Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еуропада қысқы трансферлік терезе жабылды

04.02.2021, 12:30 372

Еуропа футболында қысқы трансферлік терезе ауруды басатын дәрі секілді. Кез келген клуб маусым барысында негізгі құрам ойыншысы жарақат алып қалса немесе ойын сапасы нашарлап, жоғарғы деңгейде өнер көрсете алмаса ғана жаңа ойыншымен толығуға ниет білдіреді. Қысқасы, тек тактикалық тұрғыдан ғана қажетті деп танылған ойыншылар алынады. Ал команданың негізгі құрамын жасақтау жазғы трансферлік терезеде ғана жүзеге асатыны белгілі.

Биылғы пандемия қай клубтың болмасын қалтасын қатты қаққаны белгілі. Барлығы дерлік қолындағы қаржысын үнемдеуге тырысып, арзан әрі сапалы ойыншы табуға тырысты. Әлемдік брендке айналған «Барселона» секілді алпауыт клубтардың басындағы қаржылық даулар шиеленісіп, олардың трансферлік бәйгеге қатыспайтыны о баста белгілі болды. Алайда пандемиядан шығып, тұрақты жаттығудың болмауынан бірнеше ойыншысы жарақат алып, сасып қалған клубтар да болды. Міне, дәл осы клубтар үшін бұл трансферлік терезе маңызды болған еді.

«Ливерпуль» футбол клубының орталық қорғаушылары Ван Дейк пен Джо Гомес маусым барысында жарақат алып, клуб алдында олардың орнын жаңа ойыншылармен толықтыру міндеті тұрған еді. Алайда ливерпульдықтар асыға қойған жоқ. Тек трансферлік терезе соңына қарай тағы бір орталық қорғаушысы Жоэль Матиптен айырылған соң ғана білек сыбана кірісті. Нәтижесінде, трансферлік терезенің соңғы күнінде екі бірдей орталық қорғаушымен толықты. Оның бірі – «Шалькенің» қорғаушысы болған 20 жастағы Озан Кабак. Жас қорғаушыны «Ливерпуль» 1 жылға жалға алды. Сонымен қатар, жазғы уақытта ойыншыны толықтай сатып алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, Юрген Клоп «Престона» ойыншысы Бена Дэвиті де қатарларына қосты.

Одан бөлек, италиялық «Аталанта» футбол клубы «Шахтер» командасының ойыншысы украиналық Виктор Коваленконы қатарларына қосса, «Аякс» «Севилияның» шабуылшысы Уссама Идриссимен толықты. Мамандардың айтуынша, биыл трансферде шығындалған қаражат саны күрт түсіп кеткен. Мәселен, ағылшындық клубтар трансферлік шығынын өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға азайтыпты. Бұл тек ағылшындық  клубтарға ғана қатысты емес. Серия А клубтары 63%-ға үнемдесе, француздық Лига 1 – 71%-ға, Бундеслига – 76%, ал Ла лига тіптен 88%-ға үнемдеген. Қыстың ең қымбат трансфері бар-жоғы 23 миллион еуроны құраған. Ол – «Брентфорд» сапынан «Вэст Хэмге» ауысқан Саид Бенрахманың трансфері. Өткен жылмен салыстырғанда бұл трансфер тіпті үздік ондықтың қатарына да енбейтін еді. Клубтар тарапынан тым қатты үнемдеуге пандемия әсер етіп отырғанын айта кеткен жөн.

Қазақстандық ойыншылардың арасында да Еуропаға ауысқандар болды. РПЛ-дың аутсайдері «Ротор» командасы қыстық трансфер кезінде Ресейдің басты дивизионындағы орнын сақтап қалуы үшін бірнеше ойыншыны қатарларына қосқан еді. Олардың арасында үш бірдей отандасымыз бар. Атап айтсақ, ұлттық құрама ойыншылары Дмитрий Шомко, Алексей Щёткин және Юрий Логвиненко «Ротор» командасына ауысты. Клуб басшылары еурокубоктік тәжірибесі мол ойыншылардың РПЛ-ге оңай сіңісіп кететініне сенімді. «Астаналық» үштіктен бөлек, Максим Федин, Абат Айымбетов, Евгений Постников және т.б. ойыншылардың көршілес Ресейге ауысуы мүмкін деген қауесеттер бар. Алайда бұл нақты ешбір жерде дәлелденген жоқ. Айта кететін жайт, РПЛ-дің қысқы трансферлік терезесі басқалардан кешірек, 25 ақпанда жабылады. Оған дейін отандастарымызға өз күшін толықтай дәлелдеуге мүмкіндік бар.

Бекзат  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: