Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тендер нағыз жемқорлықтың ордасына айналып отыр

27.05.2021, 11:00 349

  Николай  Қондыбайұлы,

жол  саласының  ардагері:

Қазіргі заманда жолсыз өмір сүру мүмкін бе? Әрине, жоқ. Кез келген ел үшін жол экономиканың күретамыры саналады. Десе де,  өңірімізде  оқтаудай түзу,  тақтайдай  тегіс жолдар көп ұзамай-ақ, «аяқ асты» болып жата­ды. Бұл мәселе еліміздің кез келген өңірінде өзекті. Қомақты қаражатқа салынған жолдар бір жылға жетпей қопарылып, жарамсыз болып  қалуда.  Ал  жауаптылар  бұған  келгенде «аузын буған өгіздей» жағын ашпайды. Түрлі сарап­шылар бұл мәселені өзінше болжап әлек. Біз де жол сапа­сының сыны мен мінін білу үшін осы сала­ның ардагерімен сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол жол саласындағы қазіргі мәселелер мен бұрынғы жағдайды салыс­тыра баяндап, одан бөлек көңіл түкпірінде қалған жайттармен  бөлісті.

АШАРШЫЛЫҚТЫ  ГЕНОЦИД  ДЕП  МОЙЫНДАЙТЫН  УАҚЫТ  ЖЕТТІ

– Николай аға, сексеннің сеңгірінен астыңыз. Осы орайда, әңгімемізді еңбек жолынан бұрын өмір жолыңыздан бастасақ…

– Иә, қарап отырсақ, жасым сексеннен асып кетіпті. Осы уақытқа дейін көп адаммен әңгімелестік, сырластық, қариялардың басынан кешкендерді естідік. Қазақтың басынан талай зұлмат заман өткен ғой. Біздер  – сол зұлмат заманды бастан кешкендердің өз аузынан естіген соңғы ұрпақпыз. Әкелеріміз ашаршылық пен қуғын-сүргіннің бар азабын айтып отыратын. Десе де, сол азапты күндер әлі күнге дейін өз деңгейінде айтылмай келе жатқан сияқты. Әкем қашанда сол уақыттың ащы кездерін айтып, еске салып отыратын еді. Бұрынғылардың бастан кешкендерін ұғынсын, ескерсін дегені ғой. Заманында Кеңес үкіметі билікке келген соң, байлардың барлығын кәмпескелегені тарихтан белгілі. Байлықтарын тартып алып, өздерін айдауға жіберіп отырған. Ауыл тұрғындарының қалтасындағы бақыр тиынына дейін сыпырып алған. Одан бөлек, өздерінің ауылнайы негізсіз салық сала беретін болған екен. Жұрт аштан қырылып, адам денелері далада жатқан уақыт. Көп жерде айтылып жүрген тас қайнатып, балаларының көңілін аулаған аналарды өз көзімен көрген. Әкем өзінің бауырларына қарағанда сәл бұзықтауы болған екен. Бұл жерде қалса ашаршылықтың құрбаны болатынын біліп, барлық туысқанын жинап, Тәжікстанға көшуге бел буады. Ең сора­қысы, адамдарға көшуге де тыйым салатын болған. Көрші елдерде мұндай геноцид болып жатпағанын естіген жұрт сонда көшуге талпынғанда Кеңес әскері қинап ұстап отыр­ған. Адамдарды аштықтан құтқарып қалудың орнына сол жерде жер жастануға итермелеген. Сондағы мақсаттары түсініксіз. Әкелеріміз сол үшін түнделетіп жолға шыққан екен. Артынан ауылнайы қуып жеткенде қолындағы мылтығымен «атам» деп қорқытып, елден ауып кеткен. Бір қызығы, ондағы көрініс таңғал­дырған екен. Қазақ ауылдарында жұт, адам дене­лері толы дала болса, мұнда «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған», тыныш заман орнап тұр. Аштықтың иісі де сезілмеген. Тәжікстанның ыстық уақытында көшіп барған қазақтардың талайы сонда қайтыс болған екен. Әбден азып-тозып барған жұрт ыстық күнде түрлі дертке шалдыққан. Сол үшін Тәжікстаннан көшіп, өзбек жұртынан пана іздегендер де көп болған. Онда да дәл осындай, мыңдаған малы бар байлар еш уайымсыз өмір сүріп жүрген. Халқы дін-аман, ауылдары сауық-сайранға толы. Уақытында қашып үлгерген қазақ байлары да осы жерден пана тауып, малдарын аман алып қалған. Көршілес бауырлас халықтар ғой. Десе де, сол қиын заманда жүдеп-жадап, қашып барған қазақ ұлтына жергілікті тұрғындар қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді.

Міне, бұл әңгімелерді сол заманды көзбен көріп, сезінген адамдардың өз аузынан естіген соңғы ұрпақпыз. Қазіргі кез жанға қолайлы уақыт ғой. Бірақ, сол замандағы ашаршылық әлі де геноцид ретінде мойындалмай келеді. Оны мойындайтын уақыт жетті. Бұл – әдейі, тек қазаққа ғана қолдан жасалған ашаршылық. Біздің ата-бабаларымыз сол заманды бастан кешкен, оны еске алып отыру керек. Сол заман­ды көргендердің аузынан естіген соңғы ұрпақ болған соң, осы бір мәселе ашық айтыл­са, БАҚ бетінде жарық көрсе деп жүр едім. Қазір ол уақыттың барлығы артта қалды. Қазіргі жастар бейбіт заманда өмір сүруде. Соған қуанамын. Бірақ, өткенді ұмытпау қажет. Қазіргі кез бен бұрынғы уақытты салыс­тыруға болмайды ғой. Қазіргі түсінік мүлдем басқаша. Қарапайым жол саласының өзін алып қарасақ, біздің уақытпен салыстырғанда бірнеше  есе  дамып  кеткен.

ЖОЛДАРДЫҢ  БҰЗЫЛУЫНА   ЕГІНШІЛЕР  ДЕ  КІНӘЛІ

– Жол саласы демекші, қоғамда «бұрынғы жолдың  сапасы  қазіргіден  жоғары болатын» деген сөз жүр. Шынында бұрынғы жолдың сапасы жоғары ма? Жалпы, өз уақытыңыздағы жол саласы  жайлы  айтып  кетсеңіз…

– Керісінше, қазіргі жолдың сапасы жақсы­рақ. Себебі, технология біршама дамыды. Мен жол саласына 60-жылдары келдім. Ол – Кеңес үкіметінің кезі. Қоспалардың барлығы сырттан келетін. Жол төсеу үшін бір жыл бұрын жоспарға енгізіп, уақытын күтетінбіз. Ас­фальтқа қосатын битум деген қоспаны алды­ру өте қиын болатын. Битум дегеніміз – мұнайдың ең соңғы қалдығы. Сол қалдықты асфальт­тауға қосады. Тек Омск қаласынан ғана ала алатын­быз. Сол секілді басқа қоспаларды да ұзақ күтуге мәжбүр болдық. Оның үстіне қазіргідей өлшегіш құралдар мен түрлі аспаптар жоқ. Көзбен өлшеп, дәл сызатын шебер маман­дар болды. Жаңақорғанда Әуелбеков дейтін кісі бар еді. Өңірдің атақты маманы. Сондай мамандар ғана жолдың көлбеуін сызып бере алатын еді. Үлкен жүк тасығыш көліктер мүлде жоқ. Қолдың күшімен, маңдай тердің арқасында жолды барынша түзу қылуға тырысатынбыз. Барлық жерде оқып келген мамандар жүретін. Сол үшін де сапасы ойдағыдай шығады. Қазір де мықты  мамандар  бар. Оның үстіне қоспалар да қолжетімді болып отыр. Біз – мұнайлы елміз. Сол  үшін  қоспаларды табу қиын емес. Жол сапасы техникамен тікелей байланысты, қолдап күрекпен ешнәрсе істей алмаймыз. Бүгін­де жұмысшылар соңғы үлгідегі жол техникаларымен жабдықталған. Жолдың көлемін де, басқасын да арнайы компьютерлер сызып береді. Сол үшін де жол сапасы бірнеше есе артты. Бірақ, кей жерлерде салынған жол бір жылға   жетпей  жарамсыз болып қалуда. Мұның  түрлі себебі бар. Менің ойымша, ең  бірінші  себебі – тендер.

– Сонда  қалай?

– Бұрындары жол саласында тек арнайы мамандар ғана қызмет ететін. Қазір қаражат іздеген­нің барлығы – осында. Тендерге қатысып, сол жерден жол салу мүмкіндігін ұтып алады. Шындығына келгенде көбінесе сол мердігер мекемелердің техникалары да болмайды. Олар тиісінше үшінші тарап­қа істетеді. Бірақ, қаражаттың жартысын қалтасына басып қалады. Ортада тек ақша алып отыр. Ақша жан-жаққа бөлінгесін жолдың өзіне бөлінетін қаражат азаяды. Сөйтіп жүргенде уақыт та өтіп кетеді. Ал жолды тапсыру қажет. Сосын амалдың жоғынан қыстың аязында жол төсеуге кіріседі. Қыста төселген жолдың неге апаратыны түсінікті ғой. Жол келе­сі  көктемде-ақ сапасыз болып қалады. Бұл – жол саясатының қателігі. Жол мамандарын сынайтындар көп. Себебі, кімде таныс болып, кім тендерді жеңіп алса, жеңіс – соныкі. Олардың  арасында  жол  саласының  иісі мұрнына бармайтын адамдар бар. Жол салу технологиясы, құрамы дегенді басшылардың өздері біліп  отыруы керек.

– Біздің өңіріміздегі жол сапасы да сын көтер­мейді. Бұның да себебі осы ма?

– Біздің өңіріміздегі жол сапасы көп сынға түсетіні белгілі. Оның әртүрлі себебі бар. Кінәні тек жол мамандарына арта салу дұрыс емес. Бізде күріш шаруашылығы жақсы дамы­ған. Ал ол көп суды қажет етеді. Сол күздің кезінде егінді орып алу үшін суды сыртқа ағызу керек. Олар сол суды тасжолдың жиегіндегі сайға төгеді. Егіншілердің арнайы су шығаратын каналдары жоқ. Ол сол кезде мұз болып қатып, көктемде түбі босап, былқылдай бастайды. Сосын жол өздігінен қопарыла береді. Десе де, елдің барлығы жолшыларды кінәлі етіп, «солардың жұмысы сапасыз» деп сөге бастайды. Осындай көрінбейтін мәселелер өте көп. Жолдың сапасыздығының барлығына бірдей жолшылар кінәлі емес. Одан бөлек, Қызылорда-Жезқазған секілді қала­аралық аумақтарға да әліге дейін жол салынбай келеді. Қаражат бөлінбеген. Бұл маңызды жолдардың бірі екенін ескеріп, басшылар өз қолдарына алу керек деп ойлаймын.

– Бұл мәселенің түйінін шешу үшін не істеу қажет? Жол саясатына барсаңыз, нені өзгертер едіңіз?

– Өткенде теледидар көріп отырып, бір қызыққа куә болдым. Қыстың күні қардың бетіне асфальт төсеп жатыр. Бұл миға қонымсыз дүние ғой. Маман түгілі қарапайым адам да мұның дұрыс емес екенін жақсы біледі. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Жолды сол саланың мамандары басқару қажет. Сонда ғана жол сапалы болады. Көкейін ақша тескен «кәсіпкерлер» керек емес. Ең алдымен тендер мәселесін біржақты етсе деймін. Бұл мәселені шешпей жолдан сапа күтудің қажеті жоқ. Менің ойымша, ең жоғарыда отырған басшылар да қаражаттың бір бөлігін алып отыр. Әйтпесе мұндай бассыздыққа төзіп, көз жұмып отыра беру ақылға қонымсыз. Өзгерісті жасауға болады. Ол үшін тек ниет керек. Сонымен қатар, қатаң бақылау қажет. Тендер нағыз жемқорлықтың ордасына айналып отыр.

АҚЫЛЫ  ЖОЛДЫҢ  САПАСЫ   ЖОҒАРЫ  БОЛУЫ  КЕРЕК

– Маман ретінде Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғындағы жол  саласының  жұмысына қандай баға  бересіз?

– Біздің жер көлеміміз өте кең. Басқа елдер­мен салыстырғанда ұлан-ғайыр аумақта өмір сүрудеміз. Басқа мемлекеттер біздегі бір облыстай ғана жерде өмір сүріп жатыр. Әрине, шағын аумаққа жол салу оңай. Ал бізге бұл қиын  болып келеді. Десе де, бұл сынақтан сәтті өттік десек те болады. Ел арасын жалғап тұрған  сапалы  жолдар  жетерлік.

– Халықты толғандыратын тағы бір мәселе бар. «Елімізде жол жөндеу жұмыстарына кететін қаражат өте көп» деп шағымданады. «Шағын көше­ге миллиондаған қаражат артығымен бөлі­ніп  жатыр» дейді. Бұған қатысты ойыңызды айта  кетсеңіз?

– Шынында жол салу көп қаражатты қажет етеді. Ең бастысы, шикізаттарды жет­кізу жұмысы қымбат. Асфальт өнімдерін тасуға көп ақша кетеді. Мұның басты себебі сол деп ойлаймын. Мәселен, Шымкент қаласында жол жөндеу жұмыстары біздің өңірге қарағанда арзанырақ. Себебі, қажетті қоспалардың барлығы бар. Жеткізу көп қаржыны қажет етпейді. Сол аумақтың жеріне байланысты жол салу технологиясы да қаншама жыл бекітіліп, мықты мамандар қалыптасқан. Тиісінше, жолдың  шыдамдылық  мерзімі  де  ұзақ.

Жүк көліктерімен тасымалдау жеткізу қыз­метін 10-15 есе қымбаттатып жібереді. Қазір өкінішке қарай, осы қымбат түрін таңдап отыр. Бәлкім, бұл жерде де біз түсінбейтін китұрқылықтар бар шығар. Бірақ, олай кесіп айта  алмаймын.

– Ақылы жолдарға қатысты не айтасыз? Жолдың қазіргі сапасына қарап, бұл жолдарды ақылы  қылу  заңды  ма?

– Жолды күтіп-ұстау, сапасын төмендетпеу үшін оны ақылы қылған дұрыс. Бұл – еуропалық тәжірибе. Біз бұған енді келіп жатырмыз. Бірақ, сапа жағы сын көтермейтін кездер де болады. Мәселен, ақылы жолдар қысы-жазы ашық тұруы тиіс. Бізде қыста қар қалың болса, сол ақылы жолдарды да жауып тастайды. Негізінде ол жерде тез қимылдап, қарын тазалап, жүргізушілерге қолайлы жағдай тудырып отыру қажет. Себебі, сол жолды күтіп-ұстау үшін арнайы қаражат бөлініп отыр. Ақылы жолды жыл сайын жаба беру дұрыс емес. Оның сұрауы болуы керек. Сондай-ақ, барлық жолды бірдей ақылы етуге де болмайды. Жақында Түркістанға баратын жолды ақылы етуі мүмкін деген әңгіме тарап жүр. Олай болса, ақылы қыз­мет  соған  сай  болсын.

– Жол саласында тағы да басқа айтылмай қалған  әңгіме  бар  ма?

– Жол саласы көп айтыла да, жазыла да бермейді ғой. Тек жағымсыз жақтары ғана көрсетіледі. Жоғарыда бірнеше мысал келтіріп кеттім. Сол үшін жолдың сапасына тек қарапайым қызметкерлерді кінәлауға болмайды. Тендерден бөлек, жол саласына қатысы жоқ адамдар бұл жерге араласпаса деймін. Өз ісінің білгірлері ғана жол мәселесін шеше алады. Сондай-ақ, қол еңбек адамдарына көңіл бөлінбей жатқандай. Жолдың қазіргі жағдайынан қол үзіп қалған соң, көп мәселеден хабарым да жоқ. Жол саласына жастар қажет. Одан бөлек, «балық басынан шіриді» дейді. Қазіргі кезде жолсыз жүру мүмкін емес. Басшылар бақылау­ды көбейтсе, сапа жоғарылайды.

– Ашық  әңгімеңіз  үшін  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: