Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем  чемпионаттарындағы  қызықты  оқиғалар

13.05.2026, 5:30 34

HALYQLINE.KZ

2026 жылы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл бірден үш мемлекет қабылдайтын алғашқы мундиаль болмақ. Әлем назарын аударатын додаға дейін футбол тарихындағы ең қызық сәттер мен ерекше оқиғаларды еске алудың өзі – бір ғанибет.

Әлем чемпионы кубогын ұрлап кеткен

1966 жылғы әлем чемпионаты алдында Англияда Жюль Риме кубогы көрмеге қойылады. Бірақ бірнеше күннен кейін белгісіз біреулер оны ұрлап кетеді. Полиция қанша іздегенімен, кубок табылмай қалады. Кейін оны Лондонда қарапайым «Пиклз» атты ит бұтаның арасынан тауып алған. Осы оқиғадан кейін ит бүкіл елге танымал болған.

Финал алдында жоғалып кеткен жұлдыз

1978 жылғы мундиаль кезінде Йохан Кройф әлем чемпионатына қатыспай қалады. Көпшілік мұны саяси себеппен байланыстырған. Алайда кейінірек Кройфтың отбасы ұрлық пен қарулы шабуылға тап болғаны, сол себепті турнирге барудан бас тартқаны белгілі болды.

«Құдайдың қолы»

1986 жылғы әлем чемпионатындағы ең атақты эпизодтардың бірі – Диего Марадона соққан гол. Англия қақпасына салынған допта Марадона қолмен ойнағанымен, төреші байқамай қалады. Кейін футболшы бұл сәтті «Құдайдың қолы» деп атаған. Арада бірнеше минут өткен соң ол тарихтағы ең әдемі голдардың бірін соғып, бес ойыншыны алдап өткен еді.

Әлем чемпионы болып, медальсыз қалған ойыншы

1930 жылғы алғашқы әлем чемпионатында Уругвай жеңіске жетеді. Бірақ сол құрамдағы кей футболшыға медаль жетпей қалған деген дерек бар. Себебі ұйымдастырушылар нақты қанша ойыншы қатысатынын дұрыс есептемеген.

Зиданның баспен соққысы

2006 жылғы финалда Зинедин Зидан өзінің соңғы матчында күтпеген әрекетімен есте қалды. Италия қорғаушысы Марко Матераццимен сөзге келіп қалған Зидан қарсыласының кеудесіне баспен соққы жасап, қызыл қағаз алды. Франция кейін пенальти сериясында жеңіліп қалды.

Ең жылдам қызыл қағаз

1986 жылғы әлем чемпионатында уругвайлық Хосе Батиста небәрі 56 секундта алаңнан қуылды. Бұл рекорд әлі күнге дейін жаңармаған.

Футбол тарихындағы ең күтпеген нәтиже

1950 жылғы әлем чемпионатында АҚШ ұлттық футбол құрамасы Англияны 1:0 есебімен жеңіп кеткен. Ол кезде ағылшындар әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі саналатын, ал америкалықтардың көбі жартылай әуесқой футболшылар болған.

Бір ел – екі әлем чемпионаты

Мексика әлем чемпионатын екі рет қабылдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Елде 1970 және 1986 жылғы мундиальдар өткен. Ал 2026 жылғы турнир арқылы Мексика бұл доданы үшінші рет қабылдайтын алғашқы ел атанбақ.

Әлем күтетін жаңа турнир

2026 жылғы әлем чемпионаты бұрынғыдан да ауқымды өтпек. Турнирге алғаш рет 48 құрама қатысады. Матчтар АҚШ, Канада және Мексиканың бірнеше қаласында ұйымдастырылады. Футбол жанкүйерлері жаңа жұлдыздардың шығуын, жаңа сенсациялар мен тағы да тарихта қалатын сәттердің болуын күтіп отыр.

Дайындаған А.АБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: