Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Толқын Қабылша, ақын: Жасанды сұлулық пен жалаң көзқарастарға бой алдырып барамыз

10.04.2020, 9:30 1692

HALYQLINE.KZ –| Расын айту керек, сол кезеңдегі (2010 жылдарды айтады – ред.) менің жанымды ауыртқан қоғамдағы өткір мәселелер әлі күнге сол ащы қалпында, өзектілігін жойған жоқ. Адалдық, ар дейтін асыл ұғымдар арзандап, құндылықтар өзгерген бүгінгі қоғамда сыртқы жылтырақ, арзанқол дүниелер көзді арбап, қымбатың құнсызданып, жалаңаштанып үлгерді. Қымсыну мен қазақ қызына тән күллі әдеп-иба көзден жырақтап, жасанды сұлулық пен жалаң көзқарастарға бой алдырып барамыз. Ажырасуды ар санамайтын, некесіз бала туудан тайсалмайтын, махаббат сезімінен гөрі, материалдық құндылықтарға басымдық беруге құмар жастардың ұстыны мені алаңдатады. Жетім бала, жесір әйел күйін кешіп жүргендердің баршасын бірдей «бейкүнә мұңлық» дей алмаймыз.

Өкінішке орай, бүгінгі қазақ қызы, қазақ әйелінің болмысына сызат түсіп үлгерді. Көбі өзінің ішкі менін, өз эгосын жоғары қойып, отбасын тәрк етіп алуда. Кейде қарақан басының қамы үшін қаракөз ұл-қызын жәутеңдетіп, жалғызбасты ғұмырын «жазмыш» деп ақтағысы келетіндер бар. Мұның барлығы – ұлтын сүйетін, ұрпақ тағдырына алаңдайтын кез келген адамды бейжай қалдырмайтын мәселелер.

Мендегі құлазу мен мұң, менің жанымды жаралайтын жайттар осынау өмір шындығына тәуелді. Кейде кітап оқуға құлықсыздау, арман-мұраты қымбат смартфон мен қымбат көліктің еншісінен аса қоймайтын, жан дүниесі мен пайым-парасатының деңгейі жасанды кірпікпен өлшенетін аруларды көргенде, іштей торығатыным рас. Алайда айналамызда аз да болса, жаны нәзік, ішкі әлемі терең, ойлы һәм арлы қазақ қыздарының барына, түптің түбінде қоғамдағы күллі құндылықты солар сақтап қаларына тағы сенгім келеді. Бүгінгі хаос меңдеген кез жаһандану үдерісінде біз сондай шынайы, қазақы қалыбын өзгенің жылтырына айырбастамайтын ұстанымы берік өскелең ұл мен қыздың жан дүниесіндегі тазалықты сақтап қалуға ұмтылғанымыз жөн деп санаймын. Бұл – әрқайсымыздың ортақ парызымыз. Солай болуы тиіс.

Ақын, журналист Толқын Қабылшаның

«Шабыттың кірпияз құсы, өлеңнің адал киесі

сатқындықты кешірмейді» атты «Әлімсақ»

журналына берген сұхбатынан үзінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: