Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсарға» қосылған футболшылар

03.03.2021, 15:20 610

HALYQLINE.KZ

Көп ұзамай футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Осыған дейін Түркияда оқу-жаттығу жиынын жүргізген жергілікті «Қайсар» футбол клубы құрамын бірнеше ойыншылармен толтырып, турнирлік кестенің жоғарғы орындарынан үміттері бар екенін білдіртті. Осы трансферлік терезені пайдаланып, «дала қасқырлары» Еуропаның ұлттық құрамаларының ойыншылары мен аладоптың шеберіне айналған қазақстандық футболшыларды да өз қатарына қосты. Трансферлік маусым аяқталмаса да, қазірге дейін ресми түрде «қасқырлар» сапына қосылған ойыншыларға бір шолу жасап, саралап шықтық.

Гегам Кадемян. «Қайсармен» келісімшартқа отырғанАрмения құрамасының футболшысы Гегам клубтық мансабында бірнеше командада өнер көрсеткен. Атап айтсақ, украиналық «Арсенал», «Титан», «Говерла», «Олимпик», «Карпаты», «Заря», «Ворскла» және арменялық «Пюник» пен «Алашкерт». Армениялық футболшының соңғы клубы – белоруссиялық «Неман». 28 жастағы футболшы Беларусь біріншілігінде 29 ойынға қатысып, 12 гол соққан. Немістің «Transfermarkt» порталы ойыншы құнын 600 мың еуроға бағалап отыр.

Арман Кеңесов. Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Арман Кеңесов жыл соңына дейін қызылордалық клубтың намысын қорғайды. Ол «Қайсарға» дейін «Ертіс» және «СКА-Хабаровск» командаларында ойнаған. Кәсіби кезеңде 83 ойынға қатысып, 10 гол соққан. «Transfermarkt» ойыншыны 250 мың еуроға бағалайды.

Стефан Денкович. Азуын айға білеген «Црвена Звезда» клубының түлегі Стефан Денкович жыл соңына дейін қызылордалық «Қайсармен» келісімге келді. Ол Еуропаның бірнеше клубтарында доп тепкен. Дәлірек, «Хапоэль Хайфа», «Войводина», «Пушкаш Академия», «Сутьеска» және т.б. 29 жастағы шабуылшы соңғы үш маусымда сербиялық «Спартактың» намысын қорғаған. Ойыншының құны – 700 мың еуро.

Егор Потапов. 27 жастағы ресейлік қорғаушы Егор Потапов жаңа маусымда «Қайсардың» намысын қорғайды. Өткен маусымда «Славия» командасында өнер көрсеткен. Ойыншының құны – 150 мың еуро.

Усман Н’Дойе. «Лионның» түлегі, 29 жастағы қорғаушы Усман Еуропаның белді клубтарының сапында ойнап, көзге түскен. Ойыншыны «transfermarkt» 400 мың еуроға бағалайды.

Сергей Карпович. 26 жастағы Белоруссия құрамасының қорғаушысы Сергей Карпович жаңа маусымда «қасқырлардың» намысын қорғайды. Өткен маусымда «Ислочь» сапында 27 ойынға қатысып, 1 гол соққан. Сондай-ақ, Сергей – 2020 жылдан бастап Беларусь құрамасына тұрақты шақырту алып жүрген ойыншы. Бұл ойыншының да құны Усманмен бірдей.

Каролис Лаукжямис. Литва құрамасының шабуылшысы Каролис Лаукжямис «қасқырларды» толықтырды. Шабуылшы  Шабуылшы клубтық мансабында 200 ойын өткізіп, 45 мәрте көзге көрінген. Құны 150 мың еуроны құрайтын ойыншы – Литва ұлттық құрамасының шабуылшысы. 19 ойынға қатысып, 2 гол соғып үлгерген.

Сонымен қатар, «Қайсар» жергілікті жастарды да құрамға алды. Сыр футболы мектебінің түлектері Олжас Алтаев, Абылайхан Төлегенов, Шоқан Абзалов, Нұрымжан Салайдын, Өркен Махан, Елжас Сарбай, Бекзат Құрманбекұлы, Аян Құлмағанбетовтер жаңа маусымда «қасқырлардың» намысын қорғайды. Аталған футболшылар оқу-жаттығу жиынында бас бапкер Сұлтан Әбілдаевтың көңілінен шыға білген.

Айта кететін жайт, оқу-жаттығу жиынына келіп, бапкерлер көңілінен шықпай кеткен ойыншылар да бар. Олардың қатарына Хуссоу Ландри, Линас Климавичус, Грейф Клейтон және Игорь Кошман кіреді. Бұл қызылордалық клубтың сапына қосылған соңғы ойыншылар емес. Жаңа ойыншы тіркеуге әлі де уақыт жеткілікті. Десе де қазіргі таңдағы команда сапына ресми қосылған ойыншылар – осылар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: