Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем чемпионатында осал қарсылас болмайды

09.11.2023, 11:20 2336

Мөлдір  ЖАҢБЫРБАЙ:

Сыр елінен түлеп ұшып, каратэден еліміздің байрағын көкке көтеріп жүрген жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай Қазақстан тарихында болмаған нәтиже көрсетіп, күллі қазақ жұртын бір қуантты. Дәлірек айтқанда, Мажарстандағы бүкіл әлем көз тіккен каратэден әлем чемпионатында жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген адуынды спортшылардан басым түсіп, алтын медальді қанжығасына байлады. Мөлдірдің бұған дейінгі бағындырған белесі аз емес. Дегенмен, оның бұл жетістігі халық жадында өшпестей болып сақталатыны даусыз. Себебі, бұрын-соңды ешбір қазақстандық осы күнге дейін аталған спорт түрінен алтын жүлдені иеленген емес. Келіндік өмір мен спорттағы мансабын қатар алып жүрген Мөлдір Жаңбырбайдың келешек спортшы қыздарымызға үлгі болатыны сөзсіз. Тек Сыр елінің ғана емес, Қазақ елінің мақтанышына  айналған  чемпионмен  сұхбат  өрбіткен  едік.

– Әлемнің мен деген каратэшілері бас қосқан дүбірлі доданың жеңімпазы атанып, ел мере­йін үстем еттіңіз. Әлем чемпионы болғаныңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Будапештте өткен турнир несімен есте қалды және Балтық елдерінің астанасы саналатын шаһардан қандай әсер  алдыңыз?

– Көп рақмет! Турнир елге каратэден тұң­ғыш рет алтын медальмен оралғаныммен есте қалды. Жалпы, әлем чемпионаты мен ойла­ғандай үлкен дәрежеде өтті. Осы тұста венгриялықтардың ұйымдастырушылығына тәнті болдым.

– Әлем чемпионатына анау-мынау спортшының қатыспайтыны анық. Қарсыластарыңыздың бәрін айқын басымдықпен жеңіпсіз. Оппоненттердің  әуселесін  қалай  бағалайсыз?

– Өзіңіз айтқандай, әлем чемпионатында осал қарсылас болмайды. Барлығы өз елінен іріктеліп шыққан. Бірақ, мен де фавориттердің бірі болдым. Салыстырмалы түрде Азия ойындарына қарағанда оңайырақ болды. Бірінші және екінші алжирлік және жапондық, соны­мен қатар словакиялық  қарсыластармен осы күнге дейін мүлде кездесіп көрмедім. Ал жартылай финалдағы қарсыласпен бұған дейін де шыққанмын. Соңғы рет мамыр айында болған премьер лиганың финалында күш сынасып, жеңіліс тапқан едім. Финалда жеңген италия­лық каратэші –  аты шыққан, біраз турнирде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген, тәжірибелі спортшы. Турнир барысында шаршадым, мына қарсыласым қиынға соқты деп айта алмаймын. Бәрі жоспарымдағыдай, мен ойлағандай  өтті.

– Қазіргі сәтте бокс, күрес секілді спорттарға ерекше көңіл бөлініп, кей кезде каратэ назардан тыс қалып жатады. Дегенмен, осы өткен әлем чемпионаты, сондай-ақ соңғы Азия чемпионаты отандастырымыздың каратэден ауылы алыс емес екендігін көрсетеді. Еліміздегі бұл жекпе-жек түрінің дәріптелуіне көңіліңіз тола ма?

– Каратэмен айналысқысы келетін бүлдіршіндердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Әсіресе Токиода өткен Олимпиада ойындарынан кейін, каратэ ойыны медиада таныла бастағаннан соң қызығушылық одан әрі арта түсті. Ал бокс пен күрес түрлері қанша жылдан бері олимпиада ойындарының санатына жатқан соң, оларға баса назар аударылатыны, қоғам арасында кең ауқым алатыны анық, таби­ғи  нәрсе  деп  есептеймін.

– Отбасылы екеніңізді білеміз. Жолдасыңыз­дың да каратэші екені мәлім. Әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінгенін естіп, қуанып жатырмыз. Балаларыңызды да бұл спортқа  машықтайтын  шығарсыздар?

– Иә, жолдасым да бұл спортпен біраз уақыттан бері шұғылданады. Екеуміз бір командада жүріп, шаңырақ көтергенбіз. Бір жағынан қайын атам да – каратэ жаттық­тырушысы. Әрине, қызымызды каратэге баули­мыз. Жалпы, каратэ оның қанында болатыны анық. Дегенмен, кәсіби түрде спортшы атану,  атанбауын  өзіне  салуды  жөн  көремін.

–  Отбасылық күйбің  тірлікті жаттығумен қатар  алып  жүру  қиынға  соқпады  ма?

– Әрине оңай емес. Не дегенмен бір отба­сының түтінін түтетіп отырмын ғой. Бірақ, күйбің тірлікте аса қиналамын демеймін. Осы орайда ата-енеме алғысымды білдіремін. Қызы­ма қарап, менің осы жеткен жетістіктеріме үлкен үлесін қосқан сол кісілер. Жақындарымның қолдауының арқасында жеңіс тұғырынан көрініп жүрмін десем, артық айтпағаным  шығар.

–  Осы жыл әлем чемпионы болуымен тамамдал­ған шығар. Алдағы жылға қандай амби­ция  қойып  отырсыз?

– Иә, осы жылды әлем чемпионатымен аяқтадық. Қазір жарақатымды емдеп, формаға келу үшін барымды салып жатырмын. Алдағы жылға бапкерлер өздері жоспар құрып, қай жарысқа қай спортшының баратынын жариялайды.  Келесі жылы Жабық Азия ойын­дары мен Азия чемпионатына нақты бармақ ниеттемін. Тағы да турнирлер шығып жатқан жағдайда жаттықтырушылармен  ақылдасып, көре жатамыз.

– Биыл әлем чемпионатынан үш бірдей жүлдемен оралдыңыздар. Бұл дегеніміз қазіргі құрамадағы спортшылардың  бәсекеге қабілетті екендігініне айқын дәлел. Құрама сапында өзіңіз секілді әлем, Азия чемпионатының алтыны үшін тайталасуға қауқарлы, потенциалы жоғары жас спортшылар  бар  ма?

– Биылғы әлем чемпионаты рекордтарға толы турнир болды. Біріншіден, алғашқы алтын, екіншіден, қатарынан үш жүлде. Жоғарыда айтып кеткендей, каратэ спорты елімізде қарқынды дамуда. Әлемдік рейтингте әр салмақ түрінен спортшыларымыз үздік бестіктен түспейді. Құрамадағы әр қыз-жігіт талантты, потенциалы жоғары деуге толықтай негіз бар. Оған дәлел – іштегі бәсекелестік. Спортшының бағы мен бабы қатар шапқан тұста каратэшілеріміз жеңіс тұғырынан көріне береді деген ойдамын.

– Сұхбатыңызға рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан 

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: