Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әріптесіміз Грузияда «Үздік шабуылшы» атанды

01.11.2021, 16:45 444

HALYQLINE.KZ  Грузия астанасы Тбилисиде КСРО-ның атақты комментаторы Котэ Махарадзені еске алуға арналған журналистер арасындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті. ТМД-ның кіл мықты 8 командасы қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы «В» тобында өнер көрсетті. Кіл мықты деуіміздің де өзіндік себебі бар. Соңғы рет Египетте өткен журналистер арасындағы әлем чемпионатында үздік өнер көрсеткен 8 команда осы жарысқа арнайы шақыртылған.

Жандос Айтбай, Айбек Қабылша, Нұрсұлтан Құрман, Әділбек Жақанов, Ермек Төрениязов, Әзиз Жұмаділ, т.б. қазақстандық журналистер турнирде топ жармаса да, ұйымдастырушылар тарапынан жоғары баға алған. Аталған жарыста қызылордалық журналист Әділбек Жақанов «Үздік шабуылшы» атанды.

– Ойын туралы айтар болсам, 4 ойын өткізіп, 2 ойында жеңіп, 2 ойында жеңіліс таптық. Бірақ, бұл турнирдің мақсаты – жеңу ғана емес, журналистердің әріптестік байланысын нығайту. Жарыс ұйымдастырушылары Қазақстан құрамасының ойынына жоғары баға берді. Және сол турнирде 5 гол соққан еңбегімді елеп, «Үздік шабуылшы» деген номинацияға лайық көрді. Бұл – команданың ортақ жемісі. Әйтпесе, жалғыз ойыншы команда бола алмайды, – деді «Qazaqstan» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Серікұлы.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде журналистер арасындағы турнирлер жиі-жиі ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қаламгерлердің арасында «БАҚ лига» құрылып, өз жұмысын жүргізуде. Басқа да қалаларда журналистер жергілікті әуесқойлар лигасында доп теуіп, саламатты өмір салтын сақтауда өз белсенділіктерін танытуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: