Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтын доп-2024. Рәсімдеу әділ өтті ме?

07.11.2024, 10:00 258

Бәрімізге белгілі, күздің ортаңғы айы – футболдың қыза түсетін, ерекше қарқын алатын шағы. Олай дейтін себебіміз, әдетте бұл уақытта ЧЛ-ның топтық кезеңі жалғасады, ішкі біріншіліктерде де ойындар толассыз, араға үш күн салып өтіп, жанкүйер қауымды риза ететіні бар. Онымен қоса жылдың үздік ойыншысы да осы айда марапат биігінен көрініп, басқа да жекелеген номинациялар сарапқа салынады. France Football-дың  алтын  добын  алу – кім көрінген ойыншыға бұйырмайтын бақыт. Бұл жүлдеге иелік ету үшін жылдап тер төгу керек, командамен де, жекелей де үздік ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлер сүйіспеншілігіне бөлену қажет. Соңғы онжылдық Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың екеуара қарсыластығымен өтті. Дәлірек айтқанда, 2008 жыл мен 2017 жыл аралығында ешкімге дес берген жоқ, алтын доп құдды сол екеуіне берілетін трофей болып, үшінші тарап үшін мәнін жоғалтты деуге болады. Тек 2018 жылдан бастап Мессидің де, Роналдудың да жалындай жанған кездері бірте-бірте аяқталып, номинация су жаңа иесін тапқан болатын. Ол сол жылы «Реал Мадрид» футбол клубымен ЧЛ-сын ұтып алып, артынша Ресейде өткен төртжылдық мундиалда ортаңқол Хорватия құрамасын алға сүйреп, сол турнирдің бірауыздан үздік ойыншысы атанған Лука Модричке бұйырды. Одан кейін Криштиану бұл трофейді жеңбесе де, Месси ұлттық құрамадағы жетістіктері үшін үш алтын допқа лайық деп танылды.

Таяуда ғана алтын доптың кезекті иесінің аты аталды. Жеңіске жеткен – Испания ұлттық құрамасы мен ағылшындық «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы Родри. Екінші орында – бразилиялық «Реал Мадрид» клубының ойыншысы Винисиус. Ал үштікті Винисиус Жуниордың командаласы әрі досы Джуд Беллингем түйіндеді. Алғашында Вини­сиус Жуниор бұл жүлдеде фаворит саналды. «Реал Мадрид» сапында озық ойынымен ерекшеленіп, гол салудан да, ассист беруден де тайынған жоқ. «Реал Мадрид» құрамында жүріп, ЧЛ жеңіп алумен қоса турнирдің үздік ойыншысы атанғаны тағы бар. Әрине, Месси мен Роналду үстемдік еткен тұстағыдай статистика көрсетпесе де өз қатарластарынан әлдеқайда жоғары деңгейде болғанын мойындауымыз қажет. Ерекше дриблингі мен допты ұстау қабілеті, сондай-ақ келген допты қақпа торына тоғытатын реализациясына қарап, биылғы алтын допқа сөзсіз фаворит саналды. Бірақ, Родридің де биылғы ерен еңбегін жоққа шығаруға болмайды. «Манчестер Сити» коман­дасының ойыншысының негіз­гі позициясы жартылай қорғаушы екенін атап өттік. Ол тек қорғаныста ғана емес, шабуыл­да да сәтті ойнады. Алыстан ойқастап беретін дирижер­лік диагонал пастары діттеген жеріне дәл бара­тын. Сонымен қатар, денесі ірі, физикалық тұрғыда мығым ойыншы қорғаныс аспектілерінде де өзге тіреуші жартылай қорғау­шылардан  артық  ойнамаса, кем  түскен жоқ. Бірақ, ЧЛ-сында Вини­сиустың командасы «Реал Мадридтен» жеңіліс тапты. Бұл ойын­да екі ойыншы да бой көрсе­тіп, бірақ нәтиже жағынан Винисиустың үстемірек болғаны  алтын доп иесі анықталған соң көңілге күдік ұялататыны айқын. Сарап­шылар бұл жерде Родридің Германияда өткен Еуропа чемпионатындағы жеңісі үлкен рөл ойнап тұрғанын айтады. Ал биылғы халық­аралық турнирлердегі екі ойыншының жеткендерін сарапқа салсақ, Винисиустың біраз артта қалатынын жасырмаймыз. Винисиус Америка біріншілігінде Бразилия ұлттық құрамасында тек 2 голмен көзге түсті. Ал құрамасы жартылай финалдан үйлеріне қайтты. Нақтырақ айтқан­да, Дарвин Нуньес, Федери­ко Вальверде бастаған жігіттерден опық жеді. Бұл фактор да Винисиустың жүлдеден  қағылуына  әсер  еткен  болуы  керек.

Салтанатты іс-шараның болуы да біраз жанкүйерді абдыратты. Неге десеңіз, бұған дейін белді футбол басылымдары Винисиус­тың алтын доп иеленетінін жарыса жазып, Родриді тіпті үздік үштікке қоспаған еді. ЧЛ мен Еуропа чемпионатын қатар жеңген Карвахальдың өзі Родридің алдында тұрған еді. Бірақ, рәсім болатын күні, яғни 28 қазанда ең атақты әрі сенімді инсайдер Фабрицио Романо тарапынан тосын ақпарат шықты. Ол өз арнасында Родридің алтын доп алатынын, сондай-ақ «Реал Мадридтің» жүлде табыс­тау іс-шарасына келмейтінін айтып, аяқдоп аламанын бір дүр сілкіндірген. Одан соң Родри­дің де, Винисиустың да бірінші орынға жайғас­қаны жайлы тың ақпараттар шығып, халық абдырап, кімге сенерін білмей қалды. Тек түнде болатын рәсімді күтті. Кейінірек Родридің жеңіске жеткенін көрген «Реал Мад­рид» жанкүйерлері бұл нәтижені тонауға балап, футбол тарихындағы ең масқара жайт деп  таныды.

Жалпы, бұл  «Реал Мадрид» жан­күйерлері  үшін  таңсық  жағдай  дей  алмаймыз. Олар Мессидің  2019, 2021, 2023  жылдары   алған  алтын  доптарын  да  дәл осылай айыптаған болатын. Футбол тарихында алтын допты әділетсіз алды деп саналатын санау­лы ойын­шы бар. Мәселен, 2003 жылы «Ювентус» ойыншысы Павел Недвед аталған трофейді жеңіп алған-тұғын. Сол жылдары француз футболшысы Тьерри Анри лондондық «Арсеналда» атой салды. Әрине, АПЛ-ге қол жеткіз­бегенімен, Арсен Венгер жетекшілік еткен «канонирлер» екінші орынды қанағат тұтты. 2000 жылдардың басында көптің наза­ры АПЛ мен Серия А-ға ауғаны бесенеден белгілі. Мойындау қажет, бәсекелес­тік жағынан да, жалпы көрермен жинау­дан да итальяндық лига бір саты жоғары тұрды. Тіпті 2002/03 маусымында ЧЛ финалына қос итальяндық команда шыққан болатын. Нақтыласақ, «Ювентус» пен «Милан» жолы­ғып, ақыр соңында «Милан» кубок иеленді. Қорғаныс шебінде жарқын ойын өрнегін көрсеткен Мадьдинидің де алтын доптан дәмесі бар еді. Бірақ, тақаған тұста ешкім сенім артпаған, шабуыл шебінде болса да статистикалық тұрғыда аса көзге көрінбеген чех ойыншысы күтпеген жерден алтын доп иесі атанды. Гол және пас жүйесі бойынша сол жылдың рекордын қойып, әмбебап шабуылшының прототипіне айналған Тьерри Анридің де жүлде иеленбегені көпті күрсінтті. Бұл нәтижеге расын айту керек, Недвед те дайын емес еді. Чехиялық пікірін табыстау рәсімінде еш жасырмастан білдірді. «Мен Анри, Зидан, Мальдини сынды белді ойыншылардан асып түсемін деп ойламадым. Не де болса, отбасым, клубым және елім үшін қуаныштымын. Қолдау білдірген әріптестеріме көп рақмет айтамын»  деді  ол.

Әрине, футбол – миллион емес, мил­лиардтаған жанкүйер сүйіп көретін спорт түрі. Сондықтан, қанша жанкүйер болса, сонша пікір мен көзқарас болатыны – қалыпты жағдай. Биылғы алтын допты Винисиус алу керек пе, әлде Родри лайық алды ма, мүмкін мүлде басқа ойыншы алуы керек шығар? Бұл сұраққа әзір объективті жауап бере алмаймыз. Кейбір сарапшы бұл UEFA-ның «Реалдың» президенті бастауды місе тұтқан Суперлига үшін кек деп жатыр, одан бөлек нәсіларалық теориялар да жоқ емес. Десе де, Родриді бірінші алтын добымен құттықтаймыз. Жартылай қорғаныс шебіндегі жігіттердің назардан таса қалып жатқандықтарын да жоққа шығармаймыз. Қанша сұмдық ойнаса да, бірде-бір алтын допсыз кеткен Хави, Иньеста, Пирлолар «бір аунап» тұрған  шығар…

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: Ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: