Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалдарбеков Исағабыловты қабылдады

18.02.2020, 9:41 880

Кеше Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков жерлесіміз, «Әлем Барысының» жүлдегері Мақсат Исағабыловты қабылдап, алғыс хат пен 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, «Достық Жер МК», «Абай Дәулет» шаруашылықтарының басшысы Мұрат Сәрсембаев және Мақсаттың бапкері Әділбек Серікбаев пен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев қатысты.

Кездесуде сөз алған Мұса Оспанұлы ауданымызда тұрғындардың спортпен шұғылдануы үшін барынша жағдай қалыптасқанын, аудан спортшылары өткен жылы ҚР біріншіліктері мен чемпионаттарында 25 алтын, 20 күміс, 25 қола медальды жеңіп алса, Әлем Кубогында 1 қола, Әлем чемпионатында 2 күміс және Азия чемпионатында 1 алтын медальды иеленгенін, Мақсаттың жеңісі Сыр спорты үшін ерекше екенін жеткізді.

Айта кетейік, Мақсат Исағабылов 1994 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген, 2002 жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне самбо күресі бөлімшесіне қабылданды. Ол жасөспірімдер және жастар арасында самбо күресінен, қазақ күресінен және дзюдодан Қазақстан Республикасы біріншіліктерінің жүлдегері және жеңімпазы атанған. Дзюдо және қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», самбо күресінен «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленген, бірнеше республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ел біріншілігінің жеңімпазы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қатысушысы.

Мақсат өткен жылы Моңғолия астанасы Ұлан-батыр қаласында өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында 100 кг жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанса, Қызылорда қаласында өткен қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында 100 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер және чемпионаттың түйе балуандар сайысында күміс жүлдені иеленді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Әлем Барысы» – 2019 халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанды.

Қазіргі таңда Мақсат Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің қазақ күресі бөлімінде жаттығуда, жаттықтырушылары – «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» Әділбек Серікбаев және Болат Кенеев.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: