Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәстүрлі турнирде қызылордалықтар топ жарды

11.05.2023, 17:15 391

HALYQLINE.KZ

Кеше баскетболдан дәстүрлі турнир өз мәресіне жетті. Жыл сайын өңіріміздегі спорт саласын қолдап, дамытуға атсалысып келе жатқан ірі мұнай компаниясы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы биыл жасөспірімдер арасында облыстық баскетбол жарысын 24-ші рет ұйымдастырды. Спорттық бәсекеге барлық облыстан 20 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Олардың арасында күш пен шапшаңдық, шыдамдылық пен ептілік танытқан 6 команда, яғни Жезқазған, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды және Қызылордадан қыздар мен ұлдар командасы да финалға өтіп, шешуші сәтте спортшылар ойынның көркін қыздырып, жанкүйерлерге ерекше көңіл күй сыйлады. Нәтижесінде ұлдар мен қыздар арасында Қызылорда қаласының командасы топ жарды. Екінші орынды ұлдар арасында Ақтөбе қаласы иеленсе, қыздардан Қарағанды алды. Ал үшінші орынды ұлдар командасынан Жезқазған қаласы алса, қыздардан Маңғыстау командасы еншіледі. Осыдан-ақ барлық команданың ойынға өте жоғары дәрежеде дайындықпен келгенін байқадық.

Жарыс барысында үздік ойын өрнегімен көзге түсіп, мықтылардың арасынан суырылып шыққан ойыншыларды арнайы номинациямен марапаттады. «Үздік ойыншы» номинациясын Қызылорда командасынан ұлдар арасында Диас Тұрғынбай мен қыздар арасында Жаннұр Шарипова иеленді. Сондай-ақ, спортшылардың ойын өрнегін келісті көрсетуіне үлескер болған барлық команданың жаттықтырушылары мен төрешілер де үздік деп танылып, арнайы алғыс хат пен сый-сияпаттар ұсынылды. Жеңімпаз пен жүлдегер атанған командалар мен номинация иегерлері «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның кубок, естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Бұл ойында топ жарып, қаламыздың, мектебіміздің, ата-анамыздың үмітін ақтау үшін тынбай дайындалып, еңбектендік. Міне, нәтижесінде әділ шешіммен Қызылордадан ұлдар мен қыздар командасы да бірінші орынды иеленді. Жарыс өте қызықты, тартысты әрі көңілді өтті десем болады. Әсіресе, Ақтөбе командасымен бәсекеге толы ойын болды. Шешуші сәтте бар күшімізді жинап, бір-бірімізге қолдау беріп, Жезқазған командасымен жарысқа түсіп, 4 кезең бойынша ол команданы 39:21 есебімен жеңіп кеттік. Жаттықтырушымызға, ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз. Өңірімізде осындай жарыс бәсекелері жиі болып тұрса деймін, – деді «Үздік ойыншы» номинациясын иеленген Диас Тұрғынбай.

Жалпы, жарыстың мақсаты мектеп оқушыларының мектептен тыс уақытын тиімді өткізу, саламатты өмір салтын ұстану, насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады. Иә, бұл мақсаттың қарқынында өңіріміздегі спорттың бұқаралық сипаты дамып, жас өрендерді спортқа баулып, балалар спортымен айналысудың қолжетімділігі артады. Сондықтан, бұқаралық және балалар спортына деген қолдаудың көптігі аса маңызды.

Суреттерді  түсірген Майра Жүнісова

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: