Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдік «футбол тойының» мәресі

02.06.2022, 10:00 477

Биылғы жылы қалың көпшіліктің назарын аударған мәртебесі жоғары бес бірдей біріншілік өз мәресіне жетті. 2021 жылдың тамыз айында басталған чемпиондыққа талас бір демде өтті десек те болады. Көптеген қызық болды, қаншама рекорд жаңартылды. Чемпионаттардың басы қарқынды басталып, барлық команда кубок үшін жанталасты. Маусым аяғында бірі қуанып, бірі жылады. Бұл жылғы топ-5 елдің футбол турнирі тарих қойнауындағы кейбір жылдарға қарағанда қызықты әрі интригаға толы өтті. «Сен тұр, мен атайын» деп құлшынған клубтар футбол жанкүйерлеріне ұмытылмастай көңіл күй сыйлады. Мезгілсіз өз өмірін ала доптың артынан қуалауға арнаған футболшыларға алғысымыз шексіз. Біз тілге тиек еткен осы жайттарды енді қысқаша түсіндіріп  кетейік.

Сәуір айының 23-і мен 24-і Германияның Бундеслигасы және Францияның Лига-1 турнирлері өз жеңімпазын анықтады. Өз уақытынан 1 ай бұрын аяқталған біріншіліктерде футболдағы «неміс машинасы» деген лақап атқа ие мюнхендік «Бавария» мен париждік «Пари-Сен-Жермен» жеке-дара көш бастады. «Бавария» клубы ел біріншілігін  10 рет қатарынан қанжығасына байлады. Ал команданың үздік сұрмергені польшалық шабуылшы Роберт Левандовский екінші рет мәрте алтын бутсыға қол жеткізді. Бундеслигада осы маусымда 34 рет ойынға шығып, 35 рет қақпаның саңылауын тапқан. Францияда үстемдік құрған париждік клуб та өз тарихында оныншы рет Лига-1 чемпионатын араға бір жыл үзіліс салып иемденді. Осы турнирде клубтың үздік ойыншысы ретінде Килиан Мбаппе танылды.  Еліндегі барлық жеке марапатқа лайық  болған ойыншы «Пари-Сен-Жерменнің» тарихындағы  екінші  үздік  сұрмерген атанды және командамен 2025 жылға дейін жаңа келісімшартқа отырды. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Килиан ең көп жалақы алатын ойыншы ретінде алдағы жылдарын өткізеді.

Таласқа лиганың соңғы ысқырығы шалыну керек кезге дейін ойнаған тартысқа толы екі чемпионат болды. Атап айтсақ, Италияның Серия А турнирі, Англияның ағылшын премьер-лигасы жанкүйерлердің ерекше назарын өздеріне аудартты. Бірінші ойында мен алда, екінші ойында ол алда дейтіндей талас жүрді. Чемпион біріншіліктің соңғы ойындарында белгілі болды. Англияда бір ұпай айырмашылығымен «Манчестер Сити» «Ливерпульдан» басым түсті. Италияда екі ұпай артықшылығымен «Милан» клубы «Интер» командасынан бір бас жоғары болды. Биылғы осы аталған қос чемпионат футбол көрермендерінің есінде біразға дейін қалары сөзсіз. Жеңімпаз атанған «Манчестер Сити» де, «Милан» да командалық ойынның озық үлгісін паш етті.

Қорытынды сөз өз лигасында да, Еуропаның басты доп додасы Чемпиондар лигасында да топ жарған испаниялық «Реал Мадрид» жайлы болмақ. Ла лигада басты қарсыласы «Барселона» осы маусымда қаржылық мәселелерге байланысты сүреңсіз ойын көрсетті. Ал қаймақ түстілер тиісінше ешқандай мәселесіз барлық испандық командалардан өзіне керек ұпайларды жинап отырды. Испаниялық клубтар әр ойын сайын жиі ұпай жоғалтқандықтан, «Реал Мадрид» уақытынан бұрын турнир жеңімпазы атанды. Әлем назарын аударған Чемпиондар лигасында да қарсыластардың барлығынан айласын асырып, қалқанқұлақ кубокты басынан асыра көтере тойлады. Финалға дейінгі жүріп өткен жолдарында Францияның мықтыларын, Англияның дүлділдері атанып кеткен үш клубты жолдан ысырды. Мадридтік команданың чемпиондық мінезі қарсыластың қарымды қауқарынан әрқашан басым болды. Мың құбыла допқа бақылау жасап, түрлі дүниелерді аяқасты ойлап тауып, әлемді шулатқан корольдік клуб Чемпиондар лигасын өз тарихында 14 рет жеңіп отыр. Бұл межені бұған дейін ешқандай команда жасамаған, тіпті қарсыластарынан екі есе, үш есе басымдық көрсеткішімен «Реал Мадрид» алда тұр. Осы орайда биыл  тамаша  маусым  өткізген  Карим Бенземаны атап өткен жөн. Биыл барлық  турнирді  қоса  есептесек, 49 гол соғып, 15 голдық пас жасаған француздық шабуылшы «Алтын доп-2022» жеке жүлдесіне лайықты болды. Жүлденің  иегері 2022 жылдың 17 қазанында анықталады. Әлем назарын аударған басты футбол маусымы дәл осындай нәтижелерде өз мәресіне жетті.

Нұрдәурен  ЖӘРДЕМХАН,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: