Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бестемше – балабақшада ойнатуға таптырмас ойын

09.11.2023, 11:00 631

Соңғы жылдары қазақтың ұлттық ойыны бестемшеге қызыққан қызылордалық балабақшалар саны артып келеді. Ол – баланың логикасын дамытуға арналған зияткерлік ойын. Сондықтан, оны балабақшада ойнатудың маңызы өте зор.

Астана қаласындағы №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова Қызылорда қаласында өткен «Тамыз кеңесінің» №2 панельдік сессиясында бестемше ойынының балабақша тәрбиеленушілеріне берері мол екенін айтты. Сондай-ақ, ұлттық ойынымыз – бестемше Елорданың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жақсы жолға  қойылғанын  жеткізді.

– Бестемше ойыны – қазақ халқының ақыл-ой ойындарының бірі. Бұл ойынға ұқсас ойындар Қырғызстан, Индонезия, Ява аралдары, Вьетнам, Малазия, Марокко және Түркияда кездеседі. Бұл ойынды 4-6 жастағы бала­бақша балалары ойнайды. Ойын арқылы баланың сөздік қоры артады, дос­тық қарым-қатынасы жақсарады. Сонымен қатар, баланың тек денесін ширатып, денсаулығын жақсартып қоймай, бойында стратегиялық және жүйелі  ойлау  қабілеті  қалыптасады, – деді  ол.

Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов бестемше ойынына қызығу­шылық өңірде де бар екенін айтып отыр. Сонымен қатар, бестемшенің сан түрлі пайдасы болатынын сөз етті. Жалпы айтқанда оны тоғыз­құмалақтың  жеңіл  түрі  деуге  келетіндей.

– Бестемше ойыны арқылы бала дербес шешім қабылдай алады. Балабақшада топтық түрде де ойнатуға болады. Жалпы алғанда, бестемше – то­ғызқұмалақтың жеңіл түрі. Ал, тоғызқұмалақтың көптеген пайдасы бар. Ең бастысы, зияны жоқ. Сол секілді, бестемше арқылы баланың ойлау жүйесі дамиды, жеңіс пен жеңілісті сезінеді, эмоцияны басқара алады, төзімділікке дағдыланады, саусақпен ұстау арқылы сезімталдық қасиеті оянады, мидың жұмысы жақсарады. Балабақша форматына бестемше секілді ойындар дәл келеді. Осы күні облысымыздағы балабақшалар бестемше ойынына қызығушы­лық  білдіріп келеді. Бұл бізді ерекше қуантып отыр, – деді ол.

Бестемшеге балабақшалар жаппай ден қойса да артық емес. Өйткені, балалар телефонға телмірген мына заманда ақыл-ойды дамытатын, баланың ой-өрісіне әсер ететін ойындардың көбейгені дұрыс.

– Біз 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап балабақшамыздың ересек тобына бестемше ойынын үйірме ретінде енгіздік. Бестемше – ұлттық әрі зияткерлік ойын. Зияткерлік дейтініміз, балалардың ақыл-ойын, логикасын, ұсақ маторикасын дамытуға көп әсер етті. Бірінші, біз ойынды балабақшаға енгізерден бұрын тәрбиешілерімізге үйреттік. Сосын аптасына 2 күнді бестемше ойынына арнадық. Және де сәуір айында «Ата мұрам – асыл қазынам» тақырыбында бестемшеге қатысты семинар өткіздік. Оған ауданда­ғы барлық балабақшадан мамандар қатысты. Семинар барысында бес­темшені ата-аналардың  қатысуымен де  ойнап көрдік. Пайдасы болмаса, зияны жоқ, – дейді  Сырдария ауданындағы №2 «Балдәурен» бөбек­жай-балабақшасының әдіскері Аружан Байділдаева.

Қызылордада мұнан бөлек бірнеше балабақша бестемше ойынына қызығушылық танытып отыр. Кейбірі баламен жұмыс үшін ойынды тереңі­рек зерттеуді бастаған. Енді бірі бестемше тақтасын тапсырыспен алдырып, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы тәрбиеленушілердің зияткерлік  қырын  ашып  көрмек.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: