Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Чемпиондар лигасының форматы қайта өзгереді

18.02.2021, 14:00 391

HALYQLINE.KZ

Заман дамыған сайын қай сала болмасын бір орында тұрмай ала-құла өзгеріске ұшырап отыр. Қалыпты жүйе ескіріп, маңызын жоғалта бастағандай. Әлемдегі мұндай өзгерістер спортты да айналып өткен жоқ. Көптеген спорт түрлері өзгерісті қажет етіп отыр. Мәселен, баскетбол ойындарында ойыншылар мен тактиканың деңгейі біршама өсіп, соның әсерінен ұпай жинау оңайланып кеткен деседі. «Осының әсерінен баскетбол қызықсыз болып барады» дейді сарапшылар. Осы сарындас әңгімелер басқа да спорт федерацияларының айналасында өріп жүр. Басқалар қалың ойға шомып жүргенде УЕФА өзгеріс тетігін басып, жаңа формат енгізуге дайындықты бастап кеткен екен.

УЕФА жаңа реформаға дайындалуда. Оған себеп клубтарды көбірек ойнату және мықты командаларды мейлінше көбірек кездестіру. Дәлірек айтсақ, өткен аптада Sky Sports ақпарат агенттігі УЕФА-ның жақын арада Чемпиондар Лигасына өзгеріс енгізетінін хабарлады. Онда ұйымның арнайы конференция өткізгені жайлы айтылған. Чемпиондар лигасының жаңа ережелеріне конференцияға қатысқан 55 ассоциациясының барлығы бір ауыздан келіскен екен. Британдық телеарнаның мәліметіне сенсек, 2024 жылдан бастап турнирге қатысушылар саны 32-ден 36-ға дейін өспек. Сонымен қатар, турнирдегі топтық кезең алынып тасталады. Оның орнына командалар «швейцариялық жүйемен» бақ сынасатын болады. Яғни, әр команда он кездесуден өткізіп, жоғары ұпай алуға тырысатын болады.

Сондай-ақ, бұл УЕФА-ның Чемпиондар лигасының ережесіне енгізген алғашқы өзгерісі емес. Бұған дейін де ЧЛ форматы 7 мәрте өзгеріске түскен. Аяқдоп тарихындағы ең беделді турнир 1955 пен 1992 жылдар арасында «Еуропа чемпиондарының кубогі» атауымен өтті. Ол олимпиадалық жүйемен өтті, яғни бірден плей-офф сайыстарынан басталған. Алғашқы ойындарда 16 команда қатысып, кейіннен 30 командаға дейін көтерілді.

Чемпиондар лигасының тарихындағы алғашқы топтық кезең 1991-1992 маусымда ғана болды. Қатысушылар төрт командадан екі топқа бөлініп, топ жеңімпаздары бірден финалға жолдама алуға мүмкіндік алды. Алайда топтық кезеңге өту үшін плей-офф сайысының екі турын жеңіп шығу керек болды. Келесі маусымда КСРО-ның таратылуына байланысты командалар саны ұлғайып, топтық кезеңге тағы бір топ қосылды. Сондай-ақ, ол уақытта ЧЛ-ға тек чемпиондар ғана қатыса алатын. Араға бір жыл салып, турнирге жартылай финал қосылды. Бұл сайысты одан әрі қызықты ете түсті.

Турнир ойын ережелерін жыл сайын ауыстырып отырды. 1994 жылы турнирдегі топтық кезең 4-еуге өсті. Соның әсерінен ширек финал қосылып, турнирдегі командалар санын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Командалар көбейген сайын ойындарда сыйақы да көбейе берді. Турнирдегі басты өзгеріс 1995 жылы енді. Онда топтық кезеңнің жеңімпаздарына екі емес, үш ұпайдан берілетін болды.

Араға уақыт салып, 1997 жылы тағы да өзгеріске ұшырады. командалар саны 24-ке дейін көбейіп, турнирде чемпиондар ғана емес, чемпионаттың басқа да командалары қатыса алатын болды. 1999 жылы турнирде командалар екі бірдей топтық кезеңді өткізуге мәжбүр болды. Кейіннен бұл жүйенің тиімсіздігінен 2003 жылы қазіргі жүйе орнап, одан соң ойынға өзгеріс енбеді. Көп жылдар бойы етіміз үйренген Чемпиондар лигасына қайта өзгеріс енуі мүмкін. Міне, Чемпиондар лигасының қысқаша тарихы осы. Ұзақ жылдар бойы футболдың айырылмас бөлігіне айналған турнирге жасалған бұл өзгеріс клубтарға қалай әсер ететіні белгісіз. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл клубтарға қаржылық жағынан өте пайдалы болмақ. Ал жанкүйерлерді ұмытылмас матчтармен бөлейтін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: