Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бекзад Нұрдәулетов: «Токиода топ жарып, елімді қуантсам деймін»

05.03.2021, 11:45 578

HALYQLINE.KZ Бокстан Ұлттық құраманың мүшесі, Токио олимпиадасы жолдамасының иегері Бекзад Нұрдәулетов эксклюзив сұхбат беріп, олимпиада алдындағы мақсаты және жоспарларымен бөлісті.

– Бекзад, Ресейде әлем чемпионы атанған кезіңде: «Жеңісімді қазақ еліме арнаймын!» – деген едің. Ал Токио олимпиадасында чемпион атансаң, жеңісіңді кімге арнайсың?

– Иә, Ресейдегі жеңісімді қазақ еліме арнаймын деп айтқанмын. Енді (күліп) Токио олимпиадасында чемпион болсам, жеңісімді кімге арнайтынымды сол кезде естірсіз.

– Олимпиадаға 81 кг салмақта 22 боксшы қатысады. Басты қарсыласың деп кімдер болмақ?

– Олимпиадаға кез келген спортшы өте жоғары дайындықпен барады. Оңай, осал қарсылас барады деп айта алмаймын. Кез келген қарсылас қауіпті болуы мүмкін. Мен де Ресейде өткен әлем чемпионатына қатысқанымда фаворит болмасам да, өзіме деген сенім болды. Сондықтан олимпиадада нағыз мықты боксшылар кездеспек.

– Отбасында үйдің үлкені екенсің. Жақын арада үйге келін әкеліп, ата-анамды қуантсам деген жоспар жоқ па?

– Үйдің үлкенімін. Менен кейін Камила деген қарындасым бар, отбасылы. Одан кейін інім Қуандық мектепте 6-сыныпта оқиды. Отбасымызда үшеуміз. Әкем Жалғасбай электрик болып істейді. Анам Тілектес балабақшада медбике. Алға қойған мақсатым – олимпиада шыңын бағындырып, чемпион атану. Үйлену жоспарым бар, бірақ жақын арада емес.

– Өзіңе еліктеп жүрген інілеріңе айтар ақылың?

– Қазір маған қарап боксшы болғысы келіп жүрген бауырларыма, інілеріме бос уақыттарыңда спортпен айналысыңдар. Еңбек етіп, алға дұрыс мақсат қоя біліңдер демекпін.

– Жеке бапкерің Марат Жакиевтің Маңғыстау боксына сіңірген еңбегіне қандай баға бересіз?

– 2015 жылы Жаңаөзен мектебін бітіргеннен кейін Ақтауға келіп, Марат ағамыздың үйінде тұрып, Берік, Әділбек ағаларымызбен бірге жаттығып, дайындалғанбыз. Содан жақын араласып кеттік. 2016 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атандым. Жеңіске жеткен боксшылар Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін әлем чемпионатына баратын болды. Сол кезде мен және Айболды Дауренұлы екеуміз Марат ағайдың қарамағында үш айдай дайындалдық. Еңбегіміз ақталып, мен үшінші орын алдым. Бұл Маңғыстаудың жастар арасындағы әлем чемпионатындағы екінші қола жүлдесі еді. Менен бұрын марқұм Талғат Калимов алғашқы әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған болатын. Мықты боксшы еді. Ұзаққа шабатын жігіт еді. Арамыздан ерте кетті… Марат ағай мені алты жылдан бері жаттықтырып келе жатыр. Әкемдей болып кетті. Ол Маңғыстаудан елге белгілі бірнеше чемпиондарды дайындап шығарды. Атап айттар болсақ, әлем және Азия чемпионы Ердос Жаңабергенов, екі дүркін әлем және Лондон мен Рио олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, жастар арасында Азия чемпионы Қанат Көптілеуов, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, әлем кубогының жүлдегері Жеңіс Таумұрынов, Азия чемпионы және әлем біріншілігінің қола жүлдегері Берік Әбдірахманов және т.б. спортшылардың бағын ашты. Ақтау қаласының әкімі еңбегін бағалап «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Қазір Маңғыстауда бокс жақсы дамып келеді. М.Жакиев ағамыздың шәкірттері олимпиада және Азия чемпионаттарында жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Былтыр Шымкентте өткен ел біріншілігінде Маңғыстау командасы топ жарды. Осындай еңбекқор бапкерді жолықтырғаныма қуанамын. Бұйырса, ағаларымның салып кеткен сара жолын жалғастырып, Токиода топ жарып, елімді қуантсам деймін. Сонымен қоса, Маңғыстау бокс клубының жаттықтырушыларының да еңбегі өте зор. Оларға да рақметімді айтқым келеді. Алла қаласа, Марат ағайдың еңбегін ақтап, биік белестерді бірге бағындырамыз.

– Былтыр Иорданияда өткен лицензиялық турнирде жеңімпаз атанып, жолдамаға ие болдың. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев БАҚ-қа берген сұхбатында: «Амманда Бекзад үшін бәрі жақсы өтті дей алмаймын. Оның да кемшіліктері бар. Сол жарысқа нағыз бабында барған жоқ. Негізі мінездің арқасында жеңіп шықты. Бекзадқа әлі көп жұмыс істеу керек», – деп айтқан еді. Сол қателермен жұмыс істеп, кемшіліктеріңді жойдың ба?

– Иә, әрине, біз әлі көптеген жұмыстар күтіп тұр. Олимпиада ойындарына дейін толық дайын болам деген сенімдемін. Оған дейін уақыт бар. Қазір сол уақытты өз пайдамызға шешіп, өзіміздің жақсы, мықты қасиеттердерімізді дамытып, кемшіліктерімізді түзеудеміз.

– Ұлттық құрамада жүріп, кәсіпқойда екі жекпе-жегіңді өткізіп, екеуінде де жеңіске жеттің. Үшінші жекпе-жегің жалғаса ма?

– Қазіргі уақытта ұлттық құраманың боксшыларымен дайындалып жатырмыз. Алда халықаралық жарыстар мен турнирлер бар. Соған қатысамын. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғ.Кенжебаев пен жеке бапкерім М.Жакиев екеуара ақылдаса отырып, кәсіпқойда үшінші рет жекпе-жекті қажет ететін болса, мен шығуға дайынмын.

– Бекзад, бір сұхбатыңызда: «Бала кезімде Жаңаөзен қаласындағы бокс үйірмесіне қатысып жүргенде, олимпиадада бағымды сынап көрсем деген арманым бар еді», – деп айтқан екенсің. Сол арманға жету үшін он екі жыл уақытың өтті. Боксты таңдағаныңа өкінбейсің бе?

– Жоқ, өкінбеймін. Он жасымда әкем осы спортқа берді. Содан бері түрлі жарыстарға қатысып, Қазақстанды әлемге танытып келемін. Бір жағынан бокстың арқасында елге танылып жүрміз, нанымды тауып жүрмін. Сондықтан еш өкінбеймін.

– Токио олимпиадасына Маңғыстау облысынан жалғыз өзің ғана қатысып бақ сынағалы жүрсің. Жерлес жанкүйерлерің еселеп үміт күтіп отырғанын сезінесің ғой?

– Рас, әзірге Маңғыстау облысында бір ғана жолдама. Бірақ олимпиадаға дейін төрт ай уақыт бар. Облысымыздың спортшыларына жолдама алуға мүмкіндік жеткілікті. Былтыр карантинге байланысты біраз лицензиялық турнирлер өтпей қалды. Бұл қазақстандық спортшыларға ауыр тиді. Биыл таеквондодан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Қайрат Сарымсақов 2021 жылдың 21-22 мамыр күндері Иорданияда лицензиялық іріктеу турнирінде қатысып, бақ сынайды. Ол әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Қайрат ағам жеңіске жетіп, жолдамаға ие болады деген сенімдемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

– Сізге де рақмет!

Айбек МҰХАНОВ,
журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: