Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҚАЙСАР»: жеңудің жолын таппады

20.02.2020, 10:45 1408

Биыл Қызылорданың «Қайсары» оқу-жаттығу жиындарын премьер-лига клубтарынан тым ерте бастады. Себеп бар. Өткен жылы жиырма жыл күткен жеңісіне ие болып, кубокка қол жеткізген «қасқырларды» наурыздағы ел біріншілігінің алғашқы ойынынан бөлек тағы бір жауапты матч күтіп тұр. Ол – ақпан айының соңында «Астана» футбол клубына қарсы өтетін суперкубок ойыны. Сондықтан, «Қайсар» басшылығы биыл ерте қамданды.

Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиын­дары­ аясында сырбойылық клуб екі кездесу өткізді.  Естеріңізде  болса, алғашқы қарсылас әзербайжандық «Сабах» командасы еді. 2017 жылы құрылған клубтан «қасқырлар» 3:1 есебімен жеңіліс тапты. Одан соң жерлестеріміз болгариялық «Локоматив П» (Пловдив) командасымен кездесіп, 1:0 есебімен жол берді. Сонымен, «қасқырлар» алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Әрине, екі ойындағы нәтиже үшін басшылықты, бас бапкерді, ойыншыларды кінәлауға болмайды. Өйткені, жолдастық кездесудің өз мақсат-мүддесі бар. Онда бапкерлік құрам ойыншылардың әлеуетін­е көп көңіл бөледі. Және бапкер қаралымдағы ойыншыларға, жас ойыншыларға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, жолдастық кездесудің мақсаты жеңу ғана емес.

Ал, қаңтар айының 30-ына екінші оқу-жаттығу жиыны басталды. Бұл жолы ойыншылардың тактикалық және физикалық дайынд­ығына басымдық берілді. Екінші жиында­ғы бірінші жолдастық кездесу украина­лық «Александрия» командасына қарсы өтті. Бұл ойында да Младенов шәкірт­тері 1:0 есебімен қарсыластарға есе жіберді. Ресейлік «Факел» футбол клубымен өткен жолдастық ойында тең (1:1) есеп тіркелді. Үш жеңілістен кейін болғандықтан ба, тең ойынны­ң  өзіне қуанып қалдық. Оның үстіне Думан Нәрзілдаевтың салған голы, тепкен добы бізді жаңаша  серпілтіп тастаға­н еді. Осылайша  кезекті  кездесуді  тостық.

«Қайсар» одан кейін жеңіске жетпеді. Әуелі 8 ақпанда белоруссиялық «Городея», 11 ақпанда өзбекстандық «Металлург» командаларымен кездесіп, екеуінде де 2:2 есебін тіркеді. Араға үш күн салып тағы бір украиналық команд­аға есе жіберді. «Олимпикпен» өткен ойында қызылордалық команда жауапсыз екі гол жіберді. Ал, жолдастық кездесудің қорытынды матчын армениялық «НОА» клубына қарсы өткізді. Өкінішке қарай, жерлестеріміз бұл ойында да жеңіліс (4:1) дәмін татты.

Сонымен, Стойчо бапкердің шәкірттері екі жиын барысында 8 жолдастық кездесу өткізіп, 3 рет тең түссе, 5 мәрте жеңілді. Клубтың баспасөз хатшысы хабарлағандай, «Қайсар» осы кездесулерден тәжірибе жинақтады» деп жазып­ көрелік. Әлеуметтік желіде жанкүйерлердің ойы екіге бөлініп отыр. Әрине, 8 ойын­да көңіл көншітерлік нәтиже көрсетпеу – бапкер­дің әлсіздігі. Мұны еш ақтап алуға кел­мейтін­дей. Ал, қызылордалық жанкүйерлер бас бапкердің кетуін талап етсе, «Қайсар» басшы­лығының «Младеновке сенейік, ол кубок­ты алып берді ғой» дейтінін бес саусағындай біліп отыр. Расында, жолдастық кездес­у мен ел біріншілігінің ойынын салыстыруға келмес. «Қайсардың» премьер-лигадағы ойынын тамашалайтын күн де алыс емес. Ендеше, сырбойылық клубтың әлеуетін көзбен көретін де кез келер.

«Қасқырлар» енді аздаған үзілістен кейін Қызылордаға оралып, суперкубок ойынына дайындығын пысықтай түспек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: