Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спорт тарихындағы үздік 10 атлет

22.02.2024, 10:20 155

Нақты бір спорт түрі бойынша топ құрау қиын дүние емес. Критерийлер мен қойылатын талаптар бірдей болған соң, жасау да соншалықты оңай. Соған орай «Футбол тарихындағы  ТОП-10 ойыншы», «Ең үздік 5 боксшы» деген сипаттағы мақалаларды көзіміз шалып жүр. Дегенмен, жалпы спорт тарихындағы ең үздік атлеттерді жіктеуге көбінің дәті бармайды. Десе де, әртүрлі ереже, категория… Сәйкесінше, объективті түрде ТОП құрастыру қиынға соғатыны анық. Алайда, фантазияға не кедергі? Спорт тарихынан ойып тұрып орын сайлаған, есімдері мәңгілікке ел жадында сақталатын он үздікті анықтап көрелік.

10. Джим Торп (универсал)

Джим Торп – ғұмырында біршама спортпен айналысқан адам. Жалпы олимпиада тарихында Торп секілді әмбебап спортшы болмаған деседі. Ол өз ғұмырында баскетболмен, бейсболмен, америкалық футболмен, жеңіл атлетикамен айналысып, сондай-ақ, боксқа да қатысып, екі дүркін олимпиада медалін алған.

9. Серена Уильямс (теннис)

Әйелдер теннисі дегенде көпшіліктің ойына Серена Уильямстың топ ете қалатыны анық. Бала кезінен әлемнің бірінші ракеткасы болу пешенесіне жазылған ол «Алтын дулығаның» иегері және 38 мәрте «Үлкен дулыға», 4 мәрте олимпиада чемпионы атанды. Тіпті Серена Уильямстың құрметіне кинофильм де түсірілген.

8. Александр Карелин (грек-рим күресі)

Александр Карелин – ресейлік грек-рим күресінің шебері. Аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Карелинді кейбірі «эксперимент» деп те атап кеткен. Жас кезінен Ресей ұлттық құрамасының басты жауынгері болып, 3 рет олимпиада ойындарын жеңіп алды. Олимпиададан тыс, грек-рим спортынан КСРО-ның         13 рет, Еуропаның 12 рет чемпионы атанған. Өзінің ұзақ жыл бойғы карьерасында тек 2 рет қана жеңіліс тауып,  887-2  деген  рекордтық көрсеткішпен  тамамдаған. Бұндай үстемдікті  жекпе-жек  өнерінде ешкім  көрсете  алмаса  керек.

7. Криштиану Роналду (футбол)

Португалдық футболшыны еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін таниды. Спорт тарихында Роналду секілді имидж қалыптастырған ойыншы болмаған деуге толық негіз бар. Месси мен Роналду арасындағы бәсекелестік ұзақ жыл бойы жалғасып, қаншама адамның футболды жақсы көруіне себепкер болды. Криштианудың соққысы, жылдамдығы, дене тұрпаты оның нағыз атлет екенінің дәлелі. Сондықтан да, Криштиану ойланбастан үздік ондыққа кіреді. Криштиану Роналду футбол тарихындағы ең үздік сұрмерген  болып  табылады.  Оның қоржынында  5  алтын  доп, 5 ЧЛ,  1  EURO  бар.

6. Магнус Карлсен (шахмат)

Норвегиялық шахматшыны бекер «шахматтың Мессиі» деп атамайды. Магнус Карлсен шахматқа туғанынан икемделіп, 13 жасында гроссмейстер атанған. Рапидтен де, блицтен де біршама турнирді жеңіп алып, өз заманында ешкімге дес бермей келеді. 13 жасында шахматтың ұлы ойыншыларының бірі Гарри Каспаровпен тең ойнап, біраз әбігерге салған. Сол уақыттан бастап Магнустың атағы шарықтай түсті.

5. Мұхаммед Әли (бокс)

Кәсіпқой бокста атағы жер жаратын біраз боксшыны білеміз. Майк Тайсон, Сауль Канело Альварес, Флойд Майвезер, Мэнни Пакьяо, Геннадий Головкин… Осы  орайда, атап өтілген боксшылар өнер көрсететін спорт түріне ерекше қарқын әкеліп, бокста ғана жетістікке жетіп қоймай, қара нәсілділердің құқығын қорғаған Мұхаммед  Әли  жайында  атап өтпесек  болмайды.  Мұхаммед    Әли – боксқа өзгеше стиль алып келген модернист. 1960 жылғы ауыр салмақ бойынша олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокста 56 рет жеңіс тұғырынан көрініп, 5 мәрте жеңіліс  тапқан.

4. Лионель Месси (футбол)

Лионель Месси – аргентиналық данышпан, кішігірім Росарио қаласында дүниеге келіп, футболдағы бар белесті бағындыра білген ұлы ойыншы. Допты ұстай білуі, кез келген қысымнан команданы шығара алуы, дөп түсетін пастарымен футбол жанкүйерлерінің сүйіспеншілігіне бөленген аяқдопшы. Месси бас-аяғы 8 мәрте алтын доп иеленіп, 4 рет ЧЛ-да жеңімпаз атанған.  2022 жылғы мундиалды қанжығасына майлап, объективті түрде футбол тарихындағы үздік ойыншы  атанды.

3. Майкл Джордан (баскетбол)

Майкл Джорданды тану үшін міндетті түрде баскетбол фанаты болу қажет емес. Джордан – спортқа ғана емес, әлемдік киім брендін қалыптастырып, ең бай спортшыларының қатарына кірген атлет. Американдық баскетболшы NBA-ді 6 рет жеңді, қаншама финалда үздік ойыншы номинациясын иеленді. Шабуылдаушы әрі қорғаушы позициясында өнер көрсетіп, әмбебап ойынымен көзге түскен Джорданның қоржынында 2 олимпиаданың алтын медалі бар екенін ұмытпаған жөн.

2. Усэйн Болт (жеңіл атлетика)

Болттың жеткен жетістігін тізбектеп айту үшін бір мақала арнауымыз керек-ау. Усэйн Болт – ямайкалық жеңілатлет. 8  мәрте  олимпиада, 11 мәрте  әлем чемпионы.  100  метр  қашықтықта да, 200 метр  қашықтықта  да  рекорд осы  спортшыға  тиесілі.  Әлемдегі  ең  жылдам  адам.

1. Майкл Фелпс (жүзу)

Иә, бұл спортшыны тек қана олимпиада ойындарын үзбей қарайтындар танитын болар. Жүзу – футбол, бокс немесе баскетбол секілді көп адам қарайтын спорт түріне жатпайтыны белгілі. Сондықтан кейбіріміз «неге Месси емес?», «неліктен Джордан емес?» деп бұлдануымыз мүмкін. Сондықтан, ең алдымен Фелпстің түйіндемесімен танысып алайық. Майкл Фелпс – 23 мәрте олимпиада,  26 мәрте әлем чемпионатының алтын жүлдегері. Олимпиада тарихындағы алтындар санынан да, жалпы жүлде қорынан да Фелпске тең келер ешкім жоқ. Бұл спортшы – абсолюттік рекорд игері. Сондықтан да, Майклды спорттың үздігі деп атауға толықтай негіз бар.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: