Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Волейболдан халықаралық турнирдің жеңімпазы анықталды

17.02.2020, 12:58 580

14-16 ақпан аралығында «Мұз айдыны» спорт кешенінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында он бірінші халықаралық турнир өтті.

Облыста алғашқы мәрте ұйымдастырылған жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Байқоңыр қалаларынан және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан 12 команда, 50 жастан жоғары 150-дей ардагер қатысты.

Жарыстың құрметті қонағы ретінде қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қатысып, Алматы қаласының «КАЗНАУ» команда құрамында ойын көрсетті. Айта кетейік, айтулы жарыс бұған дейін Алматы, Тараз, Атырау қалаларында өтіп келген.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов аға буынның үлгілі жолына негізделген дүбірлі бәсеке ардагерлерге құрмет көрсету болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың тиімді тәсілі екендігін айтты.

«Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеретін тағылым мен тәрбие шарасына айналған, командалық ойын спорт түрі – волейболдың жыл санап бұқаралық сипаты артуда. Қазіргі таңда облысымызда осы спорт түрімен 28 мыңнан астам адам шұғылданады»,- деді облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов.

Үш күнге созылған жарыстың нəтижесінде Алматы қаласының «КАЗНАУ» командасы 1-орынды жеңіп алды. Байқоңыр қаласы екінші, Шығыс Қазақстан жəне Түркістан облыстары үшінші орындарды иеленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: