Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем  чемпионатындағы  ең  түсініксіз сәттің  шынайы  сыры: күлкі  болған  Конго  құрамасы  неліктен  олай  жасады?

23.07.2026, 6:20 24

Футбол тарихындағы ең оғаш көріністердің бірі 1974 жылғы әлем чемпионатында тіркелді. Бразилияға қарсы кездесуде Заир (қазіргі Конго Демократиялық Республикасы) құрамасының қорғаушысы Мвепу Илунга қарсылас айып добын орындауға дайындалып жатқанда, кенет қорған қабырғасынан жүгіріп шығып, допты бар күшімен алысқа теуіп жібереді. Төреші оны бірден сары қағазбен жазалады. Ал миллиондаған көрермен бұл әрекетті футбол ережесін білмейтін ойыншының күлкілі қателігі деп қабылдады. Бірақ шындық мүлде басқа еді.

1974  жылғы  әлем  чемпионаты Заир үшін тарихи турнир болды. Өйткені бұл ел Сахараның оңтүстігіндегі Африкадан әлем чемпионатына жолдама алған алғашқы мемлекет атанды. Оның үстіне Заир сол жылы Африка чемпионы атанып, үлкен үмітпен Батыс Германияға келген еді. Алайда дебют сәтсіз өтті. Алғашқы кездесуде Шотландиядан 0:2 есебімен жеңілді. Кейін Югославиядан 0:9 болып ойсырай ұтылды. Бұл әлі күнге дейін әлем чемпионаттары тарихындағы ең ірі жеңілістердің бірі саналады. Турнирді Бразилиядан 0:3 есебімен жеңіліп аяқтады. Нәтижесінде Заир үш матчта 14 гол жіберіп, бірде-бір  доп  сала  алмады. 

Дәл осы Бразилиямен өткен кездесуде футбол тарихына енген әйгілі эпизод болды. Көпшілік жылдар бойы Илунга айып добының ережесін білмеген деп келді. Тіпті бұл сәт әлем чемпионаттарының ең күлкілі көріністерінің бірі ретінде түрлі телебағдарламада көрсетілді. Африкалық футболшылардың деңгейіне күмән келтіргендер де аз болған жоқ. 

Алайда, арада  бірнеше  жыл өткен соң Илунганың өзі бұл әрекетті әдейі жасағанын айтты. Оның сөзінше, мәселе футбол ережесінде емес, елдегі саяси жағдай мен құраманың ішкі мәселесінде болған. Ойыншыларға әлем чемпионатына шыққаны үшін уәде етілген сыйақы берілмеген. Бұған қоса, елді сол кезде басқарған диктатор Мобуту Сесе Секоның режимі футболшыларға қатты қысым көрсеткен. Кейбір дерекке сәйкес, Югославиядан 0:9 есебімен жеңілгеннен кейін президент күзетшілері ойыншыларға Бразилиядан төрт доп айырмасынан көп ұтылса, елге қайтқанда ауыр жазаға тартылатынын ескерткен. Бұл қауіптің қаншалықты нақты болғаны жөнінде тарихшылар арасында пікірталас бар, алайда құраманың үлкен қысым көргені даусыз. 

Илунга кейін берген сұхбаттарының бірінде: «Мен мұны әдейі жасадым. Футбол ережесін жақсы білдім. Тіпті қызыл қағаз аламын деп ойладым. Бірақ төреші тек сары қағаз көрсетті» деген болатын. Оның айтуынша, бұл әрекет әрі уақыт ұтуға, әрі өздерінің жағдайына назар аудартуға жасалған қарсылық еді.

Бұл  оқиға  ұзақ  жылдар  бойы мазаққа  айналғанымен, уақыт өте  келе  оған  деген  көзқарас өзгерді. Қазір  көптеген  футбол тарихшысы Илунганың  әрекетін сауатсыздық емес, қысымға ұшыраған спортшының шарасыз қадамы ретінде бағалайды. Бір ғана бейнежазба тұтас бір ұлттың футбол тарихына көлеңке түсіргенімен, оның артында саясат, жемқорлық, орындалмаған уәделер және адам тағдыры тұрғаны кейін белгілі  болды.

Қызық  дерек: Заир құрамасы 1974 жылы әлем чемпионатына қатысқаннан кейін жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл турнирге қайта жолдама ала алмады. Ел кейін Конго Демократиялық Республикасы атауына  қайта  оралды. Тек  2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алып, 52 жылдан кейін әлемдік додаға қайта қатысу мүмкіндігіне  ие  болды.

Дайындаған А.АБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: