мектептер балалардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал ететін орта қалыптастырады.
– Биыл облыс бойынша қанша түлек мектеп бітіреді? Олардың қанша пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады?
– ҰБТ-ның негізгі үшінші кезеңі ағымдағы жылдың 16 мамыр – 5 шілде аралығында өтеді. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Арал ауданы, Арал қаласы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде орналасқан. Аймақтағы 11-сыныпты бітіруші 9 531 оқушының 8 528-і немесе 89,4 пайызы ҰБТ-ның негізгі үшінші кезеңіне қатысады деп жоспарлануда. Тестілеу өтетін пункттерде оқушылардың қауіпсіздігін және денсаулығына байланысты оқыс жағдайлар болған мезетте алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп нақты шаралар қабылдануда. Осы ретте бітіруші түлектерімізге сәттілік тілеймін.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы орайда облыста колледждерде оқытылатын жұмысшы мамандықтар жайына тоқталып өтсеңіз.
– Жұмысшы мамандықтар жылын атап өтуге байланысты облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оқу орындарының халықаралық салалық білім беру стандарттары бойынша бітірушілерді сертификаттау, жұмысқа орналастыру көрсеткішін арттыру шаралары жүргізілуде. Ағымдағы жылдан бастап бітіруші курстардың кәсіпорындар базасындағы оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтуі туралы ақпарат «Еңбек KZ» электронды порталына енгізіледі. Бұл түлектердің практикадан өтуімен тұрақты жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізетін болады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерді үздік бітіруші 200 студентке тұрақты жұмысқа орналасуы үшін арнайы жолдама берілетін болады. Сонымен бірге, халықаралық талаптарға сәйкес шетелдік оқу орындары, ірі кәсіпорындармен екіжақты әріптестік байланыс орнату, жаңа технологияларды пайдалана отырып кадрлар даярлау жүзеге асырылуда. Осы ретте, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі Германия мемлекетінің Лейпциг университетімен педагогика, психология саласы бойынша, Москва Психоанализ университетімен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі Американың «Ұлттық құрылыс және білім беруді зерттеу орталығы» ұйымы және Германияның «Аға сарапшылар қызметі» ұйымымен «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ынтымақтастық орнатты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы 9-сыныпты бітірушілердің жұмысшы және орта буын мамандықтары бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған болатын. Осыған орай, келесі жылға республикалық бюджеттен – 2 200 орын, жергілікті бюджеттен – 3 108 орын, барлығы 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақмерзімді болжамын анықтау үшін жаңа кәсіптер Атласы әзірленуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттін 22,0 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған Атласқа сәйкес жаңа мамандықтар ашу жүзеге асырылады. Жұмысшы мамандықтар жылында облыс көлемінде «Үздік мамандық», «Топ 100 студент», «Еңбек жолы», «Үздік шебер», «Парыз», «Үздік жыл жұмыс берушісі» конкурстары, «Отбасылық династия» байқауы, «Уорлдскилс» ұлттық чемпионаты, облыстық марафон және жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысымен «Өз ісінің шебері» номинациясы бойынша арнайы іс-шаралар өткізілетін болады. Қазіргі уақытта «Адал еңбек – адал табыс» атты мектеп бітірушілер үшін ашық есік күні, «Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық дамуында жұмысшы мамандықтарының рөлі» және «Халықаралық байланыс – колледж кеңістігінде» атты халықаралық форумдар, «НаурызFest» жұмысшы мамандықтар фестивалі өткізілді. «Уорлд Скилс Казахстан» ұлттық чемпионатының аймақтық іріктеу байқауы, «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға» атты республикалық патриоттық жастар форумы, «Еңбек адамы» облыстық фотобайқауы, «Орман шаруашылығы», «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Робототехника және кірістірілген жүйелер» жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық конкурстар өткізіледі. Бүгінгі күні мемлекеттік 15 колледж ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелермен шефтік қамқорлыққа байланысты екіжақты келісімшарттарға қол қойып, тиісті жұмыстарды жүзеге асыруда. Абылай хан атындағы жоғары колледж базасында ағымдағы жылы «Тігін ісі» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жоспарлануда. Арал индустиалды-техникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылатын болады. Сонымен қатар, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық және М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледждері базасында студенттер үшін «Бизнес-стартап» жобасы жүзеге асырылады. 2025 жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушылар саны артатын болады.
– Алғашқы еңбек жолыңызды колледжде оқытушы болып бастадыңыз. Бұрынғы мен бүгінгі білім бәсекесінде нендей айырмашылық бар?
– Иә, алғашқы еңбек жолымды Қызылорда экология және құқық колледжінің оқытушысы болып бастаған едім. Сол уақыттан бері 26 жыл өтті. Әрине, бұл аралықта білім саласында оң өзгерістер болғанын толық сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының материалдық жабдықталуы ең соңғы, озық технологиялар арқылы жүзеге асырылуда. Педагогтеріміздің жалақысы да біршама көтерілді. Оқушыларға, студенттерге өте керемет әрі қолайлы орта қалыптастырылды. Ол кездері білім көзі шектеулі болды. Негізгі ақпарат көзі – мұғалім мен кітап. Интернет, онлайн курстар деген мүлдем жоқ болатын. Ал, қазір ізденемін деген оқушыға да, оқытушыға да ақпарат қолжетімді және көп. Интернет, жасанды интеллект, онлайн платформалар білім алуға кең мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы білім бәсекесі білімді меңгеру мен жаттауға негізделген болса, бүгінгі бәсеке білімді тиімді қолдану, сыни ойлау, IT сауаттылық және үздіксіз даму қабілетіне негізделген. Қазіргі оқушы тек ұлттық емес, ғаламдық білім нарығына бейімделуі тиіс.
– Ұстаздық жолда өміріңізге немесе көзқарасыңызға әсер еткен ұстаздар бар ма? Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Әрине, бар. Ұстаз – тұлғаның санасы мен жүрегіне әсер ететін ерекше тұлға. Оның айтқан әр сөзі, іс-әрекеті, қарым-қатынасы оқушының болашақтағы көзқарасы мен өмір сүру стиліне ықпал етеді. Сондықтан «Мұғалім – мәңгілік із қалдыратын мамандық» деп бекер айтылмаған. Менің де өмірімде әсер еткен ұстаздар өте көп. Бастауыш қабырғасында, орта мектепте сабақ берген әрбір ұстазым маған рухани-адамгершілік тәрбие, яғни шынайылық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды бойыма сіңірді. Мен ол кісілердің алдында әркез басымды иіп өтемін.
– Оқушылардың тұлғалық қасиеті қалыптасуы үшін не істеу керек? Отбасы институты мен мектеп тәрбиесі қалай жүргізілуде?
– Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру – баланың толыққанды азамат болып өсуі үшін маңызды процесс. Бұл жерде екі негізгі институт – отбасы мен мектеп шешуші рөл атқарады. Тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру үшін құндылықтарға тәрбиелеу: Адалдық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, адамгершілік сияқты қасиеттерге баулу. Өзін-өзі тану мен дамыту: Оқушылардың қызығушылығын анықтап, сол бағытта қабілетін дамыту. Сыни ойлау мен шешім қабылдау қабілеттерін дамыту. Эмоционалдық интеллект: Өз сезімдерін түсініп, басқара білу және басқаларға түсіністікпен қарау. Қоғамдық белсенділік: Түрлі үйірмелер, волонтерлік, дебат клубтары арқылы тұлғалық дамуға жол ашу. Отбасы институтының рөлі: Махаббат пен қолдау көрсету. Ата-ананың үлгісімен моральдық тәрбие беру. Диалог пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату. Мектеп тәрбиесінің рөлі: Оқу бағдарламасынан тыс тәрбие жұмыстары (тәрбие сағаттары, іс-шаралар). Мұғалімнің тұлғалық үлгісі оқушыға үлкен әсер етеді. Жан-жақты дамытуға бағытталған орта құру (спорт, өнер, ғылым үйірмелері).
– Қазіргі қоғамдағы педагог мамандардың рөлі мен мәртебесі қандай? Жеке мектептер мен балабақшаларға көзқарасыңыз қандай?
– Қазіргі қоғамда педагог мамандардың рөлі мен мәртебесі бұрынғыдан да маңызды әрі күрделі сипатқа ие. Себебі олар тек білім беруші ғана емес, тәрбиеші, мотивация көзі, қоғамдық пікір қалыптастырушы және баланың тұлғалық дамуына әсер ететін негізгі тұлға ретінде танылады. Мұғалім тек білім беріп қоймай, баланың құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Заманауи педагог жаңашыл, технологияны меңгерген, психология мен тәрбиенің әдістерін білетін тұлға болуы тиіс. Өзіңіз білесіз, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдердің құқықтары, жүктемесі мен жалақысы жақсартылды. Бұл – олардың әлеуметтік беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жеке мектептер мен балабақшалар – мемлекеттік білім беру жүйесін толықтыратын пайдалы альтернатива. Бірақ екеуінің де мақсаты балаға сапалы білім мен тәрбие беру болуы тиіс. Бала арқылы пайда табуды көздеп, білім беру саласын бизнеске айналдыруға өзім түпкілікті қарсымын.
– Бүгінде білім саласында қандай түйткілді мәселе бар және оларды шешу жолдарын қалай ұсына аласыз?
– Қай сала болмасын, барлығында да түйткілді мәселелер болатыны жасырын емес. Қазіргі таңда білім саласында бірқатар өзекті мәселелер бар. Алайда, Оқу-ағарту министрлігімен оларды шешу бағытында нақты бастамалар қолға алынуда. Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жыл бұрын мұғалімдер көптеген уақытын сабаққа емес, есепке арнауға мәжбүр болған. Қазір біз ондай талаптарды алып тастадық. Білім беру ұйымдарына электронды журналдар мен күнделіктер енгізіліп, оқу процесін басқару цифрландырылды. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап «БілімКласс» электрондық журналы және күнделік модулі ақпараттық жүйесі Қызылорда облысы бойынша 339 (300 мемлекеттік, 39 жеке) білім беру ұйымына енгізілді. Бүгінгі күні жүйеге 22 654 мұғалім, 184 924 оқушы, 52 961 ата-ана тіркеліп жұмыс істейді. Бұл мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оқытуға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – мұғалімді есеп емес, оқыту және тәрбиелеу ісіне бағыттау. Келесі мәселе – білім беру ұйымдарында заманауи технологиялар мен цифрлық сауаттылықтың жетіспеуі. Білім берудің цифрлық трансформациясы – бұл тек компьютерлік сыныптар құру және интернетке қосылу ғана емес, сонымен қатар, оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін нақтылау, «цифрлық мектеп» жұмысының жаңа үлгілерін қалыптастыру және тарату. Осы уақытқа дейін облыс бойынша «Айти-балабақша», «Бағдарламалау мектебі», «Айти-аймақ-орда», «Балалар технопарктері» жобалары жүзеге асырылған болатын. Бұл ерте жастан бастап, цифрлық технологиялар мен білім беру ресурстарын меңгертуді қамтамасыз ету, балабақшадан бастап – мектеп – қосымша білім беру ұйымдарында IT – білім берудегі сабақтастық үлгісін қалыптастыру бағытында жасалып жатқан шаралар көрінісі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық «Айти-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорымен бірлесіп, мектеп оқушыларына бағдарламалау негіздерін оқыту онлайн – білім беру платформасына пилоттық режимде 21 мектеп қатысты. Оның ішінде жасанды интеллект бағытымен – 11, «Гейм Девелопмент» бағыты бойынша 10 педагог. Арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен педагогтер 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап оқушыларды бағыттар бойынша оқытуды бастайтын болады. Цифрлық технологияларды белсенді түрде қолдануды жалғастыру, қолда бар ресурстар мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңейту арқылы сапалы білімді қамтамасыз ету қажеттілігі еселей түсуде. Мектептің сапалы оқу-әдістемелік ресурстары, цифрлық контенттер және дамыған материалдық-техникалық база – білім беру процесін жетілдірудің маңызды аспектілерінің бірі. Қазіргі таңда мектептерде 865 жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын кабинет болса, 496 млн 871 мың теңгеге жаңадан 56 пәндік кабинет сатып алынды. 60 мектеп СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Аймақ басшысының қолдауымен мектептерге 484 интерактивті панель алынып, 14 мектеп ЛЕД-экрандармен жабдықталды. Бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар, 6 Айти-мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін адамтәрізді роботтар алынды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 878,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін барлық 12 шағын жинақты мектеп, 71 мақсатты мектеп қажетті (жетіспейтін) пәндік кабинеттермен толық жабдықталады. Ал, Байқоңыр қаласындағы 5 мектептегі 20 пәндік кабинет қайта жаңартылады. Бұдан бөлек, 2024 жылы бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 456,2 млн теңгеге 64 білім беру ұйымының бейнебақылау жүйесін талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Биыл 1,1 млрд теңгеге 156 білім беру ұйымы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілетін болады. «Қазақстан Халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде 2024 жылы 3 мектеп (Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицей, Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицей, Шиелі ауданындағы №219 орта мектеп – 750 млн теңге) интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталса, 2025 жылға 2 мектеп қайта жабдықталады (Сырдария ауданы №36 мектеп-лицейі, Байқоңыр қаласы №277 мектеп-лицейі). ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығының талаптарына сәйкес 400 оқушыға дейін 20 Мбит/с кем емес интернет жылдамдығын арттыру ұсынымына 276 мектеп (92%) сәйкес келеді. 2024 жылы маусым айында «СтарЛинк» геостационарлық емес спутниктік технологиясы 41 мектепке орнатылды, бұл бағытқа облыстық бюджеттен 43 млн теңге қаржы бөлінді.
– Бірқатар білім бөлімінде қаржылық қитұрқылықтар мен жемқорлық көріністер болғаны белгілі. Қоғам осыған орай «облыстың бас мұғалімі неге орнын босатпайды?» дегенді алға тартты. Өзіңіз не дейсіз?
– Иә, өкініштісі сол, ондай жағдайлар кездескені белгілі. Әрине, білім саласында қызмет атқаратын адам саны өзге салаға қарағанда көп екендігін жақсы білесіздер. Басқарма тарапынан үнемі қаржылық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерге бармау жөнінде арнайы түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда. Алайда, ағарту саласында қызмет істесе де, осы саланы қарайтып кеткен адамдар болды. Біз олардың басым бөлігін өзіміз анықтап, құзырлы органдарға хабарлама беру арқылы қылмыстарын әшкерелеп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз, ұдайы жүргізіледі. Аймақ басшысы маған сеніп осы саланы тапсырғаннан кейін, мен бұл саланы әрдайым жетілдіріп, заңбұзушылықтарға, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтіп келемін.
– Мектептегі бала тәрбиесінде біз нені ұмыттық? Облыс көлемінде балалар төбелесінен адам өлімі де тіркелді. Жауапкершілік білім бөлімі басшылары мен мектеп директорларынан сұралып, облыс басшысы оларды қызметінен босатты. Бұған көзқарасыңыз қалай? Жалпы, бірінші кезекте тәрбиеге кім жауапты: ата-ана ма, мектеп пе?
– Мектептегі бала тәрбиесінде біз кей кезде маңызды, бірақ нәзік тұстарды назардан тыс қалдырып жатамыз. Біз нені ұмытып кеттік? Біріншіден, бала – ең алдымен тұлға екенін. Оған тек оқушы ретінде емес, ойы, сезімі, арманы бар жеке тұлға ретінде қарау керек. Көп жағдайда баға мен тәртіпке ғана мән беріп, ішкі жан дүниесін ескермеу болады. Екіншіден, оқушыны тыңдай білуді. Оқушының пікірін тыңдап, сөзін бөлмей, онымен ашық сөйлесуді ұмытып барамыз. Диалог емес, тек нұсқау беру қалыптасып кеткен. Үшіншіден, тәрбиеге тек мұғалім міндетті емес екенін. Тәрбие – ата-ана, қоғам, ұстаз үштігінің біріккен ісі. Бірақ тәрбие салмағы көбіне мектепке ғана жүктеліп жүр. Төртіншіден, эмоционалдық қолдау мен мейірімділікті. Балаға жылы сөз, қолдау, сенім білдіру – үлкен мотивация. Бірақ біз көбіне сын мен талапқа мән береміз. Бесіншіден, қазіргі баланың уақыты мен қызығушылығы басқа екенін. Бүгінгі бала цифрлық заманда өмір сүріп жатыр. Біз ескі тәсілмен тәрбиелеп, жаңа буынды түсінуге тырыспаймыз. Тәрбие – дайын қағида емес, тірі процесс. Біз тәрбиеде махаббатты, диалогты, еркіндікті, қолдауды жиі ұмытып барамыз. Бала жүрегіне жол табу үшін оны түсініп, бірге дамуға ұмтылу қажет.
– Соңғы сауал, ХХI ғасырдың заманауи ұстазының бейнесі қандай болуы керек?
– ХХІ ғасырдың заманауи ұстазы – тек білім беруші емес, жол көрсетуші, шабыттандырушы және қоғам көшбасшысы. Қазіргі заман талабына сай ұстаздың бейнесі бірнеше негізгі қасиет пен қабілетке негізделуі тиіс деп ойлаймын. Кәсіби құзыретті және үнемі даму үстінде жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеріп, үздіксіз білім алып отыруы қажет. Цифрлық сауатты, онлайн оқыту құралдарын еркін қолдана білуі керек. Жеке тұлғаға бағытталған көзқарас, яғни әр оқушыны жеке қабілетіне сай дамытып, қолдау көрсететін – педагог. Тәрбиеде әмірмен емес, сабырмен және түсіністікпен әрекет етуі керек. Шығармашыл және креативті, стандартты емес тәсілмен оқытып, қызығушылық тудыратын, шабыт беретін тұлға болуы керек. Ұстаз оқушының көңіл күйін, жағдайын түсіне алатын, сенім тудыра алуы қажет. Жаһандық көзқарасы бар, заман ағымын түсінетін, бірақ ұлттық рух пен мәдениетті де естен шығармауы керек. Жетекші әрі шабыт беруші, тек сабақ беріп қана қоймай, оқушыны арманына жетелейтін тұлға. Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырдың ұстазы – білім беруші ғана емес, тұлға қалыптастырушы. Ол технологияны меңгерген, жүрегімен тәрбиелейтін, жан-жақты дамыған және өз ісіне шын берілген маман болуы тиіс.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!