Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ПетроҚазақстан» жүлдесін ақтөбеліктер алды

28.04.2021, 15:50 485

HALYQLINE.KZ

Сыр елінде «қара алтын» өндіруде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ірі компания «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның спортты жанына серік еткен жастарды қолдап келе жатқанына да көп жыл болды. Соның нақты айғағы – аталған компания жүлдесіне арналған баскетболдан жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін дәстүрлі облыстық ашық турнир. Бұл жарыс биыл да жалғасын тауып, сәуір айының 21-27-сі аралығында Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің ойын залында Ақтөбе, Павлодар және Қызылорда облыстарынан 16 команда, 160 спортшы жүлдені сарапқа салды.

– Облыстық баскетбол клубтарының жастар құрамасы араларында спорттық кездесу өткізу – құптарлық іс, – деді баскетбол федерациясы директорының орынбасары Марат Қонқабаев. Ойыншылар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауда. Тағы бір қуантатыны, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ секілді ірі компания осы турнирге жылдар бойы демеушілік танытып келеді. Сайыс қатысушылар мен қонақтарға ұмытылмас естелік сыйлағаны анық.

Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған жарыстың нәтижесінде ұлдар арасында бірінші орынды Ақтөбе облысы командасы жеңіп алса, Қызылорда – екінші, Байқоңыр командасы үшінші орынды иеленді. Ал қыздар арасында да ақтөбеліктердің алшысы оңынан түссе, Қызылорда – екінші, Павлодар облысы үшінші орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, турнир барысында үздік ойыншы (Д.Сейтенова, С.Дәулет – екеуі де қызылордалық), үздік төреші, үздік жаттықтырушылар анықталды.

Дана Иманқұлова, Ақтөбе облысы әйелдер құрамасының капитаны:

– Біздің команда ағымдағы жылы бірінші орын мен кубокті жеңіп алды. Әрине, оңай болмады, бірақ біздің қолымыздан келді. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Біз бұл сайысқа үшінші рет қатысып отырмыз. Сайыстың ұйымдастыру сапасы өте жақсы. Үлкен әрі қолайлы зал және мықты қарсыластар жиналған. Сондай-ақ, турнирге демеушілік танытып, өзінің сыйлықтарын ұсынып жүрген «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-на алғысымыз шексіз.

Жеңімпаз, жүлдегер командалар және номинация иегерлері диплом, кубок және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Марапаттау рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімі басшысы Ғалым Сихымов пен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның менеджері Ақтолқын Сұлтангереева қатысты.

Суретті  түсірген  А.Тайгунов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: