Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қамшыбек VS Иса: Бұрынғы бас бапкердің болжамы

19.08.2020, 9:45 782

HALYQLINE.KZ Алматы қаласында 23 тамыз күнгі MTK FIGHT NIGHT кәсіпқой бокс кешінде қос батырымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен Иса Ақбербаев (20-1-0, 15 КО) шаршы алаңда кездеседі. Әуесқойда әбден ысылған Қамшыбек кәсіпқойда алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ал оның қарсыласы Исаның кәсіпқойда жалғыз жеңілісі бар. Қазақстандық қос боксшының кездесуінде кім жеңетіні туралы болжам жасап, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері болған Тұрсынғали Еділов «Қазақ спорты» газетіне эксклюзив сұхбат берді.

– Тұрсынғали Нұржақыпұлы, сіздің ойыңызша Қамшыбек өзінің дебюттік жекпе-жегін Иса Ақбербаевқа қарсы өткізеді. Екі боксшының қайсысы жеңеді деп ойлайсыз?

– Әрине, Қамшыбек Қоңқабаев жеңеді. Неге десеңіз, оның тәжирбесі мол әрі дәл қазір нағыз бабында. Әуесқойда талай жеңіске жеткен. Қазіргі жекпе-жегі сегіз раундтан тұрады. Сол үшін мен ойлаймын, екінші, үшінші раундта айқын басымдықпен Қамшыбек ұтады деп сенімді түрде айта аламын.

– Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаевтың қолдауымен Қ.Қоңқабаев пен MTK Global компаниясының басшысы Асқар Салықбаев екіжақты келісімшартқа отырды. Ғалым Қалиұлы БАҚ-қа берген сұхбатында: «Жалпы, Қамшыбек кәсіпқойда бір немесе екі жепке-жек өткізеді. Кейін ол ұлттық құрама қатарына қосылып, Токио олимпиадасына дайындалады. Қазір оған мықты қарсыласпен шығудың қажетті жоқ. Кәсіби боксқа әлі үйренген жоқ» деп мәлімдеді. Ал сіз Иса Ақбербаевты Қамшыбекке оңай қарсылас деп айта аласыз ба?

– Әрине, МТК Global компаниясымен, Ұлттық құраманың бас бапкерімен бірге келісімшартқа отырған болса, онда Қамшыбекке кәсіпқойда үш жекпе-жек өткізудің керегі жоқ. Неге десеңіз, келер жылы Токио олимпиадасы өтеді, соған дайындалғаны дұрыс. Қоңқабаев пен құрама команданың өз жоспарлары бар. Ол жерде де оның қарсыластары бар, басқа олимпиадаға қатысатын… соларға қарап дайындалу керек. Кәсіпқойда басқа, рейтинг үшін қарсыластарын өздері таңдап қояды ғой. Бірақ олимпиадада басқа, сол үшін қай қарсыласқа да жоспар құрып дайындалу керек. Сол үшін мен де дұрыс деймін. Бас бапкер Ғалым Қалиұлының айтқанында, екі-үш жекпе-жек жетеді. Кейін Қоңқабаев өзі қарсыластарына қарап, құрама команданың жоспарымен олимпиадаға дайындық жасауы керек.

– Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет, Әлем чемпионатының жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет және жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері Талғат Шайкен ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқойға бет бұрды. Олардың құрамадан кетуіне не себеп деп ойлайсыз?

– Біріншіден, құрама командада көп жүре беру бірінші нөмірлі болмаса, тиімді емес. Бәрі өз салмақтарында лицензия алған, олимпиадаға басқа боксшы барады ғой. Мысалы, Құлахметтің орнына, Шайкеннің орнына дегендей… Сол үшін олар көп күтпегені жөн. Қазір кәсіпқой бокс Қазақстанда өте дамып жатыр, соған ертерек шығу керек. Менің ойым сол. Олар енді әуесқойда жете алмаған жетістіктің орнын кәсіпқой бокспен толтырғалы жүр ғой деп ойлаймын. Сол үшін оларға кәсіпқой бокста чемпион болсын деп тілегім келеді.

– Екі дүркін әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Қ.Қоңқабаев өзінің дебюттік жекпе-жегін тәжирбелі боксшымен өткізеді. Қамшыбекке қиын болмай ма?

– Қоңқабаев – тәжирбелі боксшы. Сол үшін Иса Ақбербаев пен жекпе-жек өте қиын бола қоймайтын шығар. Қазіргі ең бірінші мәселе, Қамшыбек қандай дайындықпен шығады деген сұрақ. Сол үшін, әрине, құрама командада тәртіп дейміз, күн тәртібі… содан кейін жинақ жаттығулар олар әрқашан қатысып, дайындықта жүруі тиіс. Қамшыбекке бұл жеңіс ауыр болмайды деп сенемін.

Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: