Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халі мүшкіл қазақ футболы

29.10.2020, 11:00 537

Қазақ футбол жанашырлары мен футболға түк қатысы жоқтардың да көкейінен кетпейтін сұрақ: «Қазақ футболы неге дамымайды?». Елімізде футбол бір ғасыр бұрын пайда болса да, ауыз толтырып айтатын жетістікке жетер емеспіз. Оған не себеп? Бүгін санамызда сан жылдар бойы сайрап келе жатқан сұраққа  жауап  іздеп  көреміз.

Сонау 1913 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Ахметсәлім Кәрімов бастаған «Ярыш» клубы – қазақ футболының бастауы. Одан бері табаны күректей 107 жыл уақыт өтсе де, ел футболы батпаққа батқан көліктей бір орында тұр. Әлемдік рейтингте бір орын жоғары­ласақ, екі саты төмендейміз. 100 мықтының қатарына қосыла алмай жүргенде үздік ондыққа кіру жайлы айтудың өзі ұят.

Клубтық деңгейде тасбақаға ұқсап жай бассақ та, алға жылжу бар. Чемпиондар лигасы һәм Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде өнер көрсеттік. Бірақ биылғы маусымда клубтарымыз да сәтті өнер көрсете алмады. Мұның себебі: клубтық футболымызда жүйеліліктің жоқтығы, әйтпесе кәрі құрлықтың алпауыт клубтарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, биылғы маусымда ондай клубтардың қатарына да жуымайтын, ортаңқол қарсыластарға тісіміздің батпауының себебі неде деп ойлайсыз?! Ал ұлттық құрамамыздың жеңі­ліске еті үйренгендей. «Бәрібір жеңілеміз ғой, әйтеуір алаңға шығып, 90 минут ойнап берсек болды» деп шығатындай. Жеңіске деген жігер, намыс жоқ. Намыс жоқтықтың басты себебі: құрамадағы қазақтардың аздығы. 11 ойын­шының 4-5-еуі – қазақ, қалғаны – өзге ұлт өкілдері. Олар «қазақ үшін жан пида» деп барын­ салып ойнамайтыны айдан анық. Қарны тоқ, көйлегі көк болса болғаны.

Ел футболының аяғынан шалып тұрған үлкен мәселенің бірі – бюджеттен бөлінген қыруар қаржының ортаңқол легионерлерге шашылуы. Сол ақшаны үнемдеп, футболға ауадай қажет болып тұрған заманауи базалар, еуропалық деңгейдегі стадиондар салса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Екіншіден, ауыл футболына көңілдің бө­лінбеуі. Алыптың бәрі ауылда дегендей, ауылға алаңдар салып, ауылдық, аудандық, об­лыстық сынды турнирлерден талантты жастарды іріктесе, олардың бір жерді тесіп шығары даусыз. Бірақ ауыл халқ­ының футболға деген көзқарасы бөлек. «Футбол саған нан болмайды» деп баласының жұмсақ «креслода» отырғанын қалайды. Керісін­ше, Мессидей болғысы келіп жүрген қарадомалақтардың аяқтарына доп салып, еркін көсілту қажет. Осы тұста немістерден үйренеріміз көп. 2006 жылғы өз жерінде өткен әлем чемпионатында жеңіске жете алмаға­н немістер, жаңа даму стратегиясын жүзеге асырды, әр ауылға, әр ауданға су жаңа базалы стадиондар салып, мықты бапкер­лермен қамтамасыз етті. Нәтижесінде «неміс мәшинесі» қазіргі таңда жаңа Гетце, Сане сынды­  таланттармен  толығып  жатыр.

Үшіншіден, бас бапкерлердің экспери­менттен қорқуы, ізденісінің жоқтығы. Ол дегенімі­з сол баяғы бір құрамды қартайып, тістері сарғайғанша ойната береді. Бәрібір жеңіліп жатырмыз ғой. Сол үшін эксперимент­тер жасап, жаңа жас таланттарға жол ашып, тек қазақтарды алаңға шығарып, құраманы жаңартып дегендей өзгешеліктер енгізсе пайдасы болмаса, зияны тимейді.

Төртіншіден, қазақ ойыншыларының қомақты жалақы мен комфорттан бас тартып, шетел асып кете алмауы. Олар еліміздегі кейбір «менмін» деген Еуропа елдерінде жоқ жалақыдан бас тарта алмайды. Өзін басқа чемпионаттарда сынап, тәжірибе жинап, үлкен футболға қадам жасаудың орнына әмиянын қампайтып, жылы орында жүруді жөн санайды.

Бесіншіден, жалақысы көп, сапасы жоқ ортаңқ­ол легионерлердің көптігі. Құмырсқадай құжынаған легионерлер қазақ жастары мен ұлттық құраманың өсуіне бөгет болады. Олар көп айлықпен қоса, көп ойын уақытын да иемденеді. Сөйтіп өзіміздің қара көздер ойын тәжірибесінсіз қалады. Алаңға арасында бір шығып жүрген ойыншы ұлттық құрамаға барып­, мандытып өнер көрсетпесі бесенеден белгілі. Сондықтан легионер деген осы екен деп  жөні  жоқ шақыра бермей, қазақ жаста­рына мүмкіндік беру қажет. Бұл жерде тіптен «легионерлерден бас тартайық» деген қаулыдан аулақпын. Бірақ, Қытай «футболды дамытамыз» деген ұранмен өз чемпионаттарына кәрі құрлықтың мықты деңгейде өнер көрсетіп жүрген жұлдыздарын (Халк, Витсель, Оскар, т.б.) жинағанда Қытай суперлигасына қызығу­шылығы артып кеткен жанкүйерді көрсе­тіңізші  маған.

Алтыншыдан, алтыншы дегенде ең үлкен себеп:  жемқорлықтың тым шектен шығып бара  жатқаны. Шектен шыққаны сонша – бір клубым­ыз («Ертіс») жабылып тынды. Ақшаны жеп-жеп, тіпті айлық төлеуге шамасы жетпей қалды. Түріктер бәленше миллионға көздің жауын­ алатын зәулім стадион салса, біздікілер сол ақшаға бір стадионға түкке тұрмайтын қалпын­а келтіру жұмысын жасайды. Бұл бізде мықты футбол менеджерлерінің болмауы, яғни қарапайым тұрғыдан қаржыны дұрыс игере алмау­, жоспардың қаншалықты бюджетке сай екенін  ескермеу, осының салдарынан бүтін бір клуб  зардап  шегеді.

Бәріңіз білетіндей, 2010 жылы «Оле, оле деген­ бразилиялықтар бізге футбол үйретеді» деп, өздерінің айтуы бойынша, жас талант­тарды Бразилияға жіберіпті-мыс. Шын мәні­сінде, нағыз таланттар жоғарыдағылардың қалтасы­н майлай алмай елде қалып қойды. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегенд­ей, бай-манаптардың баласы Құдай берге­н таланты болсын-болмасын іріктеуден сүрінбей өте барды. Ашықтан-ашық пара талап­ еткендері жайында БАҚ беттерінде де талай жазылды. Бірақ «көкемдер» оған бұрылып та қарамады. Осыдан кейін қазақ футболы қайдан­ дамысын?!

Спорт журналисі Амангелді Сейтхан ағамыз айтқандай, «Біздің футболшылар шетелдіктерді  әлдеқашан қуып жеткен: дәл солардай бес жұлдызды қонақүйде жатады, қымбат клубта­р  мен мейрамханаларға  барады, бір­неше мың долларлап табыс табады… Енді тек доп  тебу жағынан қуып жету ғана қалды». Ақша  жағынан біздікілерде қиындық жоқ. Енді сол ақшаны ақтайтындай доп теуіп үйренсе,­  Әлем  чемпионатында  атой  салуымыз  бек  мүмкін.

Жақып  МАРҒҰЛАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: