Әне-міне дегенше дүниежүзі төрт жыл күткен доп додасы мәресіне жетті. Негізі бүған дейінгі Әлем чемпионаттары бір айға жетер-жетпес уақытта тамам болатын. Бірақ бұл мундиальдың ерекшелігі сол, тартыс бір айға емес, бір жарым айға жуық созылды. АҚШ, Мексика, Канада қабылдаған чемпионат іш пыстырған жоқ, драмаға толы болды. Тұтас дәуірлер футболмен қош айтысты, небір жас ойыншының есімі белгілі болды. Ақыр соңында Еуро-2024 турнирінде жеңіс тұғырынан көрінген «Қызыл Фурия» – Испания құрамасы әлемнің ең үздік құрамасы атағын қорғады. Олар финалда алдыңғы мундиаль жеңімпазы, аладоп дүлділі Месси бастаған Аргентинаны қапы қалдырды.
Сонымен, осы Әлем чемпионаты несімен есте қалды, қандай «қараңғы тұлпарларды» таныдық, ойынымен жанкүйер жүрегінен табылған кімдер, саралаймыз.
ТАЛАСҚА ТОЛЫ ТОПТЫҚ КЕЗЕҢ
Кез келген спорт турнирі, әсіресе топтық ойындар топтық кезеңнен бастау алатыны бесенеден белгілі. Анығы сол, өз топтарынан іріктеліп, жеткілікті ұпай жинаған екі команда плей-оффқа өтеді. Онда бірақ жеңілісті ешкім аямайды, жеңілдің бе – шабаданыңды жинай бер. Бірақ көптің шешімімен 48 команда қатысқан бұл мундиальда кейбір үшінші орын алған ұлттық құрамаға мүмкіндік берілді. Нақтырақ, екінші орынға ілігуге сәл қалып, жақсы ойын өрнегін көрсете білген сегіз командаға мықтылармен тайталасуға жолдама ұсынылды.
Өкініштісі сол, биылғы топтық кезең бұрынғыларға қарағанда әлсіздеу болды. Олай деуге себеп – баланс. 48 команда болған соң алпауыт командалар мен төмен деңгейдегі командалар қаз-қатар жан-жаққа тарады. Содан соң баяғыдай «өлім тобын» кезіктіру мүмкін емес-ті. Сол себепті де грандтардың көпшілігі еш қиналмай екінші турда-ақ келесі кезеңнің қамын жасап қойды.
Топтық кезеңде тоғыз ұпай жинап, жеңіліссіз идеал ойын көрсеткен құрамалар – Франция мен Аргентина. 2022-де бас жүлдеге таласқан қос команда. Екеуі де араға төрт жыл салып сол қалпы, алдына келгенді таптап өтті. Франция әжептәуір қиын топқа кезікті. Әрине, «өлім тобы» десек, асыра сілтеген болар едік. Қарсыластары – Еуропа іріктеуінде Италияны инелік құрлы көрмеген Норвегия, екіншісі – Африка чемпиондары Сенегал. Екі командада да Еуропа чемпионаттарында доп тебетін неше түрлі сойқан ойыншы бар. Ал Ирак жайлы айтпасақ та белгілі. Олардың еш ұпайсыз елге оралатыны әу бастан белгілі-тұғын. Аталмыш І тобында қара маржан Мбаппе мен викингтердің тікелей ұрпағы, Ермұхамед Мәуленше айтқанда, «Асаусары» Эрлинг Холанн арасындағы бәсекеге көпшілік сүйсінді. Қос құрама команда да екінші турдан соң Сенегал мен Иракты жеңіп, өзара ойында Францияның асығы алшысынан түсіп, тиісінше Франция тоғыз ұпаймен, ал Норвегия алты ұпаймен келесі кезеңге өтті. Үш ойында атап өткен екі ойыншы да төрт голдан ұрып шықты.
Елең еткізген тағы бір команда – Аргентина. «Арғындар» да тоғыз ұпай еншіледі. Ең қызығы, дода барысында 39 жасқа толған Лионель Мессидің феномені. Лео ӘЧ-ға сұмдық дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Бірінші ойында-ақ Африкада абыройы биік Алжирді қарсылас құрлы көрген жоқ, қақпаларына жауапсыз үш гол тоғытты. Гегенпрессингтің атасы Рангник баптаған Аустрияға жауапсыз екі гол салды. Тек үшінші матчта ойынға тыңнан қосылып, айып добын сәтті орындап, Иордания қақпасына бір гол тоғытты.
Ал Испания, Германия, Англия секілді фаворит құрамалар үш ойынның үшеуінде де жеңіске жетпесе де, тәп-тәуір ойнады. Испания Кабо-Вердемен тең түскені болмаса, Сауд Арабиясын тас-талқан етті, онымен қоймай, Уругвайды минимал есеппен жеңді. Германия Кюрасаоны 7:1 есебімен қапы қалдырып, сонау 12 жыл бұрынғы Бразилияға қарсы матчты еске алды.
Бразилия демекші, солардан, әсіресе жарақатпен алысып жүріп әрең командаға іліккен Неймардан жанкүйерлер үміт күтті. Десе де, Бразилия турнирдің бірінші турында-ақ сүреңсіз ойын көрсетіп, Мароккоға есе жібере жаздады. Абырой болғанда «Реал» вингері Винисиустың бір голы таблоны теңестіруге мұрша берді.
Төрт жылда бір келетін Әлем чемпионатында Криштиану Роналду жайлы сөз етпесек те болмас. Себебі, португал ойыншысының әр адымы аңдулы. Осы чемпионатқа қатысып, «соңғы би» көрсеткісі келген Роналду тек көршілес мемлекет Өзбекстанға ғана сес көрсете алды. Алғашқы матчта сенсациямен Конгомен тең ойнаса, тағдыршешті үшінші ойында Колумбиямен матчта гол ұрмақ түгілі, қарсылас қақпаға жөнді соққы бағыттай да алмады. «Криштің шаруасы бітіпті» десті жұрт…
Топтық кезеңде есте қалған сәттер – осы. Айтқанымыздай, гранд пен гранд арасындағы кездесу болмаған соң, көсіліп жазудың да керегі шамалы. ӘЧ-де қызықтың көкесі топтық кезеңнен соң, плей-оффта басталады.
ҚАТЕЛІК КЕШІРІЛМЕЙТІН СӘТ
Осы тақырыпшаға тоқталуымыз бекер емес. Шынымен де, плей-офф – қателікті кешірмейтін кезең. Бір жағынан жоғарыда атап өткендей, қатысушылардың көбіне байланысты плей-офф 1/16-дан басталды. Және осы тұстан-ақ «үйге қайтқан» фаворит құрамалар кезікті.
Олардың алғашқысы Нидерланд құрамасы-тұғын. Топтық кезеңде әжептәуір ойнаған еуропалықтар Африка алыбы Мароккомен жолықты. Олар оңай шағылар жаңғақ емес. Құрамында Ашраф Хакими, Браим Диас, Исмаил Сайбари сынды әккі ойыншылар бар. Бірақ не болса да Нидерланд фаворит-тұғын. Бірақ бұл ӘЧ фаворит қайсы, аутсайдер кім – қарап жатқан жоқ. Тиісінше, соңғы төрт ӘЧ жеңімпазын тауып келген мықты дата-аналитик, математиктің болжамы қате болды. Оның чемпион атанады деген құрамасы 1/16-дан-ақ сүрінді. Пенальти сериясында африкандықтар басым болды.
Екінші сенсация – Германия жеңілісі. Темірдей тәртіпті үлгі еткен Германия құрамасы 2014 жылғы чемпиондықтан соң халықаралық деңгейде әжептәуір құлдырады. Тек өзі қабылдаған Еуропа чемпионатында жақсы ойнағасын, бір жағынан келісті құрамы болғасын Парагвайдан жеңіле қоймайды-ау деп жобаладық. Дегенімен, оңтүстікамерикалықтар Германиямен негізгі уақытта тең ойнап, Марокко Нидерландты жеңгендей пенальти сериясында басым түсті. Германия жанкүйерлері наразы, команданың бас бапкері Нагельсманның кетуін тілейді.
1/16-ның ең көзтартар ойыны Кабо-Верде мен Аргентина арасында болады деп кім ойлаған? Әлем чемпиондары мен мундиальға алғаш рет шығып тұрған, небәрі 500 мың халқы бар жартылай кәсіпқой Кабо-Верде Мессиді әбден әбігерге салды. Қорғаныста сақ ойнап, шабуылды бәсеңсіткен жоқ. Ақыр соңында Аргентинаны тек Мессидің голы мен ойын соңындағы бұрыштамадан берген добы құтқарды. Ал Кабо-Вердеге – респект. Возинья бастаған жігіттер бірінші мундиаль үшін керемет ойнады.
1/16-да Германия мен Нидерландты Берлин мен Амстердамға шығарып салдық. 1/8-де бұл кезек Португалия мен Бразилияға келді. Турнир бойы сүреңсіз ойнаған португалдардың шыны керек, «ұшатыны» анық болды. Испанияның былтырғы Ұлттар лигасында қалған кегі бар, топтық кезеңде мүлде гол жібермей келеді, сонымен қатар өңкей өрімдей талантты жас балалар Португалияны жеңетінін Роналдудың фанаттарынан басқа бәрі мақұлдады десек, артық айтқанымыз емес. Солай болды да. Ал Бразилияға не жоқ десеңші? Өздері футбол десе, ішкен асын жерге қоятын Фавела жұртын чемпион болып қуантпағалы 24 жыл болған. Осы додада да ойындары жүрмеді. Тек чемпиондық Винисиусқа керек болғандай көрінді. Көзде жалын жоқ. Бразилдарды Холанн бастаған «викингтер» үйге қайтарды. Холанның жауапсыз соққан екі голына ата жауы атанған Габриэль жауап бере алмады.
Ең болмағанда турнирмен қош айтысқан екі грандтың жанына Аргентина қосыла жаздады. Мысыр құрамасы 80-минутқа дейін басым келген. Оларды Мессидің магиясы тоқтата алды.
Ең соңында 1/8 финалдан соң мундиальда кіл мықтылар қалды: Норвегия, Англия, Аргентина, Испания, Бельгия, Швейцария, Франция, Марокко. Норвегия Англияға қанша қарсылық көрсеткенімен, ағылшындардың асығы алшысынан түсті. «Реалдың» жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем Холанның арманын көкке ұшырды десек те болады. Ал «арғындар» драмаға толы матч көрсететін әдетіне салды. Швейцарияның ақылға қонымсыз қызыл қағазынан соң Аргентина шабуылда ширай түсті. 10 адамға қарсы соңғы минуттардағы Альварестің сорақы голы Швейцарияны турнирден шығарды. Испания Бельгияны Мериноның голымен минимал есеппен жеңсе, Франция, нақтырақ, Мбаппе Мароккоға мүмкіндік қалдырмады.
ТУРНИР ТӨРІНДЕГІ ТӨРТТІК
Мықтының әл-ауқаты сыналатын тұс – жартылай финал. Биылғы доп додасында турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алғандар – кілең «сен тұр, мен атайын» деген әккі құрамалар. FIFA-ның өз рейтингісі бар. Оның алғашқы төртеуі – ӘЧ-ның жартылай финалында. Қысқасы, шын мықтылар іріктеліп алынды. Олар – Испания, Франция, Аргентина һәм Англия. Испания Франциямен кездеседі, ал Англия Аргентинамен күш сынасады.
Жартылай финалдың алғашқы ойыны Франция мен Испания арасында өтті. Көп күткен, финалға бергісіз матч. Жұрт кім жеңсе – сол чемпион атанады деді. Бірақ фаворит деп бәрі Францияны місе тұтты. Сұмдық шабуыл мен мінсіз қорғанысты байланыстыра білген, өңкей жұлдыздардан тұратын француздар турнирде бәрін жайпап келе жатты. Мбаппе өзінің бірінші Алтын добына келе жатқандай көрінді. Бірақ та Испания да осал емес-тін. Баланс пен скилл, сондай-ақ жүйе – Испанияның мықты тұсы. Мұнда Ямальдың өзі сақ ойнайды, дриблингке бармай, пас алмасуды жөн санайды. Айтқандай, Испания Францияға футболдың не екенін үйретіп кетті. Ойынның басынан соңына дейін жүйткіген француздарға шабуылға мүмкіндік қалдырған жоқ. Ал өздері өзара доп алмасып, уақытты ұтымды пайдаланды. Жемісі – жеңіс. Есеп – 2:0. Испания финалға өтті. Ал Мбаппе нағыз жүйелі, химиясы мықты командаға қарсы ештеңе істей алмады.
Келесі жартылай финал – Аргентина-Англия. Кездеспегендеріне көп болған, бірақ өзара тарихы бар Еуропа мен Оңтүстік Америка құрамасы. Бір кездері Аргентинаға бағынышты Фолькленд аралдарына таласқа түскен. Сол қақтығыс әсерінен Аргентинаның 600-ге жуық әскері қаза тауып, кесірінен екі ал арасындағы саясат әлі күнге дейін орнықпай келеді. 1986 жылы Марадона Англияға қарсы «Құдайдың қолымен» гол салып, сорақы дриблингпен 5-6 ойыншыны қапы қалдырып, есепті еселеген еді. Аталған жеңісті Фолькленд аралдарындағы қақтығыста көз жұмған аргентиналықтарға арнаған. Енді араға 40 жыл салып сол екі ел мундиаль аясында жолығып отыр.
Ойын бастала салысымен екі жақ та агрессия көрсетті. Аргентиналықтардың ондай әдетіне көзіміз үйренген, бірақ ағылшындардың осыншалықты ашушаң кейпін көрмеген едік. Шыны керек, ойынның бірінші таймы қызық өтпеді. Тек екінші таймның бас жағында су жаңа «Барса» ойыншысының голы Англияны есепте алға шығарды. Десе де, оған көндігіп, мойынсұнатын Месси жоқ, қамал алар жасында да атой салып жүрген қарғабойлы Лео 80-минуттан соң екі нәтижелі пас шығарды. Біріншісін Энцо Фернандес әдемі қабылдап, алыстан дөп түссе, екінші голды қосалқы құрамнан шығып гол ұратынымен белгілі Лаутаро Мартинес салды. Кілең бойы екі метрге шамалайтын ағылшындардың басынан доп асырған Мессидің шеберлігіне тәнті болмасқа амал қалмады. Финалда Испаниямен жолығатын – Аргентина құрамасы.
«Барса» жанкүйерлері армандаған финал шындыққа айналды. Олай дейтін себебіміз, Испания құрамасында каталон клубының сегіз ойыншысы доп тепсе, Аргентинада «Барселона» аңызы Лионель Месси өнер көрсетеді. Білеміз, «барсафандар» Леоны клубпен тең жақсы көреді. Сол себепті фанбаза тұтас екіге бөлінді. Бірі бозбала Ламин Ямальдың әлем чемпионы атанғанын қаласа, енді бірі Леоның екінші мәрте мундиаль иегері болғанын аңсайды. Ал осы тұста «Реал» жанкүйерлерінің еңсесі түсті. Себебі, екі командада да «Реал» ойыншысы жоқ, осы жазда қатарға қосылған Кукурейя турнирге «Челси» аяқдопшысы болып тіркелген. Ал Мбаппе бастаған Франция, Беллингем қоштаған Англия Испания мен Аргентинаның, нақтырақ Месси мен Ямальдың құрбанына айналды.
Финал басталмас бұрын терезесі тең ойын болады деп күттік. Екі команда ресми ойындарда текетіреспегелі біраз болыпты. Сондай-ақ бұл финалдың бір ерекшелігі – Месси мен Ямаль сагасы. Бәріміз білетіндей, Лео – «Барсаның» экс-футболшысы. Күндердің бір күнінде, 2008 жылы «Барселона» қайырымдылық акциясын жариялайды. Солай «блауграндар» қаладағы кез келген үйге соғып, сондағы кішкентай бүлдіршінді жуындыруға міндетті. Сәті түсіп, Ламинге Месси жолығады. Небәрі бір жасқа енді толған кішкентай бүлдіршін Ямальды Месси жуындырып, суретке түседі. Қызығы сол, дәл Месси шомылдырған бала «Барса» академиясына қабылданып, қазіргі ең қымбат әрі ең үздік ойыншылардың қатарына қосылады. Бұны футбол фанаттары мінсіз сценарийге теңеді. Ал ғылым мүлде ақылға қонымсыз цифрлар көрсетеді. Яғни Мессидің кішкентай бүлдіршінді жуындырған соң арада 20 жыл өткенде онымен ең ірі турнирдің финалында жолығу мүмкіндігі – триллионнан бірге тең.
Осылайша поэтика мен символизм ұштасқан сұмдық матчты бүкіл әлем тамашалайтын болды. Әдемі сипатталған ойын іс жүзінде сәл төмендеу деңгейде басталды. Көпшілік матч басталмас бұрынғы Джастин Бибердің, Шакираның перфомансы текке кетті ме деп ойлады. Испания гол салуға тырмысты. 90 минут бойы ойынды бақылады, толассыз соққылар жасады, бірақ жолдары болмай-ақ қойды. Оның бірден-бір себебі – Аргентина қақпашысы Дибу Мартинес. Ессіз қақпашы Леоның жеңісі үшін барын салған алаңдағы жалғыз ойыншы ма дерсің. 90 минут әупірімдеп қақпасын құрғақ ұстаған Аргентина лас ойынының кесірінен экстра-тайм кезінде қызыл қағаз алып тынды. Нәтижесінде қосалқы құрамнан қосылған Ферран Торрес маңызды гол соғып, Испанияға 16 жылдан кейін мундиаль кубогын алып берді.
Жасыратыны жоқ, көп күткен дода тез аяқталды. Бір жарым ай әп-сәтте өте шыққандай. Чемпионды мойындаймыз, мойындамасқа амал да, шама да жоқ. Де ла Фуэнтенің команданы қалай жасақтағаны көрініп тұр. Мундиаль тым жақсы өтті деуге негіз бар. Бомбардирлікке таласқа, осал құрамалардың жеңісіне, фавориттердің сүрінуіне – бәріне куә болдық. Жеке шеберлік басым болған турнир болды. Мбаппе, Холанн, Олисе сынды футболшылар – дәлел. Ал Месси жайлы айтарға сөз таппаймыз. Месси 39 жасында соншалықты ессіз дүниелер жасағаны әсерінен тіпті кейбірі Аргентинаның әр жеңісін конспирологияға теңеп, ыңғайы келсе негізсіз айыптап әлек. Ұлылық деген – осы. Енді дәл сондай деңгейді басқа ойыншы көрсете ала ма, алмай ма – бір Құдайға аян.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!