Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр спортының серпілісі

19.08.2021, 9:30 424

Сыр елі қай кезде де өзінің даңқты спортшыларымен  мақтана  алады. Әлемдік бәсекелерде көк туды көкте желбіретіп, күллі Алаштың мерейін  арттырған  «ту ұстаушыларымыз» көп. Бұл сөзімді өткен Олимпиада ойындарында тағы бір дәлелдеді.  Токио төріне өңірімізден  3 спортшы аттанған болатын. Жергілікті жанкүйерлер  жерлестеріне  қолдау көрсетіп, тікелей  эфир артында тақымдарын қысып отырды.  Боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев қола медальді жеңіп алды. Өткен аптаның бейсенбі күні сол Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан Сыр спортшылары туған жерге оралды. Күншығыс елінде өнер көрсеткен саңлақтарды жерлестері салтанатты түрде қарсы  алды.

«Қорқыт ата» әуежайында жан­күйерлер қарасы көп болды. Сыр елінің саңлақтарын көруге жас спортшылар мен белсенді жастар жиналған. Салтанатты   шараға  облыс  әкімінің  орынбасары  Серік Ахмет қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді. Жанкүйерлер сүйікті спортшыларымен бірге суретке түсіп, жанкүйерлік ықыластарын  көрсетті.

– Спортшыларды шын жүректен құттықтаймын. Бүкіл әлем көз салған байрақты бәсекеде ел намысын қорғау әркімнің қолынан келе  беретін  іс емес. Осындай ірі додада Қам­шыбек Қоңқабаев қола медаль алса, каратешіміз Мөлдір Жаңбырбай мен балуанымыз Дәулет Ниязбеков өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Сіздердің әрқайсы­ларыңыз – біз үшін чемпион­сыздар. Алдымызда жеңісті күндер күтіп тұр. Үшеуіңе де сол сайыста жанкүйер болып, жеңістеріңе куә болатынымызға күмән жоқ. Сіздер Сыр елі ғана емес бүкіл елдің абыройын асқақтатады деп сенемін. Тек қана алға, Сыр елі жасай берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары  Серік  Әбжәліұлы.

Жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевқа Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шығу құрметі бұйырған болатын. Сондай-ақ, ол бокстан ұлттық құраманың капитаны болды. Өз салмағында­ғы алтынға үміткер спортшының бірі еді. Алайда жартылай финал­дық ойында американдық Ричард Торреске жол берді. Сыр елінен барған тағы бір тәжірибелі спортшымыз Дәулет Ниязбеков те қола­ға талас­ты. Десе де, шешуші кездесуде үнді балуан­ынан жеңіліс тапты. Ал Мөлдір Жаңбырбайға топтық кезеңнен өтуге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Сайыс барысында каратеші қыз шеберлігін көрсетіп, жақсы өнер көрсеткенін айта кету қажет. Сыр спортшылары алтын­нан алқа тақпаса да, еңселерін биік ұстауларына негіз көп. Олардың еңбегін алтын­ға  бағалауымыз  да – осыдан.

– Туған жерім – алтын бесігім. Қола жүлдем­ді алтындай көріп, жанкүйерлік танытып жатқандарыңызға алғысым шексіз. Бұны­мен тоқтамай, талай жеңістермен қазақ елін қуан­тамын деп сенемін. Олимпиада ойын­дарында кездесудің барлығы да оңайға соқпады. Десе  де, жартылай финалдық ойын­да атап өткен жөн. Жеңілісімнің бірнеше себе­бі бар. Тактикалық тұрғыдан қателіктер болды. Ешқандай жеңіліс жайдан-жай болмайды. Бұйырғаны осы болды. Алда біршама  уақыт демалыс аламын. Содан кейін ғана болашақты жос­парлайтын бола­мыз. Биыл әлем чемпионаты болады. Бәлкім, соған барып қалармын. Десе де, кәсіпқой боксқа ауысуға да ниеттімін, – деді Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек  Қоңқабаев.

Елдің ары, асыл істің қамы үшін атқарылып жатқан жұмыстар көп. Биыл аймақ спортшылары көптеген жарыстардан олжа­мен оралды. Жыл басынан бері қызыл­ордалық спортшылар ел біріншіліктерінде 700 медаль, әлем, Азия чемпионаттарында 46 медальға қол жеткізген. Сондай-ақ, бұқаралық спортта жылдан-жылға дамып келеді. Спорттың басты насихатшылары әлемдік аренада топ жарып жүрген спортшылар екені белгілі. Бұл ретте Олимпиа­даға қатысушылардың да еңбегі мол. Әуежайдағы салтанатты шара­дан кейін, спортшыларды облыс әкімі қабылдады. Кездесуде аймақ басшысы ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөлік кілтін табыстап, бапкері Сейітжан Төкенов пен Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков, Мөлдір Жаңбырбайға 1 млн теңгенің сертификатын  табыс­тады.

– Екі апта бойы облыс халқы аламанға үкілеп шығарып салған үміттерінің тілеуін тілеп, жан­күйер болды. Алыс сапарға жауапты жарысқа аттанған ұл-қыздарымыз сенімді ақтады. Ал Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі талай балдырғанның қиялына қанат бітіріп, Сыр халқының көптен күткен арманын жүзеге асырды. Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алып, әлем мықтылары бас қосқан сайыста  ұстап шығу қашанда үлкен мәртебе, зор сенім. Бұл міндетті  жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті, – деді облыс әкімі  Гүлшара  Әбдіқалықова.

Кездесу соңында Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа жаңа көлік тарту етті. Спортшыларға берілген сый-сия­паттың барлығы демеуші­лер қолдауымен алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: