Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал қаласында бокстан облыстық ашық турнир басталды

16.10.2026, 17:50 35

2026 жылғы 16 қазанда Арал қаласында 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай және «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу аясында 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында Ғабит Сайлаубайұлы Ибрагимовты еске алуға арналған бокстан облыстық ашық турнир басталды.

Байрақты бәсекеге Өзбекстан Республикасының Әндіжан қаласынан, Қызылорда қаласынан және облыс аудандарынан келген 10 команда құрамында 150-ден астам жас спортшы қатысуда. Жас боксшылар 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Турнирдің ашылу салтанатында Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Шалғынбайұлы Әлжанов сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, спортшылардың шеберліктері шыңдалып, тартысты әрі әділ бәсеке өтетініне сенім білдірді.

Шара барысында марқұм Ғабит Ибрагимовтың әкесі Сайлаубай Ибрагимов сөз сөйлеп, турнирді ұйымдастырушыларға және жарысқа қатысушыларға алғысын жеткізді. Сондай-ақ марқұмның ағасы Саламат пен жұбайы Айсәуле Ғабиттің өмір жолы мен жарқын бейнесіне тоқталып, оның есімін ұлықтаудың мән-маңызына тоқталды.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Қаракөз апамыздың Ғабит Ибрагимовқа арнаған өлең шумақтарын оқуы болды. Бұл тағылымды сәт жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, марқұмның рухына деген құрметті айшықтай түсті.

Турнирдің ашылу салтанатында жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және өскелең ұрпақ арасында спортқа деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Аталған турнир – жасөспірімдер боксындағы спорттық әлеуетті арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, жас буынды табандылық пен тәртіпке баулуға және Ғабит Ибрагимовтың есімін ұлықтап, рухына құрмет көрсетуге бағытталған тағылымды шара.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: