Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қаламгер» – «Өнер лигасының» қола жүлдегері

13.04.2022, 10:10 581

HALYQLINE.KZ Саламатты өмір сүрудің бірден-бір жолы – спортпен айналысу. Сол себепті, спорттың адам өмірінен алатын орны айрықша. Спортпен шұғылдануда жас айырмашылығына шектеу жоқ. Әсіресе, жастар арасында спорттың дамуы ұлттың сапалы әрі шымыр, мықты, шыдамды болып қалыптасуына ықпал етеді. Жалпы, спорттың қай түрімен айналыссақта денсаулықты жақсартатыны анық. Дегенмен, әлемдік деңгейде шарықтаған спорт түрі – футбол екені белгілі.

Қазіргі таңда, жастар үшін футбол ойыны ең ауқымды спортқа айналуда. Олай дейтініміз, ҚР президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға баса назар аудару жөнінде тапсырма берілген болатын. Осы тұста біздің өңірімізде бұқаралық және балалар спорттын дамыту деңгейін көтеру бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Облыста спорт алаңдары салынып, футболсүйер қауымнан құралған командалар көбею үстінде. Сондай-ақ, бұқаралық спорттың өркендеуіне футболдың қосар рөлі ерекше. Бүгінгі күні Қызылорданың 84 футбол командасы Супер лига, А, В, С, Д лигалары, 35+ лигасы, Өнер лигасы, Балалар лигасы, Шиелі және Қазалы лигаларында бой көрсетіп келеді. Соның ішінде, Қызылорда журналистерінен құралған «Қаламгер» командасы да бар. Айта кететін болсақ, «Қаламгер» футбол командасы 2013 жылы БАҚ өкілдерінің төл мерекесі қарсаңында құрылды. Сыр журналистері осы күні түрлі додаларда бақ сынап, нәтижелі ойын көрсетіп келеді.

– «Өнер лигасында» өнер көрсетуіміз бірінші рет емес. Осыған дейін қысқы, жазғы лигаларында қызылордалық БАҚ қызметкерлерін жинап, бақ сынағанбыз. Ол маусымдар сәтсіз болды. Дей тұрғанымен, осы жолы қола жүлде иеленіп отырмыз. Жалпы, сырбойылық журналистер футболдан өтетін республикалық жарыстарда да жүлделі қайтып жүр. Облыста мұндай турнирлер жиі-жиі өтеді, бұған дейін Б лигасында да доп тепкенбіз. Мұның бәрі – саламатты өмір салтын қалыптастыру, журналистердің басын қосу, өзара сыйластықты, әріптестікті нығайту үшін таптырмас мүмкіндік, – деді «Qyzylorda» телеарнасының дикторы, «Қаламгер» командасының капитаны Талант Айымбетов.

Иә, биыл құрылғанына 9 жыл толатын құраманың жеткен жетістіктері жетерлік. Жерлестеріміздің допты жанына серік етіп, талай биікті бағындырып жүргені жанкүйерлеріне тамаша әсер сыйлайды.

– «Өнер лигасында» ойын тартысты өтті. Қанжығамызға 3-орынды байладық. Соңғы шешуші кезеңде «Esperanza» командасымен кездесіп, 3-те 0 деген есеппен жеңіліп жатып, кейін жігіттер намысқа тырысып, бар күш-жігерін салып, қола жүлдені жұлып алдық. Қазір құрамадағы жігіттердің шеберлігі шыңдалып, үздіктер қатарынан көрініп келеміз, – деді «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, команда жетекшісі Әділбек Жақанов.

Сыр журналистері спорт тақырыбын жазып ғана қоймай, оны ойнауды да жақсы білетінін дәлелдеп жүр. Ендігі сәтте «Қаламгер» командасына тек жеңіс тілейміз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: