Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» қайсарлық көрсете алды ма?

09.11.2023, 10:40 363

Әне-міне дегенше футболдан Қазақ­стан чемпионатының 2023 жылғы мау­сымы өз мәресіне жетті. Еліміздің үздік деп танылған 14 клубы 26 тур бойы теке­ті­ресіп, чемпиондық шымкенттік «Орда­басыға» бұйырды. «Астана» мен «Қайраттың» жеңімпаз атанғанына көзіміз үйреніскен соң, «Ордабасының» жеңіс тұғырынан көрінуі көптің таңданысын тудырды. Алдағы уақытта шымкенттік аяқдопшылар Еуропа чемпиондар лига­сының топтық кезеңіне жолдама үшін бақ  сынасады.

Биылғы чемпионат қызылордалық «қасқырлар» үшін сәтті немесе сәтсіз аяқталды  деп айта алмаймыз. 10 жеңіс, 10 жеңіліс. Жеңіліс пен жеңістің дәмін бірдей татқан «Қайсар» лиганы 6-орынмен тамамдады. Алдыңғы маусымды Бірінші лигада өткізгендерін ескерсек, клуб басшылығының тың өзгерістері азда болсын көмегін тигізгенін аңғарамыз. Өзгеріс байқалады. Дегенмен, алтыншы орынға табан тіреу басшылықтың «бастысы, бірінші лигаға ұшып кетпесек болғаны» деген тапсырмасының кері секілді. Шыны керек, биылғы маусымда мардымды ойын көре алмадық. Үштіктен ойып тұрып орын алатын мүмкіндіктерді қалт жіберіп, аутсайдер командаларға есе жіберген кездер көп болды. «Қасқырлар» таза Робин Гудтың кейпіне енді. Ағылшынның «теп те, жүгір» фразасын ойын­шыларымыз тікелей түсінген сияқты. Кеңесов басты қарсыласымыздың бірі «Ақтөбенің» сапына қосылғалы бері сол жақ қаптал ойсырап сала берді. Жылдам әрі техникасы жақсы вингер жетіспейді. Диспетчерлік рөл атқаратын Нәрзілдаевтай, Тағыбергендей хавбектің жоқтығы кәдімгідей білінеді. Осы маусымдағы атап айтатын нәтиже «Қайратқа» қарсы сырт алаңда 0:3 есебімен болған жеңіс шығар. Клубтың сүреңсіз ойынына Кумык­овты да кінәлау әбестік болар. Бір кездері қарағандылық «Шахтерды» Еурокубокқа сүйреген бас бапкерде айып жоқ. Клубтың кризиске ұшыраған сәтінде батыл­дық танытып, берілген ұсыныстан бас  тартпады.

Осы тұста қызылордалық «Қайсардың» әл-ауқатымен кеңірек танысу мақсатын­да клубтың жанкүйерлер ультра­сының мүшесі, жанкүйер Қадыр Зикирямен  тілдескен едік.

– «Қайсардың» биылғы ойынына толық­тай көңілім толады деп айта алмаймын. Түзеу керек, шешу керек түйткілді мәселелер жетіп артылады. Алайда 2019 жылғы маусымнан кейінгі жөнді нәтижені биыл көрсеттік. Төрттікке ілінетін бірталай мүмкіндік болды. Осы тұста төл клубымыз бірқатар қателікке жол беріп, жеңілістерге тап болды. Жеңіліссіз жеңіс болмайды ғой. Кумыковқа әлде де мүмкіндік беру керек. Бір жағынан клубтың маркетингімен де мәселелер бар деген ойдамын. Себебі, өзі 6 мың ғана адамға арналған стадионның жартысын толтырудың өзі – бір ғанибет. Әлеуметтік желілермен жақсы жұмыс істеп, не трендте болып жатыр, «Тоттенхэм», «Наполи», «Зенит» сынды клубтар секілді TikTok  платформасына мем-видеолар салып, көрермендерді тарту қажет. Инста­грамға 19 мыңға жуық адам тіркелгенмен, стадион мың адамды әрең жинайды. Бұл, салыстырмалы түрде есептегенде, клубтың шын жанкүйерлерінің аз екенін көрсетеді. Клубтың медиа орта­лығы осы орайда қызметін арттыру керек, коммуникациялық жол жасау керек деп санаймын. Ал клубтың ішкі мәселесіне келер болсақ, «Қайсарға» алға нақты амбиция қойған абзал. Үздік үштіктің қатарынан көрінуге потенциалымыз жете­ді. Оған «Ордабасы» толықтай дәлел. Чемпион­дық тек «Астана» немесе «Қайратқа» бұйыр­ады деген таптаурынға нүктені осыдан  екі жыл бұрын қостанайлық «Тобыл» қойып үлгерген. «Қайсар» тек біз секілді күллі Сыр халқы жанкүйерлік етіп, тілекші болғанда ғана қандай да бір жетістікке жетеді деген ойдамын, – дейді жас  жанкүйер.

Не дегенмен, әр нәрсеге екі түрлі көзқараспен қарап, барды бар деп айт­қанымыз жөн. «Қайсар» сапында да ойы­нымен көзді қуантып жүргендер жоқ емес. Мәселен, Жоау Педро Оливейра атты бразилиялық қорғаушы доп үшін жанын беруге дайын. Клубтың қорғанысының тас қамалы атанған легионер қайсарлық жанкүйерлердің көпшілігінің сүйіспеншілігіне бөленген. Сонымен қатар, көзге түсіп жүрген белді ойыншы Бақдәулет Зульфикаровты да атап өткен жөн. Екінші лигадан ауысып келген шабуылшының статистикасы әзірге төмендеу. Жас болғаннан кейін тәжірибе жетіспей жатады. Бірақ, келесі маусымнан бастап допты иіріп әкететініне сеніміміз мол. Қос қапталға ойысқан Дидар Жалмұқан мен Руслан Сақалбаев өз тәжірибесімен жастарға жігер беріп, ойын темпін ұстап жүр. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың жазында клуб қата­рына қосылған Экра есімді ойыншы азғантай ойыннан кейін бірден «қасқырлардың» атмосферасына сіңісіп-ақ кетті. Қазіргі сәтте испандық әйгілі жартылай қорғаушы Серхио Бускетс секілді шабуыл мен қорғаныс арасындағы дәнекер болып,  дем  беріп  жүрген  жайы  бар.

Қызылордалық «Қайсардың» осы маусымдағы әуселесі осындай. Атап айтатын жайттардың бұл тек жартысы ғана болар. Клуб 417 млн теңге шамасында қарыз болған соң, трансфермен қиындықтар туындайтыны айдан анық. Жалақы мәселесін көтерудің жөні жоқ шығар. Чемпионаттың басқа клубтарымен салыстырмалы тұрғыда есептегенде «Қайсар» ойыншыларында жалақы өте аз. Тіпті елордалық «Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Марин Томасов «Қайсардың» бүкіл футболшыларынан көп айлық алады екен. Алдағы уақытта жаңа стадион қолданысқа берілмек. Кумыков бастаған жігіттер жаттығу жұмыстарын сәтті өткізіп, келесі маусымға тыңғылықты дайындалып, айқын мақсат жолында барын салады деген үміттеміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: