Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда екі спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді

01.06.2026, 17:00 57

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан орталығы Әйтеке би кентінде екі бірдей спорттық ойын алаңы ел игілігіне табысталды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа нысандар 5-ші квартал аумағындағы №276 мектеп жанында және 2-ші квартал аумағындағы жаңадан ашылған тұрғын үйлер маңында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған спорт алаңдары балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік бермек.

Спорт алаңдарының ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз етуді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Осы бағытта елімізде, оның ішінде ауданымызда да өскелең ұрпақтың игілігі үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі мерейлі мереке қарсаңында аудан орталығы Әйтеке би кентінде бір емес, екі бірдей спорт алаңының пайдалануға берілуі – соның нақты көрінісі. Бұл – балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты шұғылдануына, саламатты өмір салтын қалыптастыруына жасалған маңызды қадам. Президент Жолдауынан туындаған міндеттер негізінде ауданымызда спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың өзінде аймақты 4 жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берлісе, бүгінде Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы спорт саласында аудан бойынша 12 спорт нысаны, оның ішінде спорт мектептері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері қызмет көрсетіп, 36 спорттық үйірме жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, аудан көлемінде 60 жасанды спорт алаңы ел игілігіне берілген. Мұның барлығы – балаларымыздың дені сау әрі елжанды азамат болып қалыптасуы үшін жасалып жатқан игі істер. Алдағы уақытта аудан көлемінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен, ауданға жасаған қолдауының нәтижесінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асатын болады.

Биыл аудан орталығында 2 спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өздеріңіз куә болғандай 2 спорт алаңы пайдалануға берілуде. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған бұл спорт алаңдары аудан жастары мен жасөспірімдерінің сүйікті орнына айналып, талай жас спортшы шыңдалып, ауданымыздың намысын қорғайтын азаматтар тәрбиеленеді деп сенеміз, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Спорт алаңдарының ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, спорт саласының ардагелері Қуанған Бәкен, Мейрамбек Қарабалаев пен ақсақалдар сөз сөйлеп, бата беріп, жаңа спорт алаңдарының ашылуымен құттықтады.

Бұдан кейін жаңа спорт алаңның құрылысын жүргізген мердігер мекеме «Cарым Құрылыс» ЖШС-ның құрылысшылары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Салтанатты іс-шара соңында аудан әкімі мен зиялы қауым өкілдері, тұрғындар жаңа спорт алаңдарын аралап көріп, жас спортшылармен жүздесті. Аудан басшысы жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарқын болашақ тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: