Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мохаммед Салах қарақшыға қалай көмектесті?

31.05.2020, 14:20 676

HALYQLINE.KZ Мохаммед Салах – египеттік футболшы, «Ливерпуль» мен Египет ұлттық құрамасының шабуылшысы. Жас кезінен жағдайы болмаса да, футболға әуес болған Салах қазіргі таңда тек жасыл алаңдағы ойынымен ғана емес, өзінің аса жомарттығымен де дүйім жұртты таңғалдырып жүр.

Қайырымдылықпен айналысып, қамқорлық көрсету бұл күндері ала доп иелерінің арасында трендкеайналғандай.Египеттік «Фараон» да бұл істен қалыс қалып жүрген жоқ. Ол өзінің ауылы Нагригқа жыл сайын миллиондаған ақша аударумен қатар, мектеп, футбол алаңын салып, спорт кешенін толықтай қамтамасыз етіп отыр. Өз туған жерін бар жан-тәнімен сүйетін патриот футболшы жағдайы төмен жерлестеріне той жасап беру арқылы көмек көрсетеді екен. «Мокавлун» футбол клубының түлегі, Салах 2017 жылдың аяғында египеттік валютаны құтқарып қалушылар қатарынан да табылған. Египет шенеуніктері жедел түрде шетелдік валютаның ел ішінде жетіспеуіне байланысты көмек сұраған. Қол ұшын созушылар қатарынан бірінші болып Салах табылып, еліне 210 мың британдық фунт аудару арқылы Египеттің экономикасын сақтап қалуға көмектескен.

Египеттік футболшының жұрт көңілінен шыққан елеулі істері көп. Соның бірі – ұрлықшыға көмек беруі. 2017 жылдың қараша айында Мохаммед Конго құрамасының қақпасына екі бірдей гол соғып, Египет футбол құрамасына Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдама алып берген күні әкесінің үйіне шабуыл жасалып, құнды заттары қолды болған. Арада бірнеше күн өткен соң, құқық қорғау қызметкерлері ізін суытпай ұрлықшыны қолға түсірді. Сонда футболшының әкесі ұрының үстінен шағымданып, арыз жазған. Осы кездегі футболшының ісі талай спортсүйер қауымды таңғалдырды. Ол әкесінен арызды қайтып алуын сұрап, ұрлықшымен жүзбе-жүз кездескен. Әңгіме барысында ұрыға қомақты көлемде қаржылай көмек беріп ғана қоймай, оған тұрақты жұмыс орнын тауып берген. Осылайша, Салах оның дұрыс жолмен өмір сүруіне мүмкіндік беріп, көптеген адамдарға үлгі боларлықтай іс істеді. Қазіргі таңда көптеген жанкүйерлердің көңілінен шығып жүрген Салах алаңда әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жақсылық жасаудан да жарысуда.

Аслан ЖАЙҚОНСҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: