Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қысқы спорт дамысын десек…

30.11.2023, 12:00 145

Бірден айтайық, Қызылорда облысында қысқы спорттың даму қарқыны тым жоғары емес. Мұны «басшылықтың олимпиадалық спорт түрлеріне көп көңіл бөлуінің салдары» деп пікір білдіретіндер бар. Сондай-ақ, Сыр еліндегі климаттық жағдаймен байланыстыратындар да табылады. Соңғы 10 жыл көлемінде қысқы спорт түрлерінің ресми жарыстарында Қызылорда облысының намысын мұз үстіне өрнек салған, мұз үстінде ойнақ салған мәнерлеп сырғанау спортының хас шебері Элизабет Тұрсынбаева абыроймен қорғады.

Жалпы, Қызылорда қаласындағы №4 олимпиа­далық резервтің мамандандырылған балалар-­жасөс­пірімдер мектебі қазіргі таңда 3 қысқы спорт түрі бойын­ша жұмыс істейді. Конькимен мәнерлеп сыр­ғанау спортында 46 спортшы мен 1 жаттықтырушы, шорт-трек – 58 спортшы мен 3 жаттықтырушы, шайба­лы хоккей – 83 спортшы мен 2 жаттықтырушы қызмет  атқарып  жатыр.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама ко­ман­да мүшелігіне 2023 жылы 8 (мәнерлеп сырғанау – Яхияев Темірлан, Смағұлов Артур, Қасымова Аянат, Джармухамедова  Диана,  шорт-тректен – Көлкеев  Олжас, Есен Жансая, Құрманбай Ұлту, Туралиева Диля­ра) облыс спортшысы енген. Өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында Қызылорда қаласынан «Мұз айдыны» спорт кешені салынып, 2013 жылы пайдалануға берілді, – дейді Қызылорда облыстық мәдениет және  спорт  басқармасының  баспасөз  қызметі.

Қызылордалық жаттықтырушы Марат Мұратбек­ұлы шорт-трек спортының облыстағы даму барысына, кадр жетіспеушілігіне тоқталды. «Шорт-трек спор­тына облыс қаншалықты көңіл бөледі?» деген сұра­ғымызға да лайықты жауап алдық. Яғни, Қызыл­орда облысында ғана емес, еліміз бойынша белгілі бір спорт түрлерін ғана кең көлемде қаржыландыру ісі жақсы  жолға  қойылғаны  байқалады.

– Аймақтағы шорт-тректің даму деңгейі орташа. Мектебіміз биыл арманда жүрген құралдарды сатып алды, тағы да алу жоспарда бар. Қысқы спорт түрінің ішіндегі шорт-трек чемпионаттарында шәкірттеріміз тұрақты жеңімпаз және жүлдегер атанып жүр. Бір спортшымыз биыл ұлттық құрама сапына енді және жастар арасында Әлем кубогына дайындалып жатыр.

Облыс шорт-трек спортына аса мән бермей жатыр, кадр жетіспейді, шорт-тректі жоғары деңгейде дамытуға болады. Қыркүйек айынан бастап бір спортшымыз­ға шәкіртақы беріп жатыр, оған қатты қуандық. Бізде күрес, ауыр атлетика, бокс спорттарына басымдық беріледі. Бірақ, бұл – тек біздің ғана емес, елімізге тән құбылыс, – дейді  ол.

Жаттықтырушының пікірімен келісуге болатындай. Әрі мұндай пікірді спорт сарапшылары мен  жур­налис­тері  ашық  айтып,  жазып  жүр.

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 2014-2023 жылдардағы қысқы спорт түрлерінің ресми жарыс­тарында алған жүлделері салмақты деуге болады. Бір ғана Элизабет Тұрсынбаева Жасөспірімдер қысқы Олимпиада ойындарында – қола, қысқы Азия ойындарында және Әлем чемпионатында күміс медальді еншілеген. Десе де, спортшының осы күні үлкен спорттан кеткенін еске салсақ, ізбасарлар дайындау­да әлде де көп жұмыс атқарылуы керек екені анық байқала­ды.

Қызылордада ғана емес, елімізде қысқы спорт қарқынды дамысын десек, балалар спортына және инфрақұрылымына жете мән беруіміз керек. Аты бар да, заты жоқ спорт түрлері мен федерацияларына миллиондап қаржы бөлуді тоқтатқан жөн. Өйткені, бұған дейін елімізде аты белгілі де белгісіз спорт түрлерін дамытуға көп қаржы жұмсалғанын спорт журналистері анықтаған-ды.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: