Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мундиалды мәнерлеген «Қараңғы тұлпарлар»

16.07.2026, 7:20 56

Америка,  Мексика,  Канада  мемлекеттерінде  өтіп  жатқан  доп  додасының басталғанына  бір  айдан  асты. Тиісінше  топтық кезең мен плэй-оффтың басым көпшілігін артқа тастады. Төрт жылда бір келетін, төрткүл дүние көз салған әлем біріншілігі тек фавориттерден тұрмайды, фаворит бар жерде  аутсайдерлер де  қатар  жүретіні  хақ.  Және  де  турнирдің мәнін  келтіріп,  мәртебесін  көтеретін  де  сол – ағылшынша  айтқанда  «Dark Horse»-тар, қазақшалап «Қараңғы тұлпарлар» деп айдар  тақтық. Спортсүйер қауым ешкім күтпесе де, құрметке лайық ойын өрнегін көрсеткендерді осылай атайды. ӘЧ-2026-да да ұзаққа шауып, небір «мен» деген белді командаларды қапы қалдырып, көрермен көзайымына айналған бірен-саран команда бар. Бұл атаққа 2022 жылы Марокко құрамасы лайық болса, 2018-де Хорватия финалға дейін барып, көпті таңғалдырды, ал 2014 жылы «өлім тобынан» оза шапқан Коста-Риканы да тілге тиек етпеске болмайды. Сол секілді, аталмыш чемпионаттағы дәл осы атаққа лайық командаларды тізбектеп, шолу жасауды құп көрдік.

ӘЧ аяқталмағанымен, чемпиондық таласта тек әлемнің ең үздік құрамалар қалды, ал аутсайдерлердің бәрі дерлік мундиалмен қош айтысты. Сондықтан да  турнир  аяқталмас бұрынғы шолудың еш әбестігі жоқ деп санаймыз.

Бұл құраманың ӘЧ-ге жолдама алғаны белгілі болғанда бәрі күлді. «Кабо-Верде шыққаннан ке­йін ӘЧ-ның қадірі қашқаны ғой» деп асығыс шешім қабыл­дағандардың қарасы қалың. Бірақ та африкалық ұжым сенсацияның түбін түсірді. Сәйкесінше, мундиалға кім көрінген құрама жолдама алмайтынына көптің  көзін  жеткізді.

Бұл кішкентай ғана арал іріктеу кезеңінен-ақ сенсация  жасады. Олар бұрын-соңды мундиалға қатысып көрмеген, халқы болса – небәрі 500 мың адам. Сөйте тұра іріктеу кезеңінде 10 ойынның жетеуінде жеңіске жетіп, топ жеңімпазы атанды. Тіпті, бұған дейін ең мықты Африка командаларының бірі саналатын Камерун­ды  артқа  тастады.

Дегенмен де, олардың бұл жорығы ӘЧ-да атой салу­ға жеткіліксіз-тұғын. Испания мен Уругвай құрамаларымен бір топта бас қосқан Кабо-Верденің топтан шығатынына ешкім сенген жоқ. Бәрі Испания­ға қарсы бірінші ойыннан бастау алды. Африкалық коман­да Еуропа чемпиондарымен 90 минут бойы текетірес­ті, «қызыл фурияның» шабуылдарына тойта­рыс берді. 0:0 есебін тіркеп, құрама капитаны, 40 жастағы қақпашының әп-сәтте жұлдызы жанып, қаһарман  атанды.

Одан соңғы Уругвай, Сауд Арабиясы секілді тәжірибелі құрамаларға да дес бермей, Испаниядан кейін топтан екінші болып плей-офф – 1/16 ойын­дарына тікелей жолдама алды. Олардың үздік 32-лікке кіруі үшін жаңадан енген үшінші орын иемденген сегіз құрамаға мүмкіндік беретін ереже де қажет болған жоқ.

Плей-оффта Возинья бастаған құраманы анау-­мынау емес, Қатардағы ӘЧ-ның жеңімпазы – Арген­тина күтіп тұрды. Олардың ұпайы түгел, топтық кезең­дегі бүкіл матчта жеңіп, тоғыз ұпаймен шығып тұр. Оның  үстіне  жасы 39-ды алқымдаған Лео Месси – сұмдық формада, үш ойында алты гол салған күйі. Мессидің тілеуін тілеген кей жанкүйердің өзі бұл ойынды қарамауды жөн көрді. «Көріп не қыласың, бәрібір Аргентина талқандайды ғой» деп топшылады. Тек көзі қырағы футболдың нағыз фанаттары ғана Кабо-Верденің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін іштей  біліп  тұрды.  Солай  болды  да!

500 мың ғана халқы бар Кабо-Верде Аргентинаны әбден қажытты. Голға голмен жауап қатты. Ақыры болмаған соң ойын 120 минуттық экстра-таймға созылды. Тек 112 минутқа тақаған тұста Мессидің бұрыштамадан әуелете берген добына бірінші басын жеткізген Кристиан Ромеро тағдыршешті гол соғып, әупірімдеп жүріп командасын келесі кезеңге жетеледі. Ойында Аргентина жеңіске жеткенімен, Кабо-Верде көпшіліктің жүрегінен орын тапты. Өзіндей болып кеткен  өрімдей  жігіттермен  футбол  жұртшылығы қимай  қоштасты.

Норвегияның танымалдығы, футбол әлеміндегі атақ-абыройы бірінші атап өткен құрамаға қарағанда едәуір жоғары. Десе де, анау айтқандай емес. Тіпті 1998 жылғы ӘЧ-ден кейін араға 28 жыл салып мун­диаль төріне жайғасып отыр. Қысқасы, соңғы рет Норвегия әлем додасына қатысқанда командада Сульшерлер доп тепкен. Ал қазіргі Норвегияның әуселесі бөлек. Бұны олар іріктеу кезеңінде-ақ дәлелдеді. Эрлинг Холанн бастаған, Мартин Өдегор қоштаған жігіт­тер 2021-дегі Еуропа чемпионы Италияны қарсылас құрлы көрген жоқ. Мүмкін болған ойынның бәрінде жеңіске жетіп, топтан бірінші орынмен шықты. Алайда, басым көпшілігі викингтерді осыншалықты алысқа  барады  деп  ойламады.

Норвегияның топтағы қарсыластары осал емес: Франция, Ирак, сондай-ақ Сенегал құрамасы. Ирактан басқа екеуі – «сен тұр, мен атайын» деген командалар. Франция таныстыруды қажет етпейді, өңшең жұлдыздар өнер көрсететін құрама команда. Ал Сене­гал – Африка кубогы иегерлері. Норвегтер Иракты оңай жеңді. Одан соң терезесі тең Сенегалды да бір доп айырмасымен қапы қалдырды. Холанн болса екі турда алты гол ұрып, бомбардирлер тізімінде Месси мен Мбаппемен бірге көш бастап тұр. Екі тур қорытындысы бойынша Норвегия құрамасы плей-офф жолдамасын еншілеп алған еді. Сол себепті де Францияға қарсы асып-таспауды, негізгі футболшыларына демалыс  беруді  ұйғарды.

Плей-оффта норвегтер өздері секілді жас коман­дамен көз түйістірді. Африка құрлығының белді мүше­сі, құрамында Еуропаның мықты клубтарында доп тебе­тін ойыншылары бар Кот-д Ивуар. Африкалықтар шама-шарқы келгенше тірескенімен, Холанн мен  Нуса  оларды  аямады.

Норвегтерді көптің сүйіспеншілігіне бөлендірген 1/8 финал – Бразилияға қарсы ойын еді. Бразилияны барлығы  фаворит  санағаны рас. Бірақ та Норвегияның тойтарыс бере алатынына ешкімнің таласы болмады. Алайда, Холанн жай ғана сенімді артығымен орын­дады. Нақтырақ айтсақ, Бразилия  қақпасына  толас­сыз екі гол соғып, төртінші мундиалына қаты­сып, титул­дан  арманда кеткен Неймардың мақсат-­мүддесін  күл-талқан  етті.

Норвегия сегіздікке енді. Яғни, 30 жылға жуық халықара­лық додада доп теппеген викингтердің ұрпақ­тары  әлемнің  ТОП-8 командасының қатарында.  Дегенмен, оларды ширек  финалда  футболдың  отаны – Англия қарсы алды. «Ай, таңғажайып осы жерде  тамам­далады-ау» десті жұрт. Бірақ Норвегия бұл жолы да  жанкүйер  қауымды әбігерге салды. Анг­лияға  қарсы  негізгі  уақытта тең есеп ұстап, тек қосым­ша уақытта ғана есе жіберу – Норвегия секілді алып емес құрама үшін үлкен абырой. Джуд Беллингем бұл жолы  бұрынғы командалас  досы Эрлинг Холан­нан  басым  болды.

Осылайша, норвегтер де үйге қайтты. Бірақ өз елінде оларды жақсылап құрмет-қошеметпен қарсы алатыны айдан анық. Тамақтың өзін тонналатып өз елінен алып келген патриот, тәртіпті жігіттер жұрт жадын­да  сақталды.

ТҮЙІН. Негізі  бұл  тізімге  тағы бірен-саран құраманы қосуға болады. Бірақ бұл екі құрама секілді олар жайлы көсіле алмаймыз. ӘЧ-де алыптар арасындағы шайқас ғана емес, ортаңқол командалардың ерлігі де қызық. Бір жағынан көпшілік тани бермейтін, аралдың арғы жағында доп қуалап жүрген біраз өрен паш етіледі, тиісінше Еуропаның топ клубтарының назарына ілігеді. Футбол сценарийі бекітілген кинотуынды секілді. Кей кейіпкерге бауыр басқандай, кей командаға да бауыр басып қаласың. Себебі, келесіде оларды бәлки көрерсің я болмаса көрмессің – белгісіз, бір Құдайға  ғана  аян.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: