Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек майталманын еске алуға арналған дода басталды

26.09.2026, 19:15 26

HALYQLINE.KZ

Бүгін Жаңақорған ауданының Қожакент ауылында Еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Амантай Әпетұлын еске алуға арналған шағын футболдан дәстүрлі облыстық ашық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек адамдарын дәріптеу арқылы қоғам мәртебесін көтеру керек. Адал әрі табанды еңбегімен елге танылған адамдар қашанда құрметті» деп атап көрсеткен болатын.

Осы мақсатта ұйымдастырылған спорттық додаға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нәжімадин Мұсабаев, Бақыт Нұртазаев, Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бастаған ел ағалары қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлы облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен бірге, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев және Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ел ағасы Әсет Жиенқожаев жарысқа қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Дәстүрлі турнирге Астана, Шымкент, Ақтөбе, Түркістан, Тараз, Қызылорда қалалары мен Шиелі ауданынан барлығы 14 команда қатысып, өзара бақ сынауда.

Спортты серік еткен осындай тағылымды дода – елге еңбегі сіңген арда азаматтардың есімін ұлықтап, кейінгі буынға өнеге етудің жарқын үлгісі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: