Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемнің үздік аяқдопшылары бір командада доп тепсе…

30.11.2023, 11:20 241

Футбол жанкүйерлерінің қай-қайсысы да кей кезде қиялға ерік беріп, «әр ғасырдың ең үздік деген ойыншыларының басы біріксе қалай болады екен?» деп ойлаған шығар. Рас, құрлыққа, клубқа, ұлтқа, уақыт еншісіне қарамай, әр позицияның үздік ойыншысының басын біріктіріп, ойната алмаймыз. Бірақ, фантазияға кім кедергі? Өз нұсқамызбен жасаған жалпы футболдың үздік құрамын назарларыңызға ұсынсақ.

Қақпашы:  Джандлуиджи Буффон

Әрине, осы тұста көбі келіс­пеуі мүмкін. Себебі, футбол тарихында мықты дәрежеде ойын өрнегін көрсеткен қақпашылар жетерлік. Қанша футбол жанкүйері болса, сонша ой болатыны даусыз. Әсіресе кеңес зама­нында өмір сүргендер Лев Яшинді бұл позицияға лайық санауы әбден мүмкін. Не десе де Буффонның аты – Буффон. Өзінің клубтық карьерасын­да да, ұлттық құрамадағы мансабында да  қырағылығымен, көшбасшылық  қабілетімен, ең бас­тысы, тұрақтылығымен көзге түскен. «Ювентус» сапында жүріп Чемпион­дар  лигасын  жеңе  алмағанымен, Италия ұлттық құрамасымен 4 жылда бір келетін  мундиалдың жеңімпазы атанды.

Сол жақ және оң жақ қорғаушылар (литералдар)

Қапталдағы қорғаныс шебі футболдағы ең қиын әрі жауапкершілікті талап ететін позиция шығар, сірә. Қапталмен жүйткіп, қорғанысқа да, шабуылға да араласып, жанын берген футболшылардың да біразын білеміз. Алайда, бұл позицияларға итальяндық «Милан» клубының капитаны, тасқамал қорғаушы, 5 дүркін Чемпиондар лигасының иегері Паоло Мальдини мен немістің машинасы саналатын «Бавария Мюнхен» футбол клубының оң жақ қорғаушысы, қорғаныс шебінде жүрсе де ешқашан қызыл қағаз алмаған, подкаттың королі, сондай-ақ Чемпиондар лигасы мен Әлем чемпио­натының да жеңімпазы атанған Филипп Ламды лайық көрдім.

Орталық қорғаушылар: Франц Беккенбауэр және Серхио Рамос

Бұл екеуіне қарсы ешқандай ша­буыл­шының ойнағысы келмейтіні айдан анық. Франц Беккенбауэр – әйгілі неміс қорғаушысы, тек қана өзінің қорғаныс шебіндегі қабілеттерімен ғана емес, орталық жартылай қорғаныс шебіндегі елеулі ойынымен есте қалған. Еуропа чемпионаты мен Әлем чемпионатының алтын жүлдегері, ең әмбебап ойыншы. Ал Серхио Рамос жайында айтпасақ та белгілі шығар. Футбол жанкүйерлеріне агрессиясымен, түкті жүрегімен, көшбасшылығымен таныс. 2004 жылдан бері мадридтік «Реал» құрамында жүріп, 5 мәрте Чемпиондар лигасын, Испания құрама командасы­мен 2010 жылы Африка құрлығында өткен  Әлем  чемпионатын жеңіп  алған.

Орталық жартылай қорғаушылар: Зинедин Зидан, Йохан Кройфф, Диего Марадона

Үшеуі де өз заманының феномені болған, футболға тың серпіліс берген ойыншылар. Йохан Кройффты таңдау себебім – оның креативті ойыны, техникасы, модернизм футболына қосқан үлесі. Марадона жайында бәріміз білетін шығармыз. Аргентиналық «гений», Латын Америка футболының да, Еуропа футболының да ұлы аңызы. Ал Зидан болса, 2000 жылдардағы барша футбол жанкүйерінің сүйікті ойыншысы, футбол элеганты. Зиданның физикасы, қорғаныс шеберлігі Кройфф пен Марадонаға қарағанда әлдеқайда жақсы. Сондықтан ол тежеуші жартылай қорғаушы болады да, Кройфф пен Марадона алдыңғы шепке көмектесіп, диспетчерлік рөл атқарады.

Шабуылшылар: Криштиану Роналду, Пеле, Лионель Месси

Құрамымыздың ең маңызды тұсына да келіп жеттік. Сол жақ шабуыл шебінде Роналдудың болатыны сөзсіз. Нағыз шабуылшының прототипі, физикалық қабілет пен техникалық қабілетті ұштастыра білген, әлемнің ең үздік сұрмергені. Орталық шабуылшы – Пеле. Пелені күллі футбол жанкүйері «Футбол құдайы» ретінде таниды. 3 мәрте әлем чемпионы атанған, футболдың таным-түсінігіне ерекше өзгеріс алып келген аяқдопшы. Оң жақ шабуылшыға футбол тарихындағы ең үздік ойыншы, 8 дүркін алтын доп, 4 дүркін Чемпиондар лигасы, 1 мәрте Әлем чемпионатын жеңген, бомбардир әрі плэймейкер, дриблинг королі Лионель Мессиден басқа ойыншыны кандидатураға қоюдың  өзі  үлкен  қателік  шығар.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: