Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркиядан төрт алтын

18.11.2021, 13:30 182

HALYQLINE.KZ Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті білім, ғылым, спорт, мәдениет саласындағы жетістіктерінің нәтижесінде еліміздің үздік жоғары оқу орындарының алдыңғы ондығына енді. Оқу орнының білім алушылары білім және ғылым саласында ғана емес, өнер, кәсіпкерлік, спорт салалары бойынша да үздіктер қатарында. Айталық, жуырда Түркияның Стамбул қаласында өткен Әлем чемпионатында университеттің төрт студенті алтын медаль иеленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай хабарлады.

– Университетте спорттың 11 түрінен 21 спорт секциясы жұмыс жасайды. Университетіміздің студенттері шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, футбол, қол добы, бокс, пауэрлифтинг, жүзу, фитнес, спорттық күрес түрлері бойынша көптеген жетістіктерге жетуде.

Спорттық секцияларға университеттің 3033 студенті қатысады. Спортшыларымыз Қазақстан Республикасының намысын қорғап, ұлттық құрама командасына қабылданды. Университетіміздің баскетбол, волейбол және футболдан ерлер құрама командалары Республикалық студенттік лигаларға қатысуда.

Бүгінде оқу орнында Әлем чемпионатының – 9, Азия чемпионатының – 27, Қазақстан чемпионатының – 120 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Университетттің спортшы студенттері арасында 7 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 53 Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер, 33 Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі білім алады, – деді Жандос Нұртайұлы.

Сондай-ақ, бирифингке Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Әлем чемпионы, ҚР XI жазғы универсиадасының жеңімпазы, ҚР-ның сегіз дүркін чемпионы Дамир Камал, ҚР спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Әлем чемпионы, ҚР-ның үш дүркін жеңімпазы Әсемгүл Ердәулет, ҚР спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР-ның төрт дүркін жеңімпазы Қонысбек Алишершарип, ҚР спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Әлем чемпионы, ҚР-ның үш дүркін жеңімпазы Бақдәулет Кубаш қатысты.

Айта кету керек, Түркияның Стамбул қаласында 4-7 қараша аралығында каратэ-додан Әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтсақ, Алишершарип Қонысбек 60 кг салмақта, Дамир Камал 67кг салмақта, Бақдаулет Кубаш 76 кг салмақта, Асемгүл Ердәулет 50 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарынан оза шауып, Әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Спортшыларды тартысты додаға дайындауда жаттықтырушылары Нұрбол Тойшыбаев пен Нұржан Ақпанбеттің еңбегі зор.

Жиын барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай университетте бір апта бойы мерекелік шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті. Мереке аясында 1-курс білім алушыларын салтанатты түрде студенттер қатарына қабылдау шарасы өтуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: